«Ауыл – Ел бесігі»АймақАқтоғайБас тақырыпБасты тақырып

Ақтоғай ауданында ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар атқарылды

Ауылдың тұрмысы түзелсе, елдің еңсесі тіктеледі. Осы бағытта Ақтоғай ауданында ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Ақтоғай ауданы – агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық берген өңір. Бүгінде аудан экономикасында ауыл шаруашылығының үлесі зор. Жалпы өнім құрылымында 66 пайызы – мал шаруашылығына, 34 пайызы –  өсімдік шаруашылығына тиесілі. Бұл бағыттағы жұмыс күн санап жанданып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында атап көрсеткендей, ауыл шаруашылығы – елімізді азықтүлікпен қамтамасыз етеді. Бұл міндеттер аудан аумағында нақты істермен жүзеге асуда. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы 2024-2028 жылдарға арналған даму жоспарына сай қарқынды дамып келеді. Бұл туралы Ақтоғай ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрланбек Жаңабергенов мәлімдеді.

Сурет автордан

Мал шаруашылығы – аудан тірегі

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде. Биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған», – деп атап өтілді.  Бұл сөз бүгінде шаруашылықтың тізгінін ұстаған әр фермердің бойында үміт, жауапкершілік тудырады.
Ауыл шаруашылығына ерекше назар аударылып, Ақтоғай ауданы бұл бағытта нақты істерімен үлгі көрсетуде, – деді бөлім басшысы.

Биылғы жылы ауданда 4 638,4 тонна ет, 15 817,8 тонна сүт, 821,3 мың дана жұмыртқа өндірілген. Ет пен сүт өндірісінде өсім байқалып, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 107,4 және 101,8 пайызға артқан. Ал, құс шаруашылығы саласында аздап төмендеу байқалады – 95,8%. Мал басы бойынша да оң динамика бар. Атап айтқанда, ірі қара – 71 602 бас (99%), қой-ешкі – 142 118 бас (100,9%), жылқы – 53 666 бас (102,3%) құрады. Асыл тұқымды мал басы да артып келеді. Мал сапасын арттыру мақсатында тұқым түрлендіру жұмыстары жолға қойылған. Ақпараттық талдау жүйесіне 381 шаруашылық тіркеліп, 32 422 бас ірі қара мал тіркелген. Оның ішінде, 1 860 басы – асыл тұқымды. Бұл – жалпы ірі қараның 5,7 пайызы. Қой шаруашылығында 6 450 бас асыл тұқымды қой бар, оның ішінде, 3 781-і – саулық. Атап айтқанда, «Жамшы» және «Сәрсенбек» шаруа қожалықтары дегерес тұқымды қой өсіруде белсенділік танытып келеді. Биыл осы бағытта 15 ұрғашы және 75 аталық мал сатылып, асылдандыру жұмыстары жалғастырылуда. Шаруалар қоныстанып отырған қыстақ мәселесі де басты назарға алынған. Мамандардың айтуынша, аудандағы 283 қыстақтың 86-сы ғана электр жарығына қосылған. 2014-2020 жылдар аралығында 151 шаруашылыққа күн панелі орнатылған. 460 құдықтан мал су ішеді. Бұл бағытта әлі де кешенді жұмыстар атқарылуда.

Өсімдік шаруашылығында нақты нәтиже бар

Көктемгі дала жұмыстары толық орындалып, оң нәтижелер көрсеткен. Биыл 4 шаруа қожалығы 580 гектарға дәнді дақыл сепкен. Оның 200 гектары – бидай, 380 гектары – арпа. Орташа өнімділік гектарына 13,6 центнер, ал, «Ерасыл» шаруашылығы әр гектардан 24 центнер өнім алып, рекорд жаңартқан. Сондай-ақ, 27 гектар картоптан 675 тонна, 12,5 гектар көкөністен 325 тонна өнім жиналған. Ел арасында түрлі болжамдар айтылса да, байырғы малшылар биыл қыс жайлы болады деп отыр. Дегенмен, қыстақтарда қоныстанған малшылар әдеттегідей суық та қатал қысқа дайындалуда. Мал азығы жылдағыдай дайын, қысқа қам бар көрінеді. Қыстаққа түсетін мал басына – 318 мың тонна мал азығы қажет болса, дәл осы көлем дайындалған. Оның ішінде, 4 250 тоннасы – көпжылдық шөп, 254 мың тоннасы – тасылған шөп. Аудан әкімінің №20 өкімімен арнайы штаб құрылып, әр бейсенбі күні тұрақты отырыс өткізіліп отыр. Ауылдармен меморандум жасалып, 90әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға жеңілдетілген бағамен шөппен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, техника жаңару үстінде. Ауданда 2 276 дана ауыл шаруашылық техникасы бар. Биыл оның 110-ын жаңарту тапсырмасы берілген болса, қазіргі күні 80 техника (оның ішінде, 33 трактор, 1 погрузчик және 46 өзге техника) сатып алынды. Орындалу – 73%. 

Инвестиция көлемі өсті

Биыл ауданға АӨК саласына тартылатын инвестиция көлемі 933 млн теңге деп жоспарланса, 8 айда 420 млн теңге инвестиция тартылып, былтырғыдан 182,3% жоғары көрсеткішке қол жеткізген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 12 жеке кәсіпкер мен 6 кооперативке жалпы 231 млн теңге несие берілген. Бұл жобалар негізінен мал шаруашылығы мен техника алуға бағытталған. Президент тапсырмасына сәйкес ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. «QAZAQ MEAT» ЖШС (Кежек ауылында) 1 000 бас мал өсіріп, 240 тонна ет өндіретін кешен құрылды. 650 бас ангус алынды. Сонымен қатар, «Искаков» ЖК Ақтоғай ауылы маңында 500 бас мал бордақылау және 5 тонна ет өңдейтін кешен ашты. Жоба толық іске қосылып, 250 бас мал сатып алыныпты. «Ертілек» ШҚ (Қараменде би ауылында) 80 бас ангус тұқымды ірі қара өсіру жобасы жүзеге асырылған. Мал басы, техника, инфрақұрылым толық әзір. «САПА МІХ» кооперативі Ақтоғай ауылында көпсалалы өндірістік кешен құрылды. Бүгінде 500 шаршы метрлік ғимараттың 90% салынған. Қымыз, тігін, жартылай фабрикат, консерві цехтары ашылмақ. Сонымен қатар, Қарағанды қаласында «Ақтоғай өнімдері» атты коммуналдық дүкен іске қосылды.

– Уақыттың өзі дәлелдеп берген ақиқат бар: ауыл әлсіресе, ел әлсірейді, ал, ауыл күшейсе, мемлекет кемелденеді. Жаздың аптабында терін төккен диқандар мен қыс қамын жаз ойлаған шаруалар – бүгінгі ауылдың шын майталмандары. Олардың бейнеті – ел ырысы, ертеңгі ұрпақ несібесі. Биылғы көрсеткіштер – жай ғана статистика емес, ауыл жүрегінің дүрсілі. Өсім бар, өріс бар. Мал басы көбейіп, асыл тұқымды тұқымдар еселеніп, дала төсінде дән көктеді. Асыл тұқымды мал өсіп, астық қоймаға құйылып, әр үйдің оты өшпесе, ауылда үміт бар. Үміт бар жерде тірлік бар. Ал, тірлігі берекелі елдің келешегі – кемел, – дейді Ақтоғай ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрланбек Жаңабергенов.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Ақтоғай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button