Ақылдың көзі, ғылымның өзі
Ғалым көп қазір. Доктор, профессор, академиктер аз емес, жүздеп, мыңдап саналарына мен кепіл. Бірақ қайсы қандай жаңалық ұсынып, соқыр санамызға саңылау түсіріп, жарыққа жетелеп жатыр, білмеймін. Ғалым көп болды екен, ғылым неге жоқ Қазақстанда? Ғұламалар сирегі несі? Сөз жоқ, оқып, зерделеп отырсақ, қазақ – кемеңгер, дана халық. Абай, Шәкәрімі, әл-Фараби, Ахмет Иассауиы тұрғанда. Ақылмандықтарын айтып болмайды. Тек жүгініп, парықтап, байыптай біл. Бар мәселе де осында сияқты. Біз сөз еткелі отырған, биыл туғанына 1150 жыл толатын Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан Ұзлағ әл-Фараби ат-Түрки жөніне келгенде, бұл мәселе, тіптен, қалыңдай түсерін неге жасырайық?
«Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбудің бұрын тек есімін ғана біліп жүріппіз. Аты Әбу Насыр Мұхаммед болғанда, Фарабта (Отырар) туғаны, Түрік екені, әкесі Ұзлағ тархан екендігі осы ұзын-сонар есімінде тұр екен ғой. Ал, еңбектері… Еңбектері аспан асты, жердің үстіндегі ақыл-ой, парасат, ғылым мен білімнің кені сияқты. Бойлап, байыптап бармаған саласы, білмеген ілімі жоқ. Философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, ойшыл, музыкатанушы, тағы басқа болып кете береді. Бір сөзбен айтқанда, күллі ғылымдардың атасы іспетті. Аристотель мен Платонды негізге алады. Солардың ілімін жалғастырушы емес, дамытып, арналандырушы адамзаттың ұстазы. «Философияны үйренуден бұрын нені білу керектігі туралы» еңбегінде былай дейді: «Ұстаздың мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеу керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – ұстаздың қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен оның ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет, өйткені бұлар жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді. Сондай-ақ ол өзінің сабақтарын бір ғана ғылымның шеңберінен асырмағаны дұрыс, өйткені түрлі пәндермен сабақты ауырлата беру – тәртіпсіздікке және белгілі бір жүйеден айырылып қалуға апарып соқтырады. Осының бәрі шәкірт өмірін ұзартады, өйткені тәнді емдеу Гиппократтың сөзімен айтқанда, өмірді ұзартатын болса, жанды емдеу онан да жақсы нәтижеге жеткізуге тиіс».
Еңбектерінің тамшысындай ғана бұл сөзінде ұстаз өзі туралы айтып тұрғандай көрінеді әрі болашақ ұстаздардың міндетін межелеп кеткен.
Әл-Фараби мұраларын оқып, түсіну үшін адам ғұлама, асқан білімдар болмаса да, өте жоғары дәрежелі сауатты болу керек. Өресі кең, әрнеден хабары барлар ғана ұға алатын шығар. Оның Қазақ даласында туып, сауатын Отырарда ашып, Самарқанд, Бұқара қалаларында білімін жетілдіргенін, Түркіден шыққанын алғаш дәлелдеп танытқан – ғұлама-ғалым, академик Ақжан әл-Машани екендігін білетінбіз. Бірақ, Екінші ұстаздың философиялық трактаттарын құрастырушылар жазған алғысөздерінде Ақжан есімін атамағанына қайран қалдық…
Біздің елде фарабитану институтының қалыптаспағаны осыдан барып анық байқалады. Қазір әл-Фараби туралы білгіңіз келсе, шығыстанушы, дінтанушылар ашады жұмған аузын. Алайда, Әбу тек Шығыс елдерінің ғалымы ма еді?! Араб тілінде жазды екен деп, дінге де бұра тартуға болмайды. Батыс мәдениетінің ренессанс дәуірін жасаушы оқымыстылардың көбі әл-Фарабиге сілтеме жасайтыны айтылады. Француздың, немістің әйгілі ғалымдары сол кездің өзінде оның еңбектерін өз тілдеріне аудартып оқыған. Біздің даламызда бұл іс 1960 жылдардан былай ғана жүзеге аса бастады. Әрі алғаш түрен салған – әл-Машани. Фарабитануға өлшеусіз үлес қосқан ол кісі Әбудің еңбектерін өзі ғана емес, Қажыбай Мәндібайұлына да аудартқанын тарихтан білеміз. Жалпы, Фарабиді аударған жеткіліксіз. Анығын айтқанда, мұндай ұлы Ұстаздың ғылыми трактаттарын тәпсірлеп беру керек сияқты оқырманға. Оны талап ететін фарабитанушы бар ма біздің елде? Естімедік. Бұдан былай қолға алатын мәселенің бірі – осы.
«Мәдени мұра» бағдарламасымен тәржімаланған Фараби еңбектерін бір сүзіп шыққанбыз. Түсініксіз жерлері жетерлік. Кейбір қарапайым ойларының өзін күрделендіріп алған тұстарын байқап қалдық. Аударманың тілі жатық, түсінікті болуы тиіс. «Бәлкім, осы кемшіліктердің өзі елімізде фарабитанудың атүстілігінен бе?» деген ойға қалдық. Өйткені, Ақжан әл-Машаниге жазған бір хатында Қажыбай қажы Мәндібайұлының «Ақыжан інім, хатыңды алдым. Фарабидің қандай тақырыптағы еңбегін аударайын? Қанша уақытта бітірейін?» дегені бар. Әбу Насыр қалам тартпаған ғылым саласы аз десек, оны аударып, тәпсірлеу ісін асқан байыптылықпен атқару керек. Биыл ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмек 1150 жылдығында осындай кемшіліктердің алдын алу жолында игі қадамдар жасалады деген ойдамыз.
Жәнібек ӘЛИМАН.