Ақтоғай топырағында елге белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстанның Құрметті журналисі», ақын Мүсіркеп Сейдахметтің 70 жас мерейтойына арналған «Шындықты шырақ еттім жолыма» атты шығармашылық кеш жоғары деңгейде өтті. Ел руханиятының бір парасын толтырған тарлан тұлғаның бұл кеші ақын шығармашылығы мен қайраткерлік болмысын кеңінен ашқан мазмұнды мереке болды.

Кеш барысында мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Жоқшы» кітабының тұсауы кесілді. Шараны ақтоғайлық жастардың көркемдік театрландырылған қойылымы ашты. Жастар ақынның өлеңдерін тебірене оқып, поэзияның жан тебірентер сәттерін сахнада шынайы суреттеді. Одан кейін сахна төріне көтерілген «Балбырауын» би ұжымы әсерлі биден шашу шашты. Кештің жүргізушісі – ақын Серік Сағынтай көрермен ықыласын иеленіп, кеш иесін ортаға шақырды.
Халықпен амандасқан Мүсіркеп Сейдахмет жырларын оқып, жүрек үнін жеткізді. Ақын өзіне тән өр рухпен:
«Табаныма тікен боп кіресің бе,
Жоқ, жонымды қамшы боп тілесің бе?!
Сырдың суы келмейді сыйрағымнан,
Шабаланып, ей тірлік, үресің бе?!» – деп шындыққа суарылған өткір жырларын оқып, көрермен көңілін тербетті.
Мерейтой иесін құттықтау үшін сахнаға Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов көтеріліп, жүрекжарды лебізін білдірді.
– Мүсіркеп ағамыздың өлеңі найзағайдай жарқырап, шындықтың сәулесін шашады. Біз бұл кешті қыс кірмей тұрып ұйымдастырып беруді өзіміздің азаматтық парызымыз санадық. Сол игі тілек бүгінгі кешке ұласып отыр. Шығармашылық шабыт пен денсаулық тілейміз, – деді аудан басшысы.
Ақынның иығына шапан жауып, ат мінгізді. Кештің маңызды сәттерінің бірі – «Жоқшы» кітабының тұсаукесері болды. Кітаптың лентасын аудан әкімі Абылай Базылұлы, қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ардагер ұстаз Жәнібек Ғаппасов, ақын-аудармашы Әбжан Әбілтай, ақын-жазушы Жанболат Башар салтанатты түрде кесті.
Ақынның сөзіне жазылған әндер де көпшілікке ұсынылды. Ақтоғайдың «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері – Сержан Мұсайын мен Дәуренбек Әркенов, әнші Сәттар Сәрсенқұлов, Нұржан мен Азиза Құлымжановтар секілді отбасылық дуэттер «Аңсар», «Ауылды аңсау», «Ақсораң – тәжі даламның» сынды ел арасында кеңінен танылған әндерді орындап, кештің көрігін қыздырды.
Ақынның құрметіне арнайы ат басын бұрған белгілі қаламгерлер – Асантемір Қаршығаұлы, Салтанат Смағұлтегі, Жәлел Шалқар, Ерік Нарын, Ерболат Қуатбектер сахна төрінде өлең оқып, жылы лебіздерін білдірді.
Кеш барысында ақынның поэзиядағы орны, шыншыл болмысы мен қайраткерлігі кеңінен сөз болды. Оның талай жасқа бағыт-бағдар беріп, шығармашылық жолын ашқан ұстаздық қыры да ерекше аталды.
– Қоғамды сынап, ұлтты тәртіпке шақыру үшін алдымен адам өзін әшкерелеуге дайын болуы керек. Абайдың бойындағы сол қасиет – Мүсіркеп ағаның болмысында да бар. Өзін аямайтын, шындықты бетке айтатын қайсар қалам иесі – елдің шын жанашыры, – деген пікірлер айтылды.
Шығармашылық кештің жүргізушісі Серік Сағынтай да ақындық шеберлігімен кешке көрік берді. Әсерлі кештің әр сәті шынайы көңілмен өріліп, ақын мен ел арасындағы рухани байланыс терең сезілді.
Кеш соңында ақын өзі де сахнаға шығып, ұйымдастырушыларға, Ақтоғай жұртшылығына ризашылығын білдіріп, жүрекжарды өлеңімен алғысын жеткізді. Ақтоғайда өткен бұл кеш – бір ғана қаламгердің мерейін емес, шындық пен шын поэзияны қадірлейтін елдің рухани деңгейін де көрсетті.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Ақтоғай ауданы