Жаңалықтар

Ақылшы, ақынжанды азамат еді

         Досымыз Науқанбай ӘДЕКЕНҰЛЫНЫҢ арамыздан кеткеніне, міне, бір жыл өтті. Бірақ, аяулы, жарқын бейнесі көңілімізден өшпей, әлі де жанымызда жүргендей…
Науқанбайды мектепте оқып жүрген кезінен білемін. Менен 3 сынып жоғары оқыды. Одан кейін бізді жақындатқан институт болды. 1966 жылы оқуды бітіріп келгенде Науқан Егіндібұлақ ауданында, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас агроном болып жұмыс істеп жүр екен. Содан мен «Арқалық» совхозына бас агроном қызметіне тағайындалып, осы өңірге келдім. Міне, осы кезден бастап біз етене араласып кеттік.
Науқанбай Әдекенұлы 1939 жылы 15 қыркүйекте Қарқаралы ауданы Жәнібек ауылында дүниеге келген. Орта мектепті Егіндібұлақ елді мекенінде ойдағыдай аяқтап, 1962 жылы Қазақ ауыл шаруашылық институтын тәмамдап, еңбек жолын агроном мамандығы бойынша Егіндібұлақ ауданында бастаған.
Осы жылдары Науқанбай агрономия саласындағы маман ретінде шыңдалып, «ГАЗ» машинасын өзі жүргізіп, егістік алқаптарынан, қырман басынан жиі көретінбіз.
ХХ ғасырдың 60-шы жылдары Қарқаралы зооветеринарлық техникумында агрономия пәнінің мұғалімі болып сабақ берді. Сол кездегі ұстаздық жолында төгілген тері мен еңбегі зая кеткен жоқ. Жас ұрпақты ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелеп, талай мамандарға өмірлік жолдама берді. Оның мектебінен өткен кешегі шәкірттері осы уақытта адал еңбек етіп, ұстаздарының ісін жалғастырып келеді.
Науқанбай Әдекенұлы кейін Егіндібұлақ ауданы ауыл шаруашылығы басқармасына бас агроном, ал 1970 жылы Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік ауыл шаруашылығы өнімдері сапасы мен сатылымын бақылау инспекциясына бас инспектор болып тағайындалды.
80-ші жылдардан бастап Қарағанды облыстық атқару комитетінде аға референт-хатшы, агроөндіріс бөлімі басшысы қызметтерін атқарды. 1992-1997 жылдар аралығында, зейнеткерлікке шыққанға дейін облыс әкімі орынбасарының кеңесшісі болып қызмет етті.
Науқанбай өте қарапайым, өз саласының білгір маманы, жақсы кеңесші, адамгершілігі өте жоғары, ешкімнің ала жібін аттамаған абзал азамат еді. Облыстық деңгейдегі лауазымды қызметтерде көп жыл қызмет атқарды. Өзін жоғары білікті маман, Елбасының мемлекеттік қызметшіге қойып отырған биік талабына сай келетін білгір азамат ретінде таныта білді. Мен оны өмір бойы туған ағамдай, жасы үлкен болса да досымдай, әрі ақылшы ретінде үлгі тұттым. Өз басымда қандай қуаныш, қиыншылық болса, осы Науқанмен бөлісіп тұрдым. Әрине, бұл үлкен сыйластықтың, шынайы көңілдің белгісі деп білемін.
Науқанбай Әдекенұлы бірге жұмыс істеген әріптестерінің арасында құрметке және лайықты беделге ие болды. Адалдығы мен шыншылдығы ол кісінің бойындағы ерекше қасиеттері болатын. Өз өмірінде Отанымыздың белгілі азаматтарымен иықтас, қызметтес болды. Облыстың басшыларымен абыройлы жұмыс атқарып, еңбек жолында үлкен табыстарға жетті.
Көп жылдар бойы Орталық Қазақстанның экономикасы мен ауыл шаруашылығын дамытуға белсенді атсалысып, өңіріміздің өркендеуіне септігі тиген ел ағалары Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетов, Яков Афанасьевич Пазенко, Тұрсын Төреғожаұлы Төреғожин, Виктор Никонорович Мирза секілді білікті, майталман азаматтармен қоян-қолтық жұмыс атқарып, өңіріміздің экономикасының көтерілуіне қомақты үлесін қосқан, ауыл шаруашылығы саласының білімді де білгір басшысы десем, артық айтпағаным. Мен білген Науқанбай – сөзі кесімді, қайырымы мол, әділ адам еді. Несін жасырайық, мұндай дегдарлық мінез шенеуніктер, партия қызметкерлері арасында сирек кездесетін еді ғой.
Науқанбай өзінің кәсіби біліктілігімен ғана емес, сонымен қоса, ақындық өнерімен де даралана білді. Риясыз көңілмен жазылып, жүректен шыққан сөз жүрекке жол табары белгілі. Сырлас дос-жарандарына, жақындарына арнап жазған өлеңдерінен, жыр жолдарынан сезім шынайылығымен өрілген жан жылулығы сезіліп тұрғандай. Ақын жанды азамат еді. Отырыс, жиындарда суырып салма ақындығымен, батагөйлігімен ерекше көзге түсетін.
Үлгілі еңбегімен, жақсы қасиеттерімен ел арасында сыйлы болған Науқанбай Әдекенұлы өңірге белгілі әулеттің тамырына нәр беріп кетті. Ол – отбасының ұйытқысы, асыл жар, мемлекетке, халқына адал қызмет атқарып жүрген ұл-қыз тәрбиелеген аяулы әке, немерелерінің сүйікті атасы бола білді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген үлкен жүректі азамат еді.
Науқанбайдың жарқын бейнесі әрқашанда жүрегімде сақталады. Науқанның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дегім келеді. Оның көрмеген қызығын, жасамаған жасын балаларына нәсіп етсін деймін.

Амантай РАХЫМҰЛЫ,
Қарқаралы, Бұқар жырау аудандарының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button