Жаңалықтар

Ақтоғайдың алтыны, жарылқай ма жалпыны?..

Шағын және орта кәсіп экономиканың күретамыры. Негізінен, осы тау-кен өндірісі мен кәсіпорындар Ақтоғай бюджетінің бүйірін шығарып, экономикасының бойына қан жүгіртіп отыр. Сол өндіріс ошағының бірі һәм бірегейі – «Алтыналмас АК» алтын өндіру компаниясы.

Аты айтып отырғандай аталмыш кәсіпорынның негізгі өндіретін кені – алтын. «Алтыналмас» 2014 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен телекөпір арқылы ашылып, алғашқы алтын құймасын шығарған. Бұл аудан шежіресіне алтын әріппен қашалып жазылған тарихи сәт болатын. Тау-кен жынысын үгіп, алтын кенін сұрыптап алу үшін KEMIX компаниясының Pump Gell технологиясы енгізілген. Озық технология аз шығын жұмсап, таза өнім алудың тиімділігін арттырады.

2017 жылы «Пустынный» кен орнында тау жыныстарын үгіту модернизацияланып, жылына 2 млн. тоннадан 2,5 млн. тоннаға дейін тау жыныстарын үгітудің өнімділігін арттыруға қол жеткен.

2018 жылы «Ақтоғай Мыс» ЖШС-нің бастапқы капиталына 100 пайыздық үлеспен бірлесіп, «Долинное», «Пустынное» кен орындарын игеруді қолға алған.

Өндірістің табысы өткен 2020 жылы 54 804,0 млн. теңгені құрап, 206 келі күміс, 3 046 келі алтын алынған. Құрамында алтын бар 1 623,3 мың тонна кен, 139, 3 мың тонна концентрат өндірілген.

Өндіріс орнында 998 жұмысшы еңбек етеді. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 111,0 теңге. Компания жұмысшылардың ас-суын, жатын орындарын тегін қамтамасыз еткен. Ауысымдық тәсілмен жұмыс жасайды. Әр ауысым жұмысшыларын арнайы автобуспен тұрғылықты мекендеріне апарып, алып-қайтып отырады. Жұмысшылардың алаңсыз еңбек етіп, бос уақыттарын тиімді өткізуге компания тарапынан барлық жағдай жасалған. Өндірістің еңбек өнімділігі – 3 909,0 млн. теңге. Инвестиция көлемі 46 970,6 млн теңгені құрайды.

– «Алтыналмас» ауданның салық түсімін арттырып қана қоймай, екі қолға бір күрек ұстатып, елді еңбекпен қамтып отырған ірі жұмыс беруші компания. Болашағы зор компанияның жылдан жылға өнімділігі артып, өрісі кеңейіп келеді, – дейді, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы С.Әубәкіров.

 Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button