Ақылды өндіріс аймағы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты Жолдауы аясында Қарағанды өңірі өнеркәсіптік цифрландыру бағытында көшбасшылар қатарына сенімді түрде қосылып отыр.

Ал, биыл ресми түрде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланып, елдің индустриялық қолқа жүрегі саналатын өңірде осынау бастамалар енді жоспар емес, нақты іске айналып келе жатқанына барша жұрт куәгер. Бір сөзбен әдіптеп көрсек, жасанды зерде шахтадағы қауіпсіздікті бақылайды, дрондар атаулысы қауіпті аймақтарда адамды алмастырады және цифрлық ассистенттер бөлшектер өндірісін үш есе жылдамдатады. Иә, бұл бүгінгі күннің ақиқатына айналып жатқан шынайы көріністер.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жыл ішінде елді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Тау-кен металлургия кешені (экономиканың 8%-ы) үшін негізгі бағыт – геологияны ЖИ көмегімен цифрландыру, позициялау жүйелері әрі болжамды талдау. Өндірісті өңірде 2025-2026 жылдары атаулы жылға арналған өңірлік жоспарлар іске кезең-кезеңімен іске асырылу үстінде. Енді нақты осы тұрғыдағы кейстерге зер салып көрелік. Бірінші кейс. Qarmet компаниясы 2025 жылғы желтоқсанда жаңа буындағы Ахуал орталығын ашты. Платформа тәулік бойы бейнебақылау, датчиктер мен ЖИ алгоритмдерін біріктіріп, қауіпсіздік тәртібін бұзу жайттарын автоматты түрде анықтайды да қауіп туындағанда жабдық жұмысын дереу тоқтата алады.
Жер астындағы позициялау жүйелері, цифрлық диспетчер, «Цифрлық кеңесші» қызметі қоса қызмет атқарады. Ол нақты уақыт ағымында кен арнасын талдап, операторларға түзету ұсынады.
– Бұл орталық комбинат аумағындағы барлық логистикалық үдерістер мен жалпы ахуалды нақты уақыт аясында бақылауға мүмкіндік береді. Орталықтың үздіксіз жұмысын әр ауысымда 15 бейнебақылау операторы мен бір үйлестіруші маман қамтамасыз етеді, – деді Qarmet компаниясының режим және қауіпсіздік жөніндегі директоры Олжас Сейтахметов.
Нақты нәтижесінде апат қаупі төмендеді, бақылау автоматтандырылды.
Кейс №2. Өңіріміздегі темір кенішінде GeoJet дрондары (жергілікті инженерлер әзірлемесі, жетекшісі – Сергей Муравьёв) сынақтан сәтті өтті. Диаметрі небәрі 23 см болатын құрылғылар 8K-камералармен, LiDAR жүйесімен, жасырын қуыстарды анықтайтын сканерлермен, ұшуды тұрақтандыратын ЖИ-мен жабдықталған.
– Біздің дрондар көмегімен қазбаларды зерттеп, визуалды тексеріс жүргізуге болады. Ішкі сканерлер қабырғалардың ішінде жалаң көзге көрінбейтін жасырын қуыстарды анықтайды. Апаттың көпшілігі осындай ақаулардан бастау алып жатады. Демек, ақау алдын ала табылса, ықтимал оқыс оқиғаның алдын алуға мүмкіндік береді, – деді компанияның бас инженері Сергей Муравьёв.
Биыл дрондар нарыққа шығарылады.
– Шектеулі кеңістікте ұшу – аса күрделі үдеріс. Мұнда турбуленттік ауа ағындары, GPS-сигналдың болмауы және шолудың шектеулігі қиындық туғызады. Соған қарамастан, біздің дрондар жерасты жағдайында жоғары тиімділігін көрсетті. Басқару жартылай автоматты режимде жүргізіледі, ал, жасанды интеллект жүйесі датчиктерден келетін ақпаратты талдап, ұшуды нақты уақыт режимінде тұрақтандырады, – деп атап өтті компания жетекшісі Виталий Пучков.
Үшінші кейс. Теміртаудағы алюминий зауытында камералар мен ЖИ қауіпті аймақтарға кіруді тіркеп, жабдықты автоматты түрде тоқтатады. 2026 жылға жоспар – жеке қорғаныс құралдарын тану, болжамды оңдай түсу. Демек, ЖИ албаты айқайламайды. Жасанды зерде жай ғана техниканы дер кезінде тоқтата алады. Ал, KZ TRANSIT компаниясында Teleport 3D платформасы ЖИ көмегімен тапсырыстарды өңдеп, сызбалар жасап, материалдарды таңдайды. Өңдеу уақыты үш есеге қысқарып, дәлдік 99 %-ға жеткен.
Қайыр-қош. Мұндай кейстер санамалай берсек, біразға жетіп артылады. «Енді біз сөз еткен озық үлгілер бізге не сыйлайды?» деген заңды сауалға жауап табалық. Теңдессіз технология жолымен әуел баста мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайн, 95,9%-ы смартфон арқылы іске асырылып келеді бүгінде. Былтырғы жылы 54 млн қызмет көрсетілген болса, оның 60%-ы проактивті негізде жүзеге асты. Smart City көрсеткіші – 80,78 балды құрап, 15,5 мың камера орнатылған. 650 мыңнан астам студент AI Sana бағдарламасында оқиды. Өндіріс өрісінде үш есе жылдамдық өсімі, алюминий өнімдері айына 350 тоннаға дейінгі өнім шығарылды. Ондаған кәсіпорында ЖИ енгізу жол картасы табысты жүзеге асуда. Түптеп келгенде, қазыналы Қарағанды көптеген өңірлерден озық. Себебі, Қазақстанда ЖИ көбіне жекелеген жобалар деңгейінде іске асырылып жатқан болса, мұнда толық экожүйелер қалыптасқаны көз қуантады. Аустралия мен Чили тәжірибесінде ЖИ өндірістегі тоқтап қалуды 15-20%-ға, апаттарды 30-50%-ға азайтады. Қарағандыда да осындай көшелі көрсеткіштерге жергілікті шешімдер арқылы қол жеткізу үстінде.
«2026 жылдан кейінгі мүмкіндіктер» дей тұрғанымызда алдағы уақытта 5-10 мың жаңа IT жұмыс орны, GeoJet және Teleport 3D өнімдерінің экспортқа шығуы, $1 млрд инвестиция тарту мен жоғары білікті кадрлар санының артуы болжанады. Кәсіпкерлер мен өңір басшылығының айтуынша, 2025 жылы 2000-нан астам жобаға 50 млрд теңге қолдау көрсетілді. Олардың жартысынан көбі цифрлық бағытта. Осылайша, адам үшін жұмыс істейтін ақылды өндіріс аймағына айналып келеді. Жасанды интеллект қауіпсіздікті арттырып, тиімділікті күшейтіп, экономиканы жаңа деңгейге көтеруде. Келесі кезең – өңірдегі 100-ден астам кәсіпорынды толық цифрландыру және жергілікті ЖИ шешімдерін әлемдік нарыққа шығару.
Демек, Цифрлық Қарағанды болашаққа дайын!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



