Қарағандыда 3665 үй орталық газ жүйесіне қосылған
«Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлы ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет», – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты кезекті Жолдауында. Ел Президенті ерекше атап өткен бұл стратегиялық мақсат еліміздегі барлық саланы қамтыған ауқымды цифрлы трансформацияға жол ашып отыр. Десе де, цифрлы технологияларды енгізу және оны күнделікті өмірде пайдалану тұрғысынан еліміз көп елден көшілгері екені де белгілі. Бүгінгі таңда бұл үрдіс тұрмыстық газбен жабдықтау жүйесіне де сәтті енгізіліп, қарапайым халыққа айтарлықтай жеңілдіктер әкелгені сөзімізге дәлел.

Газ – игілік һәм жауапкершілік
Цифрлы технология – уақыт талабы. Газ саласындағы бұл тың бастама ыңғайлылығымен қатар, қауіпсіздік, өмір мен денсаулықтың кепілі болатыны елді қуантып отыр. Себебі, газ – қуатты, пайдалы, бірақ, аса сақтықты қажет ететін ресурс. Әсіресе, жылыту маусымы қарсаңында еліміздегі әр үйдің қауіпсіздігі басты назарда болуы керек-ақ.
Осы орайда «QazaqGaz Aimaq» компаниясы газды тұрмыста қауіпсіз әрі тиімді пайдалану жолдарын, жаңа цифрлық сервистер мен әлеуметтік қолдау тетіктерін ұсынды.
«QazaqGaz Aimaq» Қарағанды өндірістік филиалының сервис қызметі бөлімінің басшысы Бақтыбек Айнағұлов газды күнделікті өмірде қолдануда жіберілетін қарапайым қателіктердің кейде қайғылы оқиғаларға себеп екенін айтады. Мәлімдеуінше, табиғи газдың негізгі компоненті – метан. Метан ауаға қарағанда жеңіл болғандықтан, үй ішінде газ шыққан жағдайда жоғарғы қабатқа жиналады, бұл – жарылыс қаупінің негізгі факторы.
– Тұрғындар газ құрылғыларын қосар алдында міндетті түрде бөлмені желдетуі тиіс. Сонымен қатар, әрқашан газды тұтатқанда алдымен сіріңке жағып, содан кейін ғана газ кранын ашу керек. Бұл – қарапайым қағида, бірақ, көбі назарға алмайды, – деп баса ескертті Бақтыбек Айнағұлов.
Одан бөлек, Бақтыбек Нұрғазыұлы газ құралдарын пайдалану барысында өртке қауіпті заттарды жақын жерде сақтамау, киім-кешек пен басқа да заттарды от көзінің үстінде кептірмеу, желдету жүйесінің жұмысын үнемі бақылау, жылына кемінде бір рет техникалық қызмет көрсетудің аса қажет екенін қатаң түрде ескертеді. Сонымен бірге, вентиляциялық арналардың төбеден кемінде 20 см төмен орналасып, ешқашан бөгде заттармен жабылмауы тиіс екендігін де алға тартты.
– «Жақында Теміртаудағы «QARMET» кәсіпорнын толық газға көшірдік. Бұрын бұл алып өндіріс ошағы мазут пен коксты қолданатын. Енді табиғи газды қолдану арқылы қала ауасына бөлінетін зиянды қалдықтардың көлемі едәуір азаяды. Мұны технологиялық жетістік деп қана емес, экологияны қорғау жолындағы жеңіс десек, артық айтқандық емес, – дейді Бақтыбек Айнағұлов.
Қазіргі таңда Қарағанды қаласының өзінде Қазыбек би ауданының Михайловка және Жаңа қала бөліктерінде 3665 үй орталық газ жүйесіне қосылған. Бұл – өңірдегі ірі газдандыру жобасының маңызды кезеңдерінің бірі.

Уақытты үнемдеп, қауіпсіздікті арттырыңыз
Бүгінгі таңда газ көрсеткіштерін тапсыру, төлем жасау және есеп-қисапты бақылау сынды қызметтердің барлығы – «QazaqGaz Aimaq» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асады. Бұл қосымша тұтынушылардың өмірін едәуір жеңілдетіп қана қоймай, дер кезінде және нақты есеп беруге зор мүмкіндік беріп отыр.
Бұл туралы «QazaqGaz Aimaq» компаниясының газбен жабдықтау және тұрмыстық қызмет көрсету басқармасының бас маманы Нұрхан Есенгельдиев кеңінен айтып берді.
– Бұрын тұрғындар WhatsApp арқылы мамандарға көрсеткіш жіберетін немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, ай сайынғы есепті тапсыру үшін кезек күтетін. Бұл ыңғайсыз әрі елдің уақытын ұрлайтын әдіс еді. Енді бәрі цифрлық жүйеге көшіп отыр. Қосымша арқылы есептегіш көрсеткіштерін жылдам енгізуге, тұтыну тарихын көруге, төлем мерзімі мен сомасын бақылауға болады, – деді Нұрхан Есенгельдиев.
Осы орайда аталған қосымшаның артықшылықтары тұрғындардың көңілінен шыққанын атап айту керек. Мәселен, тәулік бойы қолжетімділік, адами фактордың азаюы (қате мәлімет енгізу, кешігу, ұмыт қалдыру), ашықтық пен есеп айырысудың толық көрінісі және техникалық ескертулер мен қызмет көрсету уақыты туралы хабарламалар алу.
Мобильді қосымшадан бөлек, компанияның қолға алған тағы бір маңызды бастамасы – eGov порталы арқылы таратылатын газ ваучерлері. Бұл – мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек немесе тұрғын үй көмегін алатын азаматтарға арналған арнайы қаржылық қолдау тетігі.
– Бұл жүйе арқылы жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік көмек қаржысын тікелей әлеуметтік әмиянға аударады. Ол қаражат тек газ төлемі үшін ғана жұмсалады және автоматты түрде тұтынушының жеке шотына түседі. Осылайша, мемлекет көмегі дәл нысанаға тиіп, қаражаттың мақсатсыз жұмсалу қаупі жойылады. Бұл – өте тиімді. Өйткені, міндетті ай сайынғы қарыз уақытылы төленеді және артық мәселе туындамайды, – деп түсіндірді Нұрхан Саламатұлы.
Аталған бастаманың бір жағынан заман талабына сай ғылым жетістігі десек, екіншіден, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін құрал екенін атап айту керек. Қарапайым халықтың тұрмысын жеңілдетуге бағытталған бұл жүйе әсіресе, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және әлеуметтік осал топтар үшін ауқымды көмек болып отыр.
– Бұрын есептегіш көрсеткішін беру үшін интернетке кіре алмай, нақтылау үшін қоңырау соғып, күтіп отыратынмын. Кейде байланысқа шыға алмай қиналамын. Кейін қызымның үйіне барып, көмек сұрап жүрдім. Қазір жаңа қосымшаны немерем телефоныма жүктеп берді. Өзім де үйреніп алдым. Қанша газ жақтым, қанша төлеймін – бәрі көрініп тұр. Уақытымды да, жүйкемді де үнемдеуге септігі тиді, – деп атап өтті қала тұрғыны, зейнеткер Тамара Абдуллаева.
Түйін
«QazaqGaz Aimaq» компаниясы ауқымды жұмыс атқарып келеді. Тұрғындарды уақытылы ақпараттандыру, заманауи цифрлы технологияны ұқыпты енгізу және әлеуметтік топтарға нақты қолдау көрсету сынды маңызды жұмыстың бәрі Мемлекет басшысының «Жаппай цифрландыру» стратегиясымен үндесіп, қоғамның қауіпсіздігі мен цифрлы мәдениетін арттыруға бағытталғанын айрықша атап өткен жөн.
Ендеше, әрқайсымыз заман талабын ескеріп, цифрлы технологияны меңгеріп, өзіміз бен жақындарымыздың қауіпсіздігін естен шығармағанымыз жөн.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»