АймақАқтоғайБас тақырып

Ақтоғай тұрғындарының өтініші ескерілді

Облыстағы әлеуметтік маңызды автобус маршруттарының қатары кеңейіп, олардың саны 47-ге жетті. Жаңадан енгізілген бағыт – Қарағанды – Ақтоғай – Балқаш рейсі тестілік режимде іске қосылды. Бұл шешім Ақтоғай ауданы тұрғындарының сұранысы негізінде қабылданды.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Жаңа бағыттың енгізілуі облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXVI сессиясында бекітілді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Мұқашевтың айтуынша, Ақтоғай тұрғындары Балқашқа тұрақты автобус қатынасының жоқтығына байланысты бірнеше рет шағымданған. Бұл мәселе облыс әкімінің халықпен кездесуі барысында да көтерілген.

– Аталған бағытқа деген сұраныс жоғары. Халықтың өтініші ескеріліп, арнайы тапсырма берілді. Қазір бұл рейс тестілік режимде жұмыс істеп тұр, – деді Мақсат Мұқашев.

Автобус бағыттарынан бөлек, әлеуметтік маңызы бар темір жол тасымалдарына да өзгерістер енгізілді. Облыста мұндай темір жол бағыттарының саны сегіз. Жазғы маусымда, яғни 1 маусымнан бастап Қарағанды – Балқаш пойызына қосымша вагондар қосылады. Бұл шара өңір тұрғындарының көлікке қолжетімділігін арттыру және ішкі туризмді дамытуға бағытталған.

Сессияда сонымен қатар 2025 жылға арналған су ресурстарын жер үсті көздерінен пайдаланғаны үшін төлем ставкалары инфляцияны ескере отырып бекітілді. Бұл шешім су ресурстарын тиімді пайдалану мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында қабылданған.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button