Ақтоғай ауданы әкімінің сайлауы қыза түсті. Жергілікті тұрғындар саяси науқаннан қалыс қалмай, өз таңдауларын жасап, маңызды күнде дауыс беруде.
Таңнан бері учаскелерге асыққан алғашқы сайлаушыларға және тұңғыш рет дауыс берген азаматтарға арнайы сыйлықтар табысталды.
Аудандық Мәдениет үйінде орналасқан №448 сайлау учаскесінің соңғы ақпараты бойынша 300-ге жуық адам өз таңдауын жасап үлгеріпті. Ол жалпы сайлаушылардың 45 пайызын құрайды.
– Жалпы ауданға қарасты 38 сайлау учаскесі қызмет етуде. Саяси науқанды үміткерлердің сенімді өкілдері мен бақылаушылар, сондай-ақ қоғамдық бірлестік мүшелері жіті назарда ұстауда. Біздің сайлау учаскесіне 663 адам тіркелген. Оның ішінде 17 адам денсаулығына байланысты өтініш білдірді. Ол кісілер дауысты үйінде беретін болады.Сайлау ұйымшылдықпен өтуде, – дейді №448 сайлауучаскесінің төрағасы Айжан Мейрамқызы.
Маңызды күнде дауыс беру учаскелеріне отбасылармен бірге дауыс бергендердің үлесі жоғары. Аудан үшін маңызды күнде үйде бала күтімімен отырған аналарда таңдауын жасады.
– Мен қарапайым қазақтың келінімін. Балаларымыз өмірден өз орындарын табу үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Бұл шараны өз басым, ең алдымен, азаматтық құқығымды пайдалану, өзіміздің дауысымызды беру арқылы болашаққа сенімді қадам жасау, жақсылықты қолдау деп түсінемін. Біздің әрқайсысымыздың даусымыз шешуші рөл атқаратынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан да әразаматтың саяси шараға қатысуы, өз таңдауын жасауы дұрыс деп ойлаймын. Мен өз басым ауданымыздың дамып, халқымыздың әл-ауқатының артуы, берекелі өмір сүруі, балаларымның болашағы жарқын болуы үшін дауыс бердім, – дейді жас ана Айдана Қабдыман.
Айта кетейік, Ақтоғай ауданы орталығының өзінде тұрғындар үшін үш сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Барлығында таңғы сағат жетіде әнұран шырқалып, ресми түрде ашылды. Әкім болуға үш үміткер тіркелген.
Нұрдос КӘРІМ,
ortalyq.kz