АймақАқтоғайБас тақырыпБасты тақырып

Ақтоғай ауданындағы Қарабие қорымынан 2,5 мың жылдық тарихы бар құнды жәдігерлер табылды

“Қарт Қарағанды өңірі көмір мен темірге ғана емес, баға жетпес рухани мұраға да бай. Осы күндері облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологтары Ақтоғай ауданындағы Қарабие қорымында қазба жұмыстарын жүргізіп, шамамен 2,5 мың жылдық тарихы бар құнды жәдігерлер тапты. Ғалымдар бұл заттарды ерте сақ дәуіріне жатады деп пайымдады. Бірегей жәдігерлердің ішінде бес қола жебенің ұшы, сондай-ақ тұтастай металдан құйылған, арқардың мүйізімен әрленген қанжардың сабы бар” деп хабарлады әлеуметтік желідегі Facebook парақшасында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Суреттер Облыстық тарихи-өлкетану музейінен

Облыс әкімі орынбасарының атап өтуінше, бұған дейін 5 «Алтын адамның» бірі – Арқаның алтын тәжі атанған Қарқаралы өңірінен табылған.

Одан бөлек, обылысымызда үш мыңжылдық тарихы бар Шет ауданындағы Қаражартас пирамидасы, 1949-1950 жылдары академик Әлкей Марғұлан ашқан Беғазы қорымы – Орталық Қазақстанның ежелгі өркениет пен мәдениеттің орталығы болғанын айшықтайды.

– Қорымның қақ ортасында шалқасынан жатқан адамның қаңқасына қарап, археологтар қазақ даласында бұдан бұрын табылған сақ ханзадасымен, яғни, Алтын адаммен ұқсастығын ерекше атап өтті. Жәдігерлер ежелгі сақ шеберлерінің жоғары технологияны меңгергенін тағы бір мәрте дәлелдеп, бабаларымыздың эстетикалық ой-өрісінің кеңдігін, көркемдік талғамының жоғары болғанын айқындайды. Болашақ ұрпақ алдындағы келелі мақсат, арлы міндет саналатын осындай тарихи-мәдени мұраларымызды көздің қарашығындай сақтау – бізге парыз. Ұлтымыздың рухани капиталын арттырып, мәдени бірегейлігін айқындайтын игі істер жалғасын тапсын! ,– деп жазды Әлібек Үсенұлы. 

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button