Ақынға-айрықша құрмет
Хазар теңізі жағалауынан Қазақ даласына сүйіншілеген хабар жетті. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ Бакудегі әйгілі Махмұд Қашқари атындағы халықаралық қордың «Махмұд Қашқари – 1000» медалімен марапатталды.
Бұл ретте, 1029-1101 жылдар аралығында өмір сүрген түрік ғалымы «Диуани лұғат ат-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») атты еңбегімен әйгілі екенін де айта кетуіміз керек. Аталған қор президенті, Әзірбайжанның көрнекті ақыны Эльхан Зал Қараханлының қолы қойылған медаль куәлігінде «Түрік мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген көрнекті қызметі үшін Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Махмұд Қашқари атындағы халықаралық сыйлықпен марапатталады» деп атап көрсетілген.
Ақын Арқа топырағына да жат емес. Сонау 2011 жылы Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған мүшәйрада Бас жүлдені иеленгенін қалай айтпай қалайық? Кейін, академик Ғарифолла Есім «Ақын Ұлықбек Есдәулетовтің «Қасым құдығы» деп аталатын өлеңі, ол – шын мәнінде біртума үлгі (шедевр). Қасым аруағына нағыз тарту. Ендігі жерде «Қасым құдығы» рәміздік мазмұнға еніп, ел баратын жерге айналары сөзсіз. Бұл – ақын тойының тәбәрігі» деп лайықты бағасын да берген болатын. Өңір тарихын өрге сүйреген шайырдың қаламынан қуат кетпегей!
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»