Ақтоғайдан мол тәжірибе арқалап…
Облыстық ардагерлер кеңесі Ақтоғай ауданында көшпелі семинар-кеңес өткізді. Қонақтарды аудан әкімі Руслан Кенжебеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәкітай Сыздықов бастаған ардагерлер қозғалысының активі қалыптасқан дәстүрлеріне сай «Аққайыңдар саябағы» аллеясында қарсы алды.
Мұнан соң қонақтар аудан орталығының көрікті жерлерін аралап, «Алаш алаңы», «Тарих тағылымы», «Батырлар саябағы» сияқты киелі орындардағы мемориалдық кешендерге гүл шоқтарын қойды, ауданның археологиялық-этнографиялық мұражайының жәдігерлерімен танысты, аудандық Ардагерлер үйінде болды.
Мәдениет үйінде семинар-кеңестің пленарлық мәжілісі өтті. Мәжілісті облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин кіріспе сөзбен ашты. Аудан әкімі Руслан Кенжебеков семинардың ашылуымен шын жүректен құттықтап, ардагерлерге үлгі болар өнегелі істері үшін шексіз алғысын білдірді.
Мәжілісте Ақтоғай аудандық кеңесінің төрағасы Сәкітай Сыздықов, Нұркен ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мұқтарбек Шоқанов, Шашубай кенті бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Күлән Әбеуова, Балқаш қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тайтөлеу Жұманов, Нұра аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зарлық Мақсұтов өздерінің атқарып отырған жұмыстары туралы хабарлама жасады.
Семинар жұмысын облыстық кеңестің төрағасы Оралды Төреғожин қорытындылады.
Семинарға қатысушылар іс-тәжірибелерімен алмасып, ардагерлер қозғалысын дамытуға қатысты тың идеялармен, жарқын істермен танысты. Ақтоғай ауданында қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, тұрмыс жағдайын жақсарту саласында берік тәжірибе қалыптасқан. Мұнда «Ардагерге құрмет», «Ардагерім – ардағым», жекелеген кәсіпкерлердің «Игілікті іс-шара» акциялары өткізіліп, «Жан жылуы» еріктілер тобы, аудандық Жастар ресурстық орталығы мұқтаж ардагерлерге көмек көрсетеді. Аудан ардагерлері жастар арасында ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды талмай насихаттап жүр. Балқаш қалалық ардагерлер кеңесімен тығыз қарым-қатынас орнап, кеңес мүшелері тәжірибе алмасып тұрады. Мұндай қарым-қатынас көршілес Нұра және Осакаров аудандық кеңестері арасында да қалыптасқан. Балқаштықтар «Сары Қазына», «Қазақмыс» кәсіпорындарымен тұрақты байланыста, алпауыт компаниялар көмегімен ақсақалдар қасиетті Түркістан қаласына, Жошыхан кесенесіне сапар шекті. Қонақтар әсіресе, Ақтоғай ауданы басшылығы мен ардагерлер кеңесінің аудан тарихына, осы қасиетті топырақта туған даңқты азаматтардың есімдерін мәңгі есте қалдыру шараларына тәнті болды. Аудан орталығындағы саябақтарда Алаштың үш арысы Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековке, Кеңес Одағының қос Батыры Нұркен Әбдіров пен Қазыбек Нұржановқа ескерткіштер қойылған, 218 саяси қуғын-сүргін құрбанының, Ұлы Отан соғысына қатысқан 576 майдангердің, сондай-ақ аудан даңқын асырған 77 бейбіт еңбек саңлағының есімдері мемориалдық кешенде тасқа бедерлеп жазылған, ауған соғысы солдаттары құрметіне де тақта орнатылған.
Бұлардың өскелең ұрпаққа берер тәрбиелік маңызы зор деп білеміз.
Семинар-кеңесте ардагерлер қозғалысының бір топ белсенділеріне республикалық ардагерлер кеңесі Орталық кеңесі мен облыстық кеңестің наградалары табыс етілді. Семинар материалдары арнайы кітапша ретінде шығарылып, қалалық, аудандық кеңестер мен бастауыш ұйымдарға таратылатын болады.
Бір сөзбен айтқанда, Ақтоғайдан ардагерлер кеңесінің мүшелері мол тәжірибе арқалап қайтты.
Аман ЖАНҒОЖИН,
облыстық кеңестің жауапты хатшысы