Ақтоғай ауданының Ақтас ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды
Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясындағы жаңа өрт сөндіру пункті ерікті өртке қарсы құралымдарын қолдау және елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Өрт сөндіру пункті жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берілді. Ашылу рәсіміне Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, аудан әкімдігі мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Жаңа пункт заманауи өрт сөндіру техникасымен, байланыс құралдарымен және тәулік бойы қызмет көрсетуге қажетті жабдықтармен толық жарақталған. Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан арнайы өрт сөндіру автоцистернасы берілді. Сондай-ақ, ғимарат ішінде кезекші қызмет пен жеке құрамның тынығуына арналған бөлмелер де қарастырылған. Қазіргі уақытта пунктте төрт өрт сөндіруші қызмет атқаруда.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, аталған пункт шалғай орналасқан елді мекендердегі төтенше жағдайларға жедел және тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.
– Өрт сөндіру пункттері желісін дамыту – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Өңірлерде тұрақты өртке қарсы қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру мақсатында жергілікті атқарушы органдармен және шаруашылық субъектілерімен тығыз ынтымақтастық орнатылып келеді. Ауылдық жерлерде осындай нысандар ашудың маңызы зор. Олар қауіпті жағдайлардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Қолдау білдірген Ақтоғай ауданы әкімдігіне алғысымызды білдіреміз, – деді Ақтоғай ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Елдос Оңғарқұлов.
Айта кетейік, бұл бастама өңірдегі өрт қауіпсіздігін нығайту бағытында жасалып жатқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта да осындай өрт сөндіру пункттері басқа ауылдарда да ашылмақ.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
Ақтоғай ауданы