АймақҚарқаралы

Ақтастыдағы игі істер

Қарқаралы өңірдегі іргелі ауылдық округтердің бірі Тәттімбет есімін иеленген әкімшілік бөлініс болса, оның орталығы Ақтастыда тұрғындарға әлеуметтік қызмет көрсететін нысандар қатары көбеюде. Атап өтерлігі, оларды мемлекетке аузын ашып отырмай, жергілікті кәсіпкер азаматтар өз қаржыларына тұрғызуда. Солардың бірі – Арман Мырзамбеков.

Суреттер автордан

Алғашқыда ол тұтынушылары көп, тезірек және көбірек пайда түсетін қалалардың бірінде кәсібін өркендеткісі келген. Бірақ, ойлана келе ауылға қолдау жасаған жөн деп шешіп, Ақтастыда монша мен дүкен құрылысын бастап кеткен еді. Таяуда екі нысан да есігін айқара ашып, халық игілігіне қызмет жасауға кірісті.

Заманауи талаптарға сай жабдықталған моншада бір мезгілде 15 адам жуына алады. Жаңа монша тұрғындар көңілінен шыққаны сондай, қазір мұнан кісі үзілмейді екен.

Моншаның жанынан бой көтерген дүкен де ауыл жұртшылығының қажетін өтеуде. Сыртқы келбеті қандай көрікті болса, іші де халыққа ұнамды. Сөрелері азықтүлік пен күнделікті тұтынатын бұйымдарға толып тұр. Тағы бір ерекшелігі, бағалары қолжетімді.

Кәсіпкер Арман Мырзамбеков қазір ауылдың үш тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның алдағы уақытқа белгілеген жоспарларының бірі – дүкен ішінен наубайхана ашу.

Кәсіпкер азамат ауылда өтетін мәдени-көпшілік шаралардың бәріне де атсалысып, демеушілік жасап тұрады.

Алдағы уақытта жоспары жүзеге асып, дүкен ішінен наубайхана ашса, тағы бірнеше ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етпек. Өз кезегінде табысы да арта түсері сөзсіз.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button