АймақАқтоғай

Ақтоғай ажарланады

Ақтоғай ауданының әкімі Руслан Кенжебеков өңірлік коммуникация қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында ауданның ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндап, алдағы даму жоспарларымен бөлісті. Ауданында алдағы жылдары өнеркәсіп саласында төрт ірі жобаны іске асыру, он медициналық мекеме салу жоспарланғанын мәлімдеді.

Сурет: аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасынан

– Борлы кенішіндегі катодты мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауытқа өткен жылы 70 адам жұмысқа орналастырылды. Ал, биыл жобалық қуаттылығы толық жүзеге асқанда 150 жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, таяу жылдары өнеркәсіп саласында 830-дан астам жұмыс орнын құра отырып, темір және түсті металдарды өңдеу, мыс мөлшері жоғары штейн және молибден өндіру бойынша төрт ірі жобаны іске асыру жоспарлануда, – деді Ақтоғай ауданының әкімі Руслан Кенжебеков.

Спикердің айтуынша, медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Қызыларай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. 2024-2025 жылдары алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 9 медициналық нысан Қуаныш, Нұркен, Ақши, Ортадересін, Ақжайдақ, Ақтас, Үшарал, Айыртас ауылдарында және Шұбартау ауылында құны 364,6 млн. теңгені құрайтын отбасылық дәрігерлік амбулатория құрылыстарын салуды жоспарлап отыр.

Аудан әкімі өз баяндамасында Шашубай кентінде кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 100 пәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары жақын арада аяқталатындығын жеткізді. Тұрғын үйлер осы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға берілмекші. Сонымен қатар, жеке инвесторлар арқылы Сарышаған мен Ақтоғайда кезекте тұрғандар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде барлығы 440 адам тұр.

Мемлекеттік бағдарламалар бойынша міндеттемелердің жыл аяғына дейін толық орындалатынын мәлімдеген аудан басшысы, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салалары бойынша да қол жетіп отырған жетістіктерді жан-жақты сипаттады.

Оның мәлімдеуінше, жыл басынан спорт салалары бойынша атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітіліп, кестеге сәйкес ұйымдастырылуда. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы арқылы Сарышаған кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2023 жылы басталған. Құны 1 млрд. 1 млн. теңгеге жобаланған нысан биыл пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры арқылы Шашубай кентінде жылдам салынатын әмбебап спорт залы құрылысы және Ақтоғай ауылындағы қолданыстағы стадионды қалпына келтіру жұмыс­тары жүргізілетін болады.

– Биыл білім беру саласына 6 миллиард 068,4 миллион теңге қаржы бөлінді. Мектептердің 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, білім ошақтарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 1-6 жас аралығындағы балалардың 92,2 пайызы, яғни, 484 бала балабақшамен қамтылып отыр, – деді аудан басшысы.

Айта кетейік, аудан халқын таза ауыз сумен қамту басты назарға алынған. Ауданда 16, ауылдық округте 35 елдімекен бар. Бүгінгі күні орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамту көрсеткіші 91 пайызға жеткен. Сонымен қатар, Ақтоғай ауданының орталығында 2022-2023 жылдары бастау алған кәріз жүйесінің құрылысы биыл жалғасын тауып, қазынадан 2 млрд. теңге қаржы бөлінген. Аталған жоба 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button