Ақтау кентінде биыл ауқымды жұмыстар қолға алынды
Мәселен, су құбыры желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, көшелеріне жарық тіректері орнатылып, балалар алаңдары салынуда. Екі қабатты үйлердің қасбеті әктеліп, шатырлары жаңартылуда.
Кенттің ескі және жаңа бөлігіндегі су құбырларына толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін 102 құдық жабылған. Жыл соңына дейін 244 абонент орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.
– Биылғы жылы ҰОС қатысушыларына қойылған ескерткішке жөндеу жүргізілді. Кеңес жылдары іргелес аумақты абаттандырмай, жай ғана шағын тақта орнатылған еді. Көп жылдан бергі плитадағы жазулар жоғалып кетті, аумақты жаңарту қажет болды. Біз тұғыр жасадық. Мемориалдық тақтаны жаңартып, батырларымыздың есімдері жазылған тақтайша орнаттық. Аумаққа қырлы тас төсеп, орындықтар қойдық. Сондай-ақ, субұрқаққа да жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бұған дейін субұрқаққа суды қолмен толтырып келген едік. Енді су желісіне қостық. Қаптамасы ауыстырылып, бүкіл жүйе жаңартылды,– дейді кент әкімі Алтынбек Есмұрзаев.
Одан бөлек, Абай көшесінен Мырза станциясына дейін көше жарығын қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Осы учаскеге жарықдиодты шамдары бар 81 тірек орнатылған. Одан бөлек, Новая көшесіндегі жарық жүйесі қалпына келтірілуде. Бұрғылау жұмыстары аяқталған. Енді 64 жарықтандыру тірегі орнатылады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Восточная, Коллективная және Почтовая көшелерінің жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта фрезерлеу, қиыршық таспен толтыру жүріп жатыр. Почтовая көшесіндегі жөндеу жұмыстары 30%-ға орындалған. Тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz