Бас тақырып

«Ақылды қалаға» – аршынды қадаммен

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол қауіпсіздігі адам өмірінің қауіпсіздігі екенін, елімізде көлік қозғалысы мәдениетін арттыру қажеттігін үнемі ескертіп келеді. Жол апаттарының алдын алу, автоматтандырылған бақылау жүйелерін кеңінен енгізу қажеттігін де баса айтқан еді. Бұл бастамалар бүгінде нақты нәтижесін беруде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірде автоматтандырылған бақылау жүйелері мен ақылды бағдаршамдар белсенді жұмыс істеп тұр. Дерекке сүйенсек, бірнеше айдың ішінде 43 мыңнан астам құқықбұзушылықты анықтаған. Жолдағы тәртіп бұзушылықты енді тек полиция емес, қырағы цифрлы камералар мен жасанды интеллект тіркеп отыр. Жүргізуші де, жаяу жүргінші де бейжай жүре алмайды. Бұл – ғылым мен техниканың, адам ақыл-ойының жемісі.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Технологияның көзі қырағы

Облыстық полиция департаменті ұсын­ған дерекке сүйенсек, бүгінгі таңда жол қозғалысын бақылайтын облыс аумағында 183 ақпараттық-бағдарламалық кешендер жұмыс істеп тұр. Оның ішінде, 170-і стационарлық, ал, 13-і – мобильді жүйе. Стационарлық жүйелер бірнеше бағыт бойынша құқықбұзушылықты тіркейді.

Нақтырақ айтсақ, 120 құрылғы жылдамдықты асырғандарды құрықтаса, 28 жүйе жүргізушілердің стоп-жолақтан өтіп кетуін бақылайды. Ал, 22 аппарат – жаяу жүргіншілер өткеліндегі ереже бұзушылықтарды тіркейді.

Сонымен қатар, мұндай құрылғылар қала көшелерінде ғана емес, қалааралық жолдарда да орнатылған. Олар тәулік бойы жұмыс істеп, автоматты түрде деректерді өңдеп, құқық қорғау органдарына жібереді. Ең бастысы – бұл жүйелер жұмысты азайтып, әділдікті қамтамасыз етеді.

Тағы да айта кетерлігі, стационарлық жүйелермен қатар, облыс аумағында 13 мобильді бақылау жүйесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде, Ekin Patrol G2 маркалы 11 мобильді кешен – 16 213 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаса, «Оракул-Инсайт» жүйесі орнатылған 2 көлік бір орында тұрмай, айналып жүріп, 19 114 құқықбұзушылықты тіркеп үлгеріпті.

Бұл құрылғылардың бір артықшылығы – оларды кез келген уақытта, түрлі аумаққа көшіруге болады. Мобильділіктің арқасында полиция қызметкерлері жол қозғалысы тәртібін бақылауды халық тығыз шоғырланған аудандарда, жол апаты жиі орын алатын аймақтарда жүзеге асырып отыр.

Жаяу жүргіншілерге де бақылау күшейді

2024 жылдың 1 шілдесінен бастап, «Аргус-Пешеход» деп аталатын арнайы жүйе іске қосылды. Бұл кешен жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер тарапынан болатын ережебұзушылықтарды анықтауға бағытталған. Қазірдің өзінде Қарағанды қаласында – 12 кешен, Теміртауда – 10 кешен орнатылған.

Бүгінде олардың бәрі нәтижелі жұмыс істеп тұр. Аталған жүйелер арқылы 3 125 ереже бұзу фактісі тіркелген.

Бұл – жаяу жүргіншілер арасында да тәртіп бұзушылықтың бар екенін көрсететін нақты дәлел.
Жалпы алғанда, барлық автоматтан­дырылған кешен 43 452 әкімшілік құқық­бұ­зушылықты тіркеген. Бұл – Қарағанды облысы аумағындағы көрсеткіш. Тиісті құрылғылардың арқасында ереже бұзғандар жазасыз қалмай, жауапкершілікке тартылып жатыр.

Ақылды бағдаршам алдамайды

Кеншілер астанасы бүгінде өндірістің ғана емес, ақылды қалалық жүйелердің де алдыңғы қатарында тұр. Соңғы жылдары жол қозғалысын басқарудағы тығырықтан шығу үшін цифрлық технологияға бет бұрған қала әкімдігі мен жауапты құрылымдар жол қозғалысын автоматтандырудың жаңа кезеңін бастады.

Қарағанды қаласында бүгінде 201 бағдаршам нысаны бар. Бұл – әрқайсысы дербес бағыт көрсетіп тұрған жай темір құрылғы емес, бір орталықтан басқарылатын жүйенің жеке буындары. Барлығы автоматтандырылған жүйе арқылы басқару жүйесіне толықтай қосылған.

Бір сәт көз алдымызға елестетейікші, таңғы қарбалас. Жұмысқа асыққан жұрт, мектепке бағыт алған балалар, қоғамдық көлікке үлгеруге тырысқан студенттер. Бұрын кез келген бағдаршамда ұзақ күту, бір қиылыстан өтсең, екіншісінде кідіріп қалу, онсыз да жүйкесі тозған жүргізушілер үшін жүктеме болатын. Енді, жаңа жүйе енгізілгелі бері қаланың жүрек соғысы да өзгерді, бір қалыпқа түсті.

Дерекке сүйенсек, бүгінде 60 бағдаршам координациялық басқару режиміне көшірілген. Бұл – көптен айтылып жүрген «Жасыл толқын» ұғымының нақ іске асқан түрі. Қатар тұрған бірнеше бағдаршамда көліктерге «жасыл» шам бірінен соң бірі жанып тұрады. Сырт көзге бір үйлесім сияқты. Ал, іс жүзінде бұл – қиылыстардағы бағдаршамдар арасындағы нақты есепке құрылған математикалық дәлдік.

Сала мамандары 17 учаскеде «Жасыл толқын» толық реттеліп, кептелістердің азайғанын айтады. Жол бойындағы бақылауларда жүргізушілер бұрынғыдай бір көшеде үш рет тоқтамай, бірнеше қиылыстан еркін өте бастаған.

Адаптивті басқару: жолды «түсінетін» бағдаршам

Технология дамыған сайын бағдаршам да адам секілді «сезінетін», «түсінетін» құрылғыға айналып келеді. Бұл бір қарағанда қисынсыз болып көрінуі де мүмкін. Десе де, нақты ғылым мен технология өз жемісін берді. Бірнеше жыл бұрын арман болған мұндай жаңалық қазір шындыққа айналып отыр. Атап айтсақ, қалада 10 бағдаршам адаптивті режимде жұмыс істейді. Ол қандай режим дейсіз бе?

Яғни, бағдаршам енді бір алгоритм бойынша емес, реалды уақытта жолдағы көлік ағынын өзі байқап, сигналын соған қарай бейімдейді. Мысалы, солтүстіктен келетін көлік көп болса, сол бағыттағы жасыл шам ұзағырақ жанады. Ал, екінші бағытта көлік аз болса, бағдаршам уақытты босқа кетірмей, дереу ауыса қояды.

Мұндай жүйеде жасанды интеллекттің қолданылып жатқанын да атап өткен жөн. Сол арқылы бағдаршам нақты уақыттағы мәліметтерді талдап, қиылыстағы көлік легіне сай «мінезін» өзгертіп отырады. Яғни, оның түрлі-түсті қас-қабағынан-ақ, жұмысының қауырттығын не жайлы екенін аңғаруға болады. Бұл – қаладағы қозғалыстың жылдамдығын арттырып, қауіпсіздік деңгейін көтерудің ең заманауи жолы.

Техникалық жаңғырту – заман талабы

Қала көшелеріндегі жаңарту жұмыстары бағдарламалық деңгейде ғана емес, техникалық жағынан да қарқынды жүргізілуде. Қарағанды облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Елжас Жартыбаев техникалық жаңғыртудың заман талабы екенін айтады.

– АҚШ, Қытай, Сингапур сынды дамыған елдердің бәрінде мұндай жүйелер жемісті жұмыс істеп тұр. Қазір қаладағы 150 бағдаршамда жаңа буындағы жол бақылаушы орнатылған. Бұл құрылғылар түрлі сценарий мен алгоритм бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, 36 ескі бағдаршам заман талабына сай жарықдиодты (LED) құрылғылармен алмастырылса, 10 антивандал сенсорлы жаяу жүргінші батырмасы адамдардың қауіпсіз әрі ыңғайлы өтуі үшін орнатылды, – дейді Елжас Жартыбаев.

Сарапшы мамандар да осының барлығын «ақылды қала» концепциясының нақты қадамдары ретінде бағалап отыр. Осы құрылғылардың арқасында кептелістерді азайтып, олардың экологияға зиянын да төмендетуге болатыны белгілі.

Цифрлы болашаққа бет алған қала

Қарағанды – кеншілер мекені ғана емес, енді «ақылды қала» болуға ұмтылып жатқан аймақ. Жол қозғалысын басқарудағы бұл жаңалықтар – бірінші кезекте адам өміріне деген құрметтің белгісі. Жол үстіндегі қауіпсіздік, уақытты үнемдеу, жүргізуші мен жаяу жүргінші арасындағы үндестік сынды өзекті мәселелерді реттеуге деген ұмтылыстың бәрі қазіргі Қарағандының жаңа болмысын айқындайды.

Жол – қаланың тынысы. Ал, сол тыныс жолдары жұмысының біркелкі болуы ақылды бағдаршамдардың арқасында жүзеге асып жатыр.

Осы орайда автоматтандырылған бақылау жүйелерді енгізудегі басты мақсат айыппұл салу емес, жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру екенін атап өткен жөн. Әр жүргізуші мен жаяу жүргінші өз жауапкершілігін түсініп, жолда тәртіп сақтауға дағдыланса, бұл жүйелердің ең үлкен жетістігі болмақ. Бұл – мемлекеттің, жергілікті биліктің және әр азаматтың ортақ ісі. Ал, қауіпсіз жол – тек жол қозғалысына қатысушылардың емес, тұтас қоғам мәдениетінің айнасы.

Облыс тұрғындары мен қонақтарына жол ережесін сақтап жүру заң талабы ғана емес, адам өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам екенін тағы бір еске саламыз.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button