Жаңалықтар

Ағылшын тілі һәм Алаш баласы

Біз ақпарат тасқыны көз ілеспес шапшаңдықпен таралатын цифрлық заманда өмір сүріп отырмыз. Бүкіл әлемді «Шағын ғана базарға» айналдырған мұндай ашық қоғамда ұлт және жеке адам ретінде бәсекеге төтеп беру, өзіңді жоғалтпау және өзгеге мойындата білу – оңай шаруа емес. Бұған «Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінез», «Азғырылмайтын ақыл», «Арды сақтарлық беріктік, қайрат», «Босамайтын буын» қажет! Осы сөздерді айтқан һӘкім Абай қазіргі ХХІ ғасырда өмір сүрген болса, «Ағылшынша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі ағылшында (ағылшын тілді әлемде) тұр» деп айтқан болар еді.

Ақиқатында бүгінде дүние жүзінде қорғалатын ғылыми еңбектердің 85 пайызы ағылшын тілінде жарияланады. Сонда өзге тілдердің үлесі барлығын қоса алғанда 15-ақ пайыз болып тұр.

Ағылшындар мен орыстарда орныққан «generating ideas» немесе «генерация идеи» деген термин бар. Қазақша – ой тудыру. Осы «ой тудыру» – керемет нығмет. Ұлтты да, жеке адамды да еркіндікке, игілікке жетелейтін төте жол. Ой тудыру үшін заманға лайықты білім қажет. Ағылшын тілі осы әлемге жол ашады.

Алайда, Алаш баласы ағылшын болып кетпеуі тиіс. Ағылшын тілді әлемдегі ғылымбілімді, технологияны меңгере отырып, сол алған ақпаратын, түсінігін өз ұлтына, ұлттық болмысына лайықтап, жаңа, жасампаз, тың идеялар тудырғаны абзал. Сонда ғана біз жаһандану заманының көшіне ілесеміз, тіпті, қай бір салада көш басына шығуымыз шарт.

Ағылшын тілін меңгеруге әдіс керек, қазақ тілін теңгеруге намыс керек!

Ана тіліміздің айдарынан жел есуі үшін, біз қазақ тіліндегі ақпаратты көбейтуіміз өте қажет іс. Өмірдің барлық саласында қолданылатын тіл ғана өміршең, тіршіліктің барлық қажетін өтеуге лайықты тіл ғана тартымды.

Теріс ойды тастап, ағылшынша үйренуді бастап кетсек, қазақ тілі ағылшын тілімен иық теңестіре алады.

Бұл – құр қиял емес!

Бұл – үлкен мұрат әрі Алаш баласы іске асыра алатын нақты мақсат!

Ернат МЕЛСҰЛЫ,

«Ағылшынша тіл сындыру» тұңғыш өз бетімен тіл үйрену құралының авторы.

Басқа материалдар

Back to top button