АймақАқтоғайЖаңалықтар

Ақтоғай ауданында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының жеңімпаздары анықталды

21 қараша күні Ақтоғай аудандық мәдениет үйінде «Тұлпар мініп, ту алған!» республикалық байқауының аудандық іріктеу кезеңі өтті. Жыр додасына аудан мектептерінен жүздеген оқушы қатысып, Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасындағы «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айту бойынша бақ сынады.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Жоба Қарағанды облысы әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асуда.

Сайыстың ашылуында Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Қуанышбаев сөз сөйлеп, байқаудың маңызын атап өтті.

– Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі орнын күшейту – тіл саясаты ғана емес, ұлттық болмысты болашаққа аманат ету жолындағы маңызды қадам. Қарағанды облысында тіл мен руханиятты қолдауға арналған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – «Тұлпар мініп, ту алған» жобасы. Биыл облыстың 13 өңірінен 4 мыңға жуық бала қатысып отыр. Бұл жоба балалардың мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін арттырып, сөз байлығын молайтып қана қоймай, патриоттық сезімін оятады, – деді ол.

Байқауға Қарағанды облысы бойынша жобаның жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, «Bolashaq» академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұхамедғали Әбдуов, ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Замзагүл Сатекова және сала мамандары қазылық етті.

Бағалау барысында оқушылардың жырды толық жаттауы, кідірмей айтуы, мәнерлеп жеткізуі негізгі талап ретінде қаралды.

Қазылар шешімімен аудандық кезеңнің жеңімпаздары анықталды. Олар облыстық сынға жолдама алды:

  1. І орын – 150 000 теңге

Кәусар Марат (Ж.Ақбаев атындағы мектеп)

Мұғалімі – Ақнұр Хамитқызы

  1. ІІ орын – 100 000 теңге

Инабат Сәрсенбекқызы (Ә.Бөкейхан атындағы тірек мектебі)

Мұғалімі – Арай Теңелді

  1. ІІІ орын – 70 000 теңге

Данагүл Амангелді (Ж.Кеңесбай атындағы мектеп)

Мұғалімі – Гүлназира Әлібаева

Қарағанды облысында байқау қыркүйек айында жарияланып, 20–28 қараша аралығында аудандық (қалалық) кезеңдер өтіп жатыр. Облыстық финал 10 желтоқсанда өтеді деп жоспарланған.


Жеңімпаздар арасында бағалы сыйлықтар қарастырылған:

– І орын иегері – 1 000 000 теңге және Қарағандыдағы ЖОО-лардың бірінің гранты;

– ІІ орын – 500 000 теңге;

– ІІІ орын – 250 000 теңге.

Сонымен бірге оқушыларды дайындаған мұғалімдер де марапатсыз қалмайды. І орын иегерінің ұстазына жеңіл автокөлік табысталмақ.

Жалпы, биылғы байқауға облыс бойынша мыңнан астам мұғалімнің жетекшілігімен 4200-ге жуық оқушы қатысып отыр.

Жамал АКПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button