АймақАқтоғайБас тақырыпБасты тақырып

Ақтоғайдың аңыз ансамблі 50 жылдық мерейтойын атап өтті

Ақтоғай ауданында жарты ғасыр бойы ән мен бидің алтын арқауына айналған «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің 50 жылдығы салтанатты түрде тойланды. Тарихы терең, тағылымы мол өнер ұжымы аудан ғана емес, облыс, республика, тіпті алыс-жақын шет елдерге дейін қазақ мәдениетінің бай мұрасын паш етіп келе жатқан бірегей ансамбль ретінде ел есінде.

Мерейтойлық іс-шара дәстүрлі өнердің дарабоздарына арналған мемориалдық тақтаның ашылуымен басталды. Ақтоғай аудандық мәдениет үйі ғимаратының алдынан ашылған бұл мемориал – бір дәуірдің өнерін өрге сүйреген саңлақтарға көрсетілген құрметтің белгісі. Тақтада ән өнерінің дүлділі, сахнаның бір өзі бір театры болған Тұрған Түсіпбаев, дәстүрлі музыканың дара шебері Дәртай Сәдуақасов, бекзат өнердің биік бағасын жеткізген Бектұрсын Шортанбаев, сахнаның саңлағы Қуат Қожамбаев және асқақ үнді әнші Асылмұрат Ақановтың есімдері жазылған. Мемориал ашылу салтанатында аудан әкімі Абылай Аманжолов пен ардагер өнерпаз Тұрғанбек Түсіпбаев сөз сөйлеп, осы тұлғалардың аудан өнеріндегі рөліне тоқталды.

Мерейтой аясында ансамбльдің өнер жолын танытатын көлемді көрме ұйымдастырылды. Онда ансамбль мүшелері пайдаланған музыкалық аспаптар, сапар кездеріндегі фотосуреттер, деректі бейнежазбалар, анимациялық фильмдер көрермен назарына ұсынылды.

«Дала дауысы» театрландырылған көрінісімен бастау алған концертте ансамбльдің құрылу тарихы сахналық қойылым арқылы көрерменге ұсынылды. Бұдан соң ансамбльдің орындауында ақын Абзал Бөкеннің сөзіне жазылған, сазгер Дәртай Сәдуақасовтың жүрек тербеген «Ақтоғай – алтын бесігім» әні шырқалды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Бұдан кейін Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов ансамбль мүшелеріне ыстық ықыласын білдіре отырып, бірқатар азаматтарға лайықты марапаттарын табыстады.

– 1972 жылы сазгер Ескендір Хасанғалиев пен ақын, драматург Бәкір Тәжібаевтың бастамасымен іргесі қаланған ансамбль алғаш рет 1975 жылы республикалық телеарнада көрсетіліп, көпшілік қолдауымен «Халықтық ансамбль» атағын алған болатын. Бұл мәртебе – Ақтоғай мәдениетінің биікке көтерілуінің баспалдағына айналды. 1980 жылдары ансамбль құрамына ұлттық аспаптармен қатар, фольклорлық-этнографиялық бағыттағы өнер де енгізіліп, қазақи нақыштағы би қойылымдарына ерекше көңіл бөлінді. Белгілі балетмейстер Рабиль Сүлейменов пен Шара Жиенқұлова сынды майталмандардың қатысуымен қойылған билер – «Молдабай», «Қыз қуу», «Киіз басу», «Үкілім-ай» секілді этно-көріністермен толығып, ансамбльге жаңа тыныс берді. 1984 жылы Венгрияда өткен КСРО Мәдениет күндерінде ансамбль өнер көрсетіп, шетелдік көрермендерден зор қошеметке ие болды. Осы сапардан соң ансамбль Сәкен Сейфуллиннің 90 жылдығына арналған кеште де өнер көрсетті. 1987 жылы Ақтоғай халық театры республикалық фестивальде жүлделі екінші орынды иеленіп, ансамбльмен бірге аудан өнерін халықаралық деңгейге көтерді. Сол кезеңде Қожамбаевтар әулетінің «Рауан» отбасылық ансамблі, Күржібаевтар мен Сәтеновтердің ұжымдары өнер кеңістігіне жол тартты. 1988 жылы ансамбль Украинада өткен Қазақстан өнері мен мәдениетінің онкүндігіне қатысып, тағы бір мәртебеге ие болды. Бұл – ансамбльдің шетелге екінші ірі сапары  болатын. Тәуелсіздік жылдары ансамбльдің өрісі кеңейіп, жаңа бағыттар пайда болды. 1992 жылғы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы, 1993 жылғы Қазақстан халықтары форумы, 1996 жылы Жезқазғандағы мәдени күндер – ансамбльдің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. 1998 жылы құрылған «Ардагерлер» ансамблі мен «Тоқырауын түлектері» сынды ұжымдар да өз ізін қалдырды, – деді аудан әкімі Абылай Базылұлы.

Құттықтау сөзінен кейін «Еңбек ардагері» төсбелгісін Қарлығаш Малыбаеваға, Нұрлан Күлшікеновке, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін ансамбльдің көркемдік жетекшісі Әлібек Имашевқа, қоюшы-суретші Жоламан Жақуповқа, Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаттарды музыкалық жетекші Ғибрат Қожамбаевқа,  әнші Бұлбұл Мақшоноваға, Сәуле ауылдық клуб меңгерушісі Ербол Рысбековке, «Зерде» бейнемобилінің меңгерушісі Нұржан Әлібековке, әдістемелік кабинет меңгерушісі Сымбат Қожамбаеваға, мәдени ұйымдастырушы Аселя Ноғаеваға, «Балбырауын» би ансамблінің жетекшісі Мархабат Искаковаға табыс етті. Сонымен қоса, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталғандар: Шамшия Төлеубаева, Дариға Ақатаева, Бақыт Сардарқызы, Төлеу Аяғанов, Тұрғанбек Түсіпбаевтарға ел ерекше құрмет көрсетті. Мерекелік шара соңында ансамбль ұжымына аудан әкімінің қолынан жаңа «Газель» автокөлігі табысталды.

Жарты ғасырлық тарихы бар өнер ұжымына арналған «Толқи бер, Тоқырауын толқындары!» атты кітаптың тұсауы да осы күні кесілді. Лентаны Қарағанды облысының Құрметті азаматы Сағдат Дүйсебеков, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Дариға Ақатаева және аудан әкімі Абылай Аманжолов қиды.

Мерекелік концертте көрермендерге ел мен жерге деген сағынышты, ұлттық рух пен шынайы махаббатты жеткізген әндер мен билер тарту етілді. Бағдарламада: Е.Хасанғалиевтің – «Тоқырауын вальсі», Н.Тілендиевтің – «Әлқиссасы», Үкілі Ыбырайдың – «Гәккуі», «Қызылрай – құт мекен», «Ән мекені – Ақтоғай», «Көзімнің қарасы», «Сопрано шеруі», «Күзгі нөсер», «Биші қайың», «Таң сыры», «Ақ қайың аруы», «Толқи бер, Тоқырауын!» сынды әндер мен композициялар орындалды. Осы орайда Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Амантай Жұмашевтың еңбегін ел ерекше атап өтті. Балбырауын халық би ансамблінің орындауындағы ұлттық билер – «Кербез биі», «Шашу», «Қаражорға», «Жар-жар» сынды қойылымдар көрермен ықыласына бөленді.

Айта кетейік, жарты ғасыр ішінде ансамбль сахнада ғана емес, жүректерде де салтанат құрды. Ұлттық болмыс пен төл өнердің туын жықпай, оны шет елдерге дейін танытты. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, әр дәуір өз дүлдүлін шығарып отырды. Талай тарланның өнердегі тұсауын кескен бұл ұжым – бүгінде аудан мақтанышы ғана емес, республикалық мәдениеттің де рухани брендіне айналды. 50 жылдық тарих – бұл тек мерейтой емес, ұлт өнерінің өрге өрлеген жолы. Алдағы жылдары да «Тоқырауын толқындарының» үні тыңдарманын тәнті етіп, ел рухын асқақтата беретініне сенім мол.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Ақтоғай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button