АймақОсакаров

«Ақылды» ферма

Агросаланың ауқымы кеңейіп келеді. Бұл дегеніміз, ауылға бетбұрыс бар деген сөз. Өңірімізде қомақты қаржы құйылып жатқан ірі кешендер көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Бүкіл ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек», деп тиісті тапсырма жүктеген еді. Осыған байланысты Eurasia Invest компаниясы Осакаров ауданы Родников ауылынан 6000 сиырға арналған заманауи сүт-тауар фермасын салып жатыр. Бұл – еліміздегі 30 млрд теңгеден асатын ірі инвестициялық жобалардың бірі.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Президент пәрмені

Аймағымызда алғашқы «ақылды» сүт фермасы Нұра ауданы, Көбетей ауылынан салынып, бүгінгі күні өз жұмысын сәтті бастап отыр.

«Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жемшөп қоры да жеткілікті. Оған қоса, байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе, тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек», деген еді Президент.

Президенттің осы пәрменінен соң Нұра ауданының ауыл шаруашылық саласына жетекшілік ететін мамандар бірден солтүстік өңірге жолға шығып, ондағы ірі сүт фермаларын аралады. Күніне тонналап сүт өндіріп жатқан агрокәсіпорынның барлық мүмкіншілігін көзбен көріп, қағазға түртіп алады. Мұндай ірі фермаларды мемлекет есебінен қаржыландыру жолдарын, ферманың толығымен автоматтандырылған цифрлық базасын алдыру мүмкіндіктерін асыл тұқымды сүтті сиырларды шетелден тасымалдау тетіктерін әбден меңгереді.

Аудандағы ауыл шаруашылығы саласының өкілдері елге бірден келе сала, ірі деген шаруа қожалықтарының басын қосып, әлгі әлеуетті жобаның нұсқасын ұсыныс етіп тастайды.

Содан, бұған дейін тек дәнді дақыл өсірумен айналысып, ырысын еселеп келген «Черниговское и К» ЖШС және «Рамадан МФ» ЖШС серіктестігі тауарлы ірі сүт фермасын салып, табысын тіпті ұлғайтуға ұмтылады.

– Сүт-тауар фермасын салу арқылы біз қызметімізді әртараптандырайық деп шештік. Біз – өсімдік өсірушілерміз. Жасыратыны жоқ, жыл сайын моно дән егумен айналысу қиындап барады. Сол себепті «Рамадан МФ» ЖШС-мен бірігіп, Қарағанды облысы мен Астана шаһарының сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ететін заманауи тауарлы-сүт фермасын салу туралы шешім қабылдадық. Баса айта кететін дүние, екі жыл уақыт ішінде мұндай заманауи ферма салу оңайға соқпайды. Бұл жобаны бастан-аяқ қолдап, үлкен көмегін Үкімет тигізді, – дейді «Рамадан» сүт фермасы директорының мал шаруашылығын дамыту жөніндегі орынбасары Арман Нұржанов.

Ауылды «жарылқап» жатыр

Сонымен, жақында ғана ашылған «ақылды» сүт фермасының қаржысы да қомақты. Жоба құны 4.8 млрд теңгені құрапты. Оның 2 млрд 70 млн теңгесі кешеннің құрылыс жұмыстарына жұмсалған. 1 млрд 292 млн қаражаты ферманың заманауи жабдығына игеріліп, 1 млрд 463 млн теңгесіне асыл тұқымды сиыр алынады. Үкімет ферманың толық жабдығы мен малдарын субсидиялап жатыр. Ферма жаңа агроөнеркәсіптік кешендерге жеңілдікпен несие берудің мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынуда.

Ферманың құрылысын екі мердігер «Asia Modern Group» ЖШС мен «ДСК-Строй» ЖШС жауапты болған. Құрылыс жұмыстарына ауылдың тұрғындарына да тартылған. Екі мердігер ұйым 45 адамға жұмыс беріпті.

Мұндай алпауыт жобалар ауылды жарылқайды. Мысалға, Көбетейдегі ағайын «екі қолға – бір күректі» осы бір фермадан тауып жатыр. Салынып жатқан кешеннің басшылары барынша ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда. Қазірдің өзінде фермада 30-ға жуық адам еңбек етіп жүр. Кәсіпорын толық іске қосылған соң жұмысшы санын 70-ке жеткізбекші.

Негізінен басшылық бәсекеге қабілетті еңбекақы төлеуге ниетті. Бұл дегеніңіз, дипломы бар көп жас ауылға қайта оралады.

– Бәсекеге қабілетті еңбекақы төленетін 70-ке жуық жаңа жұмыс орнын құрамыз. Егер, реті келіп жатса, одан да көп жұмыс орны ашылады. Бірінші кезекте ауыл тұрғындарын жұмысқа алып жатырмыз. Қазір олардың көпшілігі амалдың жоқтығынан елордада жұмыс істеп жүр. Кейбірі, тіпті, күнделікті қатынап істейді. Енді, біздің ферма ашылған соң жастар қаладан жұмыс іздемейді. Туған ауылында тұрып, жаңа кәсіпорынның өсіп-өркендеуіне үлес қосатын болады. Әр ауылда осы секілді кәсіпорын, агрофермалар болса, онда ол ауыл дамиды. Ел көшпейді. Сырттан жұмыс іздемейді. Тағы да қайталап айтайық, ауыл жұртының жақсы табыс табуына мүмкіндік жасамақ ойымыз бар, – дейді директордың орынбасары.

Мысалға, Марлен Шеркенов осы уақытқа дейін Көбетей ауылының малын бағып келген. Ферма ашылысымен осында жұмысқа орналасқан.

– «Ақылды» ферма ашылады дегенде, ауыл болып қуандық. Осы уақытқа дейін өрісте жүріп, ауылдың малын өсірдік. Еңбек еттік. Енді жаңа фермаға орналастық. Мұнда тұрақты жоғары айлық бар. Жұмыс жеңіл. Барлығы автоматтандырылған. Жұмыстың денін техника күші атқарады. Біздің міндет – малдың жай-күйін қадағалау. Ауылдың жастарын да фермаға алып жатыр, – дейді ферманың малшысы Марлен Шеркенов.

Жем-шөп қоры жеткілікті

Ферманың орналасқан жері де көп шаруаға оңтайлы. Нұра ауданының орталығынан 25 шақырым, Астана қаласынан 70 шақырым жерде салынып жатыр. Дәп күрежолдың бойында. Сүт фермасының басшылары сүт өнімін әуелі Қарағанды облысына өткізіп, артылғанын Астанаға саудаламақшы.

Бұл арада бес фермадан тұратын кешен, сондай-ақ, жемшөп өндіруге арналған сүрлем алаңы бар. Тауарлы-сүт фермасында арнайы астық тазартқыш қоймасы қатар орналасқан. Мұнымен қоса, тамшылатып суару жүйесі орнатылған.

Тауарлы-сүт фермасы қажетті азықпен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Ол үшін су тарту құрылысын және су құбыры желілерін салу жобасы әзірленіп, қолға алынған. Жоба сүрлемге және басқа да дәнді дақылдарға араластыратын жасыл жүгері отырғызу жоспарланған 700 гектар алқапты суарады. Жоба «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдау тауыпты. Аустриялық «Bauer» фирмасының алты шашыратқыш машинасын сатып алған. Қазіргі уақытта фермадағы асыл тұқымды сиырларға былтыр 15 мың тонна әзірлеп қойған жем-шөбін беріп отыр.

«Фермаға жұмыстың барлық циклін автоматтандыруға мүмкіндік беретін заманауи бағдарлама енгізілген. Яғни, сиыр сауатын орын сүттің мөлшері мен сапасын автоматты түрде бақылайтын жоғары технологиялық құрылғымен жабдықталды. Мұндай толық «ақылды» құрылғыны Германиядан арнайы алдырдық. Бұл бағдарламаның ең бір кереметі сауын алаңындағы әр сиырдың күйі, дене қызуы, жүрек қағысы, жемшөбі мен салмағы, күндік беретін сүтінің мөлшері мен құрамы туралы мәліметтер жинақталады. Әр асыл тұқымды сиырдың арнайы «чипы» болады. Сол арқылы күніне, айына қанша сүт бергенін көре аламыз», – дейді ферманың жетекшісі Жансерік Сейітмұратұлы.

«Dairycomp» дәуірі

Ферманың ең басты артықшылығы – цифрлы технологиясында. Тек, сауынды автоматтандырып қана қоймай, табындағы әр сиырдың күйіне қатысты көрсеткіштерді бақылайды. «Ақылды» арнайы қондырғысы арқылы орталық басқару пультіне түсіп отырады. Бұл зоотехникке де өте тиімді. Компьютермен қай сиырдың сүтті екені, қайсысының сүті азая бастағаны, қай сиырдың дұрыс жем жемей жүргені туралы мәліметтерді онлайн режимде алып, қажетті шаруасын алдын ала бағамдайды. Еуропаның әйгілі «Dairycomp» қондырғысын енді орнатады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатқан көрінеді.

Мұның арқасында өнім әрбір мал басын күйлі ұстайды. Жоғарғы технологияның мүмкіндігі арқылы сүт фермасы алдағы уақытта өнім сапасын арттырып, мал азығын үнемдеп, кәсіпорындағы еңбек шығынын қысқартады.

Ферманың мал қорасында іштегі ауаны желдетіп, тазартып тұратын арнайы қондырғыны да қоймақ. Тіпті, малдың жем-шөбін беретін ауыл шаруашылығына пайдаланылатын шетелдің шағын техникаларын сатып алып жатыр. Демек, мұнда жұмыс атқаратын малшылардың да, сауыншылардың да жұмысы жеңілдейді.

Күніне 25-30 тонна сүт

Кәсіпкерлер Ресейден 403 «Гольштейн» атты асыл тұқымды сиырдың алғашқы легін әкелді. Енді қалған екі бөлігін шілде, қазан айында жеткізеді. Бұл сиырлар – ең сүтті тұқымдардың бірі. Биыл құны қымбаттапты. Теңгемен есептегенде, 1 млн – 1 млн 200 мың. Ферманың жобалық қуаты – 1 100 сиыр. Күніне 27 тонна литрге дейін сүт алуды жоспарлауда. Әзірге сиырлары бұзауламаған. Алдағы бір-екі айда төлдеуі тиіс. Шамамен, күз айларында алғаш алған сүттерін саудаға шығарады.

Фермада 30 адамға арналған жатақхана бар. Алыстан келген мамандар осында тұрады. Тегін. Асхана да жұмыс істейді. Қызметкерлерге күн сайын үш мезгіл тамақ та қарастылған. «Алдағы уақытта көрші ауылдағы жұмыскерлерді тасымалдау қолға алынады» дейді басшылық.

Агрокешен келешегі

Бұл – «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қолдаған аудандағы, тіпті, облыстағы ірі тауарлы-сүт фермасын құру бойынша инвестициялық жобалардың бірі. Жаңа ферма агроөнеркәсіптік сектор мен мал шаруашылығын дамытуға серпін беретіні сөзсіз.

«Біз мұндай өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен кредит беру өз тиімділігін көрсетті. Яғни, қаржыландыру жағынан мәселе болмауға тиіс. Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Бүкіл ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек», – деген еді Мемлекет басшысы Солтүстіктегі сүт фермаларын аралап жүріп.

Осы уақытқа дейін өңірімізде шикі сүт тапшылығы сезіліп келген еді. Енді, міне, оның да оңтайлы шешімі табылды.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button