«Ақылды» агро
Арқаның агро жүйесінің «ақылы» «толысып» келеді. Мәселен, малшылар бұрынғыдай жоғын іздеп, тау-тас кезбейді. Жылқысының қай төңіректе жүргенін қалта телефонынан қарап, тез тауып алады. Бұл – смарт-агро технология әкелген игілік. Аймағымызда дәл осындай озық технологияның арқасында жұмыс күшін жеңілдетіп, сапасын арттырып отырған іргелі агрокешендер де жетерлік.

Жылқыдағы GPS
Жылқы жалындағы GPS өңірдегі жаңашыл фермерлердің қажетін өтеп отыр. Кейінгі уақытта аймақта жылқы өсірумен айналысатын шаруашылықтар GPS-трекерлерді кеңінен қолдана бастады. Олар жылқының қозғалысы мен жайылымдағы жағдайын смарт құрылғы арқылы бақылайды.
Әр жылқының мойнына немесе жал тұсына шағын GPS-датчик орнатылады. Бұл құрылғы күн энергиясымен қуаттанып, спутник желісі арқылы малдың нақты орналасқан жерін көрсетеді. Фермер смартфондағы арнайы қосымшаны ашып, кез келген уақытта үйірін картадан көре алады.
Агромамандардың айтуынша, GPS-трекерлер тек жоғалған малды табуға емес, жылқының денсаулығы мен қозғалысын бақылауға да мүмкіндік береді. Кейбір құрылғыларда жүрісі мен температураны өлшейтін сенсорлар да бар көрінеді. Егер малдың қозғалысы баяуласа немесе ұзақ уақыт қозғалмай тұрса, жүйе фермердің телефонына ескерту жібереді. Бұл, әсіресе, асыл тұқымды жылқы өсіретін шаруашылықтар үшін аса маңызды.
– Алғашқы қосымшамыз өте қарапайым болды. Жылқылардың орналасуы мен олардың қозғалыс тарихы ғана көрсетілді. Фермерлер кейін «жел картасын» қосуды өтініп, құрылғының мүмкіндігін молайтуды сұрады. Өйткені, жылқы желге қарсы немесе жел бағытымен жүреді екен. Біз бұл функцияны қостық. Жүйе қазір фермерлерге малдың нақты орналасуын көруге болатын «топографиялық және спутниктік карталарды», жылқылардың қозғалысын болжауға көместесетін «жел картасын», малдың жайылатын арнайы аумағын анықтайтын «геошарбақты» ұсынады. Яғни, құрылғыны пайдаланушы малдың жүретін аумағын өзі белгілей алады. Егер, жылқы бұл аумақтан шықса, қосымша хабарлама жібереді, – дейді ауыл шаруашылығы саласының IT маманы Мирас Байжігіт.
Ақтоғай ауданындағы «Жанқұтты» шаруа қожалығының басшысы Азамат Ғазизұлы үйір-үйір жылқысындағы биелерге осы құрылғыны орнатып, жұмысын жеңілдетіп, қазір жаңа технологияның рахатын көріп отыр.
«Бұрын мотоцикл, атпен аралап жүріп, іздейтін едік. Қазір телефонға қарап-ақ жылқылардың қай төңіректе жайылып жүргенін білемін. Бұл жаңа жүйе – уақыт пен жанармайға үнем. Бұрын бір үйірді тауып алып келіп, келесі үйірді іздеуге қайта жолға шығатын едік, қазір жұмыс жеңілдеді. Оған қоса, бұл мал ұрлығының тоқтауына да септігін тигізіп отыр, – дейді жаңашыл фермер.
Енді көзге көрінбейтін чип қолданысқа енер күн де жақындап қалды. Арнайы чип жылқы терісінің астына көзге көрінбестей етіп орнатылмақ. Яғни, бұл технологияның арқасында барымташылардың ізіне түсу құқық қорғау органдарына еш қиындық тудырмайды. Егер, малды біреу айдап әкетсе, жылқының қазір қайда, қай бағытқа алып кеткенін де оңай анықтауға болады. «Тіпті, қылмыскерлер жылқыны сойып, етін бөлшектеп тастаса да, жылқының қай уақытта ұрланғанын және қайда әкеткенін білуге мүмкіндік бар», – дейді агромамандар.

Егінге енген «технология»
Нұра ауданындағы «Шахтерское» шаруашылығы – Арқадағы алпауыт агрокешендердің бірі. Іргелі шаруашылық агросаланы табысты цифрландырудың нақты үлгісін көрсетіп отыр. Соңғы жылдары озық технологияларды батыл енгізіп, егін шаруасын жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде заманауи цифрлы жүйелер арқылы жер өңдеу, тұқым себу, тамшылатып суару әдісі және өнім жинау үдерісі серіктестіктің автоматтандырылған орталығының толық бақылауында.
«Біздің егіс алқаптарымызда GPS-навигациясы бар тракторлар, комбайндар мен дәлдікпен бағыттайтын автопилот жүйелері қолданылады. Бұл тәсіл топырақты өңдеу кезінде артық жүріс пен жанармай шығынын азайтады. Ал агродрондар мен спутниктік жүйе арқылы егістік жағдайын бақылауға, арамшөп пен зиянкестердің таралуын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Онымен қоса, бұрын гектардың өнімділігін болжап айту қиын болатын. Енді арнайы сенсорлар мен спутниктік карта арқылы әр алқаптың нақты жағдайын білеміз. Ылғал аз болса, қосымша суару шараларын қолданамыз. Нәтижесінде өнім көлемі айтарлықтай артты», – дейді серіктестік басшысы Георгий Прокоп.
Агрокешенді цифрландыру тек техникалық жабдықтармен шектелмейді. «Шахтерское» шаруашылығы бүгінде AgroData, Cropio секілді аналитикалық платформаларды қолдануда. Бұл бағдарламалар егістік пен ауа райының жағдайы туралы деректерді жинап, алдын ала талдап отырады.
«Мысалы, егіс науқаны кезінде фермерлер ауа температурасы мен топырақ ылғалдылығы туралы деректерді онлайн түрде көріп, шешім қабылдай алады. Сондай-ақ, тыңайтқыш пен отын шығынын есептейтін цифрлы жүйе енгізілген. Бұл еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, шаруашылықтың шығынын 10-15 пайызға дейін қысқартқан. «Шахтерское» шаруашылығында барлық техника – біріктірілген жүйеде. Әр трактор мен комбайнның қозғалысы GPS арқылы бақыланып, қанша көлемде егін орып, картоп жинағаны нақты есептеледі. Бұл тәсіл арқылы әділ еңбекақы жүйесі қалыптасып отыр, – дейді шаруашылықтың бас агрономы Дидар Әкішев.
Осакаров ауданы Ақпан ауылындағы шаруасы шалқыған «Найдоровское» серіктестігі де жаңа технологиядан шарапат көріп, соның арқасында өнімдерін шетелге экспорттап отыр.
Бұдан ертеректе шаруашылық бидайдың «аустриялық» деп аталатын сұрыбының тұқымын 550 гектар алқапқа сіңіріпті. Жерін аустриялық мамандар әзірлеген «Nourivit» инновациялық тыңайтқышымен өңдеді. Бұл тыңайтқыштың құрамында топырақты микроэлементтермен байытатын, оның ауа өткізгіштік қасиетін арттыратын микроорганизмдердің қосындысы бар. Мұның нәтижесі аста-төк өнім алуға қол жеткізді. Бидайдың бұл түріне Италия мен Аустрия тарапынан сұраныс мол болып, өнімін Еуропаға экспорттаған.
«Ақылды» фермалар адымы
Өңірде алғашқы «ақылды» сүт фермасы Нұра ауданы, Көбетей ауылынан салынып, бүгінде сәтті жұмыс істеп жатыр. Екі-ақ жылда бой көтерген фермадағы 1 100 сиырдан күніне 25-30 тонна сүт сауады. Президенттің ірі сүт фермаларын салу жөніндегі пәрменінен соң, көп ұзамай Көбетей ауылынан ашылған жаңа технологиямен толық жабдықталған тауарлы сүт фермасы сәйкесінше табысын еселеп отыр.
Ферманың ең басты артықшылығы – цифрлы технологиясында. Тек сауынды автоматтандырып қана қоймай, табындағы әр сиырдың күйіне қатысты көрсеткіштерді бақылайды. «Ақылды» арнайы қондырғысы арқылы орталық басқару пультіне түсіп отыр. Бұл шешім зоотехниктерге де өте тиімді. Компьютермен қай сиырдың сүтті екені, қайсысының сүті азая бастағаны, қай сиырдың дұрыс жем жемей жүргені туралы мәліметтерді онлайн режимде алып, қажетті шаруасын алдын ала бағамдап отыр. Еуропаның әйгілі «Dairycomp» технологиясын да орнатып жатыр.
– Фермаға жұмыстың барлық циклін автоматтандыруға мүмкіндік беретін заманауи бағдарлама енгізілген. Яғни, сиыр сауатын орын сүттің мөлшері мен сапасын автоматты түрде бақылап отыратын жоғары технологиялық құрылғымен жабдықталды. Мұндай толық «ақылды» құрылғыны Германиядан арнайы алдырдық. Бұл бағдарламаның ең бір кереметі – сауын алаңындағы әр сиырдың күйі, дене қызуы, жүрек қағысы, жемшөбі мен салмағы, күндік беретін сүтінің мөлшері мен құрамы туралы мәліметтер жинақталып отырады. Әр асылтұқымды сиырдың арнайы чипі бар. Сол арқылы күніне, айына қанша сүт бергенін көруге болады, – дейді ферманың жетекшісі Жансерік Сейітмұратұлы.
Ферманың мал қорасында іштегі ауаны желдетіп, тазартып тұратын арнайы қондырғы да қоймақ. Тіпті, малдың жемшөбін беретін ауыл шаруашылығына пайдаланылатын шетелдің шағын техникаларын сатып алып жатыр. Демек мұнда жұмыс атқаратын малшылардың да, сауыншылардың да жұмысы жеңілдейді.
Ақтоғай ауданы Сарытерек ауылындағы «Saq NS» қымыз цехын да «ақылды» ферма деп те атауға болады. Қазір серіктестік 200 сауын биеден күніне 1000 литр қымыз алып отыр. Алдағы уақытта бие басын көбейтіп, ет өнімін шығаруды да жоспарлап отыр. Мұнымен қоса, сиыр сүтін өндіріп, оны өткізу үшін «Natige» ЖШС-мен меморандум жасаған.
Бие сауылғаннан бастап, ашытып, пісіп, оны құтыға құйып, дүкенге дайын күйінде тауарға айналғанға дейінгі үдерісті қамтитын үлкен жүйе – неміс технологиясымен жүзеге асуда. Барлығы да автоматты құрылғылар. Қымыз толтырылатын заманауи күбі де өзі пісіледі. Шаруашылықтың тағы бір ерекшелігі биеге бұрынғыдай құлын салып, идіріп, уақыт жоғалтпайды. Алдына жемшөбін қойып, автоматты сауын машинасын желініне сала қояды.
– Қымызды халықаралық нарыққа шығарып, əлемге таныту үшін жаңа технологияларды қолданамыз. Яғни, артық еңбек күші де қажет емес, әрі уақытқа үнем. Бес адамды жұмыспен қамтыдық. Шаруашылықты одан әрі дамытуға арнайы жоспар құрылған. Басты мақсат – өзіміз өндірген ауыл шаруашылық өнімдерін ешқандай делдалсыз саудалау. Бүгінде қымыз арнайы сайт арқылы саудаға шықты. Түскен табысқа көңіл толады. Сонымен қатар, қымыз өндірудегі межені арттыру мақсатында жергілікті тұрғындардың да биелерін сауып, сатып алуды жолға қойғалы отырмыз, – дейді шаруашылық басшысы Нұрым Мұхамедиев.
Ауылдың цифрлық дәуірі
Арқаның агроөнеркәсіп саласы цифрлық құрылғы мен смарт технологияның күшімен дамып келеді. Мал шаруашылығындағы GPS-трекерлер мен чиптер, егіншілікке енген дрондар мен спутниктік бақылау жүйелері, автоматтандырылған сүт және қымыз өндіру цехтары – мұның барлығы ауылдың «цифрлық» дәуірін қалыптастырып отыр.
Қарағандылық фермерлер технология мен маңдай терді ұштастырып, ауыл шаруашылығын цифрлы басқаруға көшті. Ең бастысы – бұл үдеріс ауылдағы өмір сапасына серпіліс сыйлады. Еңбек жеңілдеп, табыс тұрақтады, ең маңыздысы – жастар ауылда қалды. Осылайша, смарт құрылғы ауыл тұрмысының ажырамас бөлігіне айналып келеді.
Жаңа технология ауыл тіршілігіне серпін беріп, дәстүрлі шаруаны жаңа бағытқа бұрды. Қымыз бен сүт, егін мен ет – барлығы енді сапалы өңделіп, отандық және халықаралық нарыққа сұраныспен жол тартуда.
Қасымхан Бүркітұлы,
«Ortalyq Qazaqstan»



