Осакаровка ауданындағы «Saumal» ұнтағы Қытайға экспортталуда
Кейінгі жылдары климат мың құбылды. Әсіресе, жаз мезгілінде құрғақшылық болады. Жазықта егін жайқалтқан, шөп шапқан, мал баққан ағайынға қиын болып тұр. Жыл сайын дүрлігеміз. Енді қалыптасқан жағдайларға сай икемделмек керек. Ауыл шаруашылығы саласына ғылым мен жаңа заман технологиясын жедел енгізу – маңызды. Бұл шаруа аймағымызда жыл сайын дамып келеді. Бұл күнде жұмыс техникаларына құйылатын жағармайды барынша үнемдеуге мүмкіндік беретін технологиялар бар. Тіршілік нәрін оңды-солды, есепсіз жұмсаудың алдын алатын тамшылап суару технологиясы дамыған. Мәселен, өңірде «Ақылды ферма» жобасы бар. Жобадағы технологиялар фермерлердің шығынын азайтып, көл-көсір пайдаға кенелтіп отыр. Қожалықтарды қаржылай демейтін бағдарламалар да жеткілікті. Жоба кейінгі он жылда жүзеге асып келеді.

«Ақылды технология» тілін тапса, табысқа бастайды
Мал өсіру және егін шаруашылығы мен қайта өңдеу саласына цифрландыру бағдарламасы сәтті енгізіліп келеді. Республика бойынша жер игерумен айналысатын 9 шаруашылық бар. Соның екеуі – Қарағанды облысында. Бірі Нұра ауданындағы «Шахтерская», бірі Осакаров ауданындағы «Надеровская» шаруа қожалығы. Бұл шаруа қожалықтары Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің мамандарымен бірлесіп жұмыс атқарады. Университет мамандары Қазақстандағы барлық игерілген жерлерді арнайы базаға енгізген. Базадағы бағдарлама әр күні фермерлерге жердің ылғалы қандай, қанша мөлшерде минералды тыңайтқыштарды қажет ететінін есеп ретінде береді. Суаруға қанша мөлшерде су керек екенін де анықтайды. Егіннің қалай өсіп жатқаны да сол бағдарламаға аян. Алқапта жұмыс істеп жүрген техникалардың орналасқан жерін көрсетеді. Қанша литр жағармай жұмсалғанын, қанша тонна бидай жиналғанын да анықтайды. Жалпы, университеті еліміздегі ауыл шаруашылығы саласына ғылым мен жаңа технологияларды енгізуге зор үлес қосуда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов «Жаңа технология фермерлерді есепсіз шығыннан сақтап отыр» дейді.
– Фермерлер кейде жағармай шығынына ұшырап жатады. Бұған бірнеше себеп бар. Мәселен, қарамағындағы жұмысшылар техниканы өз жұмыстарына пайдаланып кетеді. Немесе, жағармайды ұрлап, сатулары да мүмкін. Ал, техникаларға орнатылған стрекерлер қожалық иесіне бәрін ашық көрсетеді. Стикерлер кейінде құрастырылған жаңа тракторларға зауытта орнатылады. Стикер бақылауда ұстайтын бағдарламамен байланыс орнатады. Сонымен қатар, жерге қажет минералды тыңайтқыштарды қалай болса, солай себу де доғарылады. Үнеммен жұмсалады. Бәрі қаражатқа алынғаннан кейін, үнеммен жұмсаған абзал. Бұл – өте тиімді, – деді Сырым Бейсенбайұлы.
Осы бағытта өңірімізде мал өсірумен айналысатын 20 шаруа қожалығы бар. Нұра ауданында «Рамадан» деген сүт фермасы жаңа технологияны толықтай енгізген. Бұл ферма – аймағымызда ғана емес, республикадағы алдыңғы қатарлы ферманың бірі. Жоба құны 4.8 млрд теңге. «Ақылды фермада» асыл тұқымды сиырлар бар. Әр сиырдан әр сауын сайын қанша литр сүт сауылғанын арнайы құрылғылар есептеп береді. Бәрі автоматтандырылған. Жемшөбін салу, тезегін жинау – техникаларға жүктелген. Ал, барлық техниканы бір ғана оператор қадағалайды.
«Ақылды» технологиялармен жабдықталған Осакаровка ауданындағы «Евразия ИнвестLTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биенің сүтін ұнтаққа айналдырады. Осы өнімді Қазақстанның түпкір-түпкіріне сатады. Кейінде сауда нарығында трендке айналған «Saumal» ұнтағы – осы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімі. Тіпті, Қытайға да экспортталуда.
Өңірдегі барлық тауық фермалары да заман талабына сай жабдықталған. Жұмыртқаларын жинауға, жемін беруге, тезегін жинауға адамдар сабылып жүрмейді. Мұнда да бәрін бақылайтын бір оператор. Жұмыртқаны сорттау да, қаптау да ақылды технологияға жүктелген.
Азықтүлікті сақтайтын қоймаларда «ақылды» температура бақылағыштар орнатылған. Бақылағыштардың атқаратын рөлі орасан. Себебі, температура шамадан тыс төмендеп, немесе көтеріліп кетсе, мыңдаған тонна азықтүліктің сапасы нашарлап кетуі ықтимал.
Бағдарламалар игілігі
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өңірдегі шаруа қожалықтарына 19 бағдарлама арқылы қолдау көрсетеді. Соның ішінде, субсидия зор көмек. «Ақылды» технологиялар субсидияны үлестіргенде пайдасын көрсетеді. Мәселен, картоп егілген алқапты суару кезін қанша тонна су жұмсалғанын анықтап, соның шығынын азайту үшін белгілі мөлшерде субсидия беріледі. Осы себептен субсидия беруде біршама өзгерістер болды.
– Субсидия беруде талаптар күшейтілді. Мәселен, елімізде минералды тыңайтқыштарды өндіретін екі зауыт бар. Соларға біз алдын ала қажетті қаражаттың 60%-ын беріп қоямыз. Ал, қалған 40%-ын фермалар өздері төлейді. Мұның ішінде инвестицияны енгізген ауыл шаруашылығы субъектілер шығынының бір бөлігін қайтарып беру деген бар. Мысалы, трактор сатып алса, соның 25%-ын қайтарамыз. Суармалы жерлерді енгізуде кеткен шығынның 80%-ын өтейді қазір. Соның 50%-ы республикалық бюджеттен, 30%-ы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бидайдың элиталық тұқымын сатып алған жағдайда 20%-ы, бірінші репродукциялы болса, 15%-ы өтеледі. Арамшөптерді улайтын химикаттар шығынының 50%-ы. Сатып алынған асыл тұқымды малдың әр басына 150 мың теңге бөлінеді. Ет комбинаттарына тапсырылған еттің әр салмағына 200 теңгеден ақша қарастырылған, – деді Сырым Бейсенбайұлы.
Ауыл шаруашылығына қажетті техника алуға биыл қожалық иелері 8 млрд теңге, ал, егін егуге 14 млрд теңге төмен пайызбен несие берілген.
Құрғақшылықтан құтқаратын әдіс
Сала мамандарының сөзінше, биыл жазда құрғақшылық болып, далада шөп аз шыққан. Бірақ, жаздың соңғы айында жауын жауып, бұл түйін тарқағандай. Қыстан қолайлы шығу үшін 2 млн-ға жуық шөп керек екен. Бүгінде фермерлер 1 млн 600 мың тоннаға жуығын жинап үлгеріпті.
Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінде «Егістік жерлерді әртараптандыру» деген бағдарлама бар. Бағдарламаға сәйкес, дәнді дақылдардың алқаптарын азайтып, майлы және азықтық дақылдар егілетін алқаптар көбейтіліп жатыр екен. Бұл шешімге көп жылдық құрғақшылық себеп болыпты. Енді алдағы жылдарда аталған дақылдарға басымдық беріледі. Биыл 8,7 мың гектар жерді суармалы алқапқа айналдырып жатыр. Бұл алқаптар ауа райына тәуелсіз болмақ.
Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»