АймақАқтоғай

Ақтоғайда Тутұғыр бой көтерді

Рәміздер күні мерекесіне орай Ақтоғай ауданында Тутұғыр алаңы салтанатты түрде ашылды. Шараның шымылдығы Әнұранның шырқауымен ашылып, көк байрағымыз өз биігіне көтерілді. Тутұғырдың ашылуына ауыл жұртшылығы көптеп жиналды. Аталмыш шараға Ақтоғай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Абылай Аманжолов арнайы қатысып, құттықтау сөзін айтты.

Сурет ұйымдастырушылардан

– Бүгін міне, ауданымызға әр беретін айшықты нысандар қатары айбынды алаңмен толықты. Көк байрағымыз көкпен ұштасты. Өз дәуірінде даңқты бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, бағаналы орда құрған. Сондықтан да ту біз үшін – қанымызда қайнаған намыс, рухты көтеретін құдірет. Кешегі арыстарымыз түлеген атамекеніміздің төріне алып ту тігу – біз үшін асқан абырой, зор мәртебе. Ауданымыз­дың көркін ашқан байрағымыз өңіріміздің айбынын асқақтата түсуіне тілектеспін, – деді Абылай Аманжолов.

Сонымен қатар, еліміздің көк байрағын желбіретіп жүрген спортшылар мақтау қағаздарымен, медальдарымен, куб­­октарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ, ақтоғайлықтар көкпен таласа бой көтеріп, көш жерден көз тартып, аудан көркіне көрік қосып, көркем табиғатпен жарасып тұрған көкбайрағымыз көңілдерінен шыққандығын жеткізді. Шара соңында ауданның «Тоқырауын толқындары» ансамблі әнін шырқап, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, Тутұғырдың биіктігі 25 метрді құрайды. Байрақ үнемі көрініп тұруы үшін қолмен немесе электр жетегімен көтеру үшін арнайы құрылғы орнатылған. Жобаны «Алсар голд» ЖШС жүзеге асырған. Нысанға 42 миллион теңге қаражат бөлінген. Айналасы абаттандырылып, ауданның ажарын одан сайын ашып тұр. Енді, бұл жер тек демалу үшін ғана емес, жас ұрпақтың өткенге тағзым ететін қасиетті орнына айналатыны сөзсіз.

Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button