Бас тақырып

Қаңтардан бастап елімізде не өзгереді?

2026 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда бірнеше маңызды заңдық, салықтық, әлеуметтік және әкімшілік өзгерістер қолданысқа енді. Бұл өзгерістер азаматтардың күнделікті өміріне, бизнес пен экономикаға айтарлықтай әсер етпек.

Сурет Freepik

Жаңа Салық кодексі күшіне енді

Еліміздің салық салу жүйесін түбегейлі реформалауды көздейтін жаңа Салық кодексі қолданысқа еніп, отандық кәсіпкерлер бизнес жүргізудің жаңа ережелеріне көшеді. Салық салу жүйесі жеңілдейді, салық есептілігі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады.

Салық кодексіндегі басты жаңалықтың бірі – қосылған құн салығының қазіргі 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтерілді. Бұған қоса, қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркелу шегі 10 мың АЕК-ке, яғни 40 миллион теңгеге дейін төмендетілді. Яғни, жылдық айналымы 40 млн теңгеге жеткен кәсіпкерлер міндетті түрде ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуі керек.

2026 жылдан бастап дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге қосылған құн салығы 5% болады, ал 2027 жылдан 10%-ға дейін өседі. Ал Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС аясындағы қызметтер, Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, сондай-ақ кітап басып шығару, археологиялық жұмыстар ҚҚС-тан босатылады. Мерзімді баспа басылымдары үшін қосылған құн салығы 10 пайыз болып бекітіліп отыр.

Сондай-ақ зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады.

Бұған қоса, көлік салығының мөлшерлемесі төмендейді. Он жылдан асқан көліктерге салық 30%-ға, ал 20 жылдан асқан көліктерге 50 пайызға қысқарады.

Компаниялар мен ұйымдар төлейтін корпоративтік табыс салығы 20% деңгейінде қалады, бірақ енді барлық сала бірдей ставкамен төлемейді. Банктер мен ойын бизнесі үшін корпоративтік табыс салығы – 25%, әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы – 5%, 2027 жылы – 10% болады. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3% жеңілдетілген мөлшерлеме сақталады.

Кімдер жалақысынан көбірек салық төлейді?

Қазақстанда жеке табыс салығы прогрессивті болады. Яғни, табысы көп адамдар көбірек салық төлейді. Егер азаматтың жылдық табысы 8 500 АЕК-тен асса (қазір бұл 33 млн теңгеден астам), оның табысына 15% салық салынады. Сол сияқты дивиденттері мен табыс көлемі жылына 230 мың АЕК-тен асатын кәсіпкерлер осындай мөлшерде салық төлейді.

Байларға арналған салық

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда сән-салтанат салығы енгізіледі. Яғни, өте қымбат тауарлар мен мүлікке қосымша салық салынады.

Құны 75 млн теңгеден асатын қымбат көлікке, 100 млн теңгеден асатын кеме мен ұшаққа, литрі 500 мың теңгеден қымбат алкогольге, данасы 10 мың теңгеден асатын темекіге 10% акциз түрінде салық салынады. Жалпы құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлкі бар азаматтардың салығы да жоғары болады. Байлық салығы кәсіпкерлерге емес, жеке тұлғаларға салынады.

Зейнетақы 10%-ға өседі

Биыл әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған негізгі көрсеткіштер көтеріледі. Мәселен, зейнетақының ең төмен мөлшері көтерілгенде одан аз зейнетақы төлеуге болмайды. Бұдан бөлек, халыққа әлеуметтік көмек бергенде ең төменгі күнкөріс деңгейі ескеріледі.

Зейнетақының ең төмен мөлшері – 69 049 теңге (2025 жылы – 62 771 теңге);

Ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 35 596 теңге (2025 жылы – 32 360 теңге);

Айлық есептік көрсеткіш – 4 325 теңге (2025 жылы – 3 932 теңге);

Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге (2025 жылы – 46 228 теңге);

Ең төменгі жалақы – 85 000 тенге (2025 жылы тура сондай).

Осы жылы ең төменгі жалақының көлемі өзгермейді. Үкімет оны алдағы үш жылда қарастырады. Ал айлық есептік көрсеткіш өскеннен кейін айыппұлдардың көлемі артады. Дәл осы көрсеткішпен жәрдемақылар да есептеледі.

Зейнетақы жинақтарын пайдалану шегі өсті

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2026 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегін жариялады.

Жеткіліктілік шегі дегеніміз – адамның зейнетақы шотында міндетті түрде қалуы тиіс ең аз сома. Яғни, азаматтар осы мөлшерден артық жиналған ақшаны ғана үй алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге және инвестициялық басқарушы компанияларға аудару үшін пайдалана алады.

Жеткіліктілік шегінің мөлшері жасқа байланысты есептеледі. Жас ұлғайған сайын, шотта қалуы тиіс сома да көбейеді.

Естеріңізге сала кетейік, алаяқтық схемаларының жиілеуіне байланысты зейнетақы қорындағы артық ақшаны тіс емдеуге, көз еміне және пластикалық ота жасатуға жұмсауға тыйым салынған болатын.

Биылдан бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері мен ең төменгі күнкөріс деңгейі өскеннен кейін зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі де орта есеппен 10 пайызға көтеріліп отыр.

Осылайша былтыр 30 жастағы адамның біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану шегі 4 580 000 теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 5 120 000 теңге болады.

Көлік тізгіндеушілерге де қатысты өзгерістер бар

Енді жүргізушілер нөмір таңдау мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, көлік салығы кейбір көліктер үшін төмендеуі немесе өзгеруі мүмкін (жасы үлкен, қозғалтқыш көлемі және т.б. байланысты). 

Көпбалалы отбасылар қанша алады?

2026 жылы айлық есептік көрсеткішпен бірге көпбалалы аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақы да өсті. Олар:

4 бала – 69 265 теңге (16 АЕК);

5 бала – 86 598 теңге (20 АЕК);

6 бала – 103 930 теңге (24 АЕК);

7 бала – 121 263 теңге (28 АЕК);

8 және одан көп бала – әр балаға 4 АЕК мөлшерінде, яғни кемінде 138 596 теңге.

Бұдан бөлек, «Алтын алқа» иелеріне 31 997 теңге (7,4 АЕК), ал «Күміс алқа» үшін 27 680 теңге (6,4 АЕК) қарастырылған.

Жәрдемақы мөлшері қандай болмақ?

2026 жылы бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы өсті.

Бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге (38 АЕК);

Төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңге (63 АЕК).

Ал егіз, үшем немесе төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі.

Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдерге бала бiр жарым жасқа толғанша ай сайын төлем беріледі.

Бірінші балаға – 24 912 теңге (5,76 АЕК);

Екінші балаға – 29 465 теңге (6,81 АЕК);

Үшінші балаға – 33 951 теңге (7,85 АЕК);

Төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 503 теңге (8,9 АЕК).

Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Медициналық сақтандыру жарналары бюджеттен төленеді

2026 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты маңызды өзгеріс күшіне енеді. Бұдан былай 1 млн-нан астам адамның жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді.

Қазақстанда 3,3 млн адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Соның ішінде 2,4 млн азаматтың өмір сүру деңгейі орташа және қанағаттанарлық болса, 1 млн азаматтың табысы төмен. Осы санат үшін жарналарды төлеу міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де МӘМС жарнасын әкімдіктер төлейді.

Бұдан бөлек, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесіне кемі бес жыл бойы тұрақты жарна төлеген азаматтардың мәртебесі төлем уақытша тоқтаған жағдайда да алты ай бойы сақтандырылады.

Ал, 150 мың теңгеге дейін жалақы алатын жұмысшылар табыс салығынан босатылады.

Баланың сабаққа бармауы мен бақылаусыздықтың салдары қандай?

Бүгінде заң бойынша кәмелет жасқа толмаған баланың әрекеті үшін ата-анасы немесе заңды өкілі жауап береді. Құқықбұзушылық жасалса, айыппұл салынады, қамауға алынуы да бек мүмкін.

Қазақстанда ата-аналардың жауапкершілігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабында бекітілген. Онда кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу, білім беру, құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін нақты жаза қарастырылған. Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген ата-аналар да жауапқа тартылады. Ал жаза құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай белгіленеді.

10 АЕК (2025 жылда – 39 320 теңге) көлемінде айыппұл:

Мектептегі сабаққа себепсіз қатыспау;

Баланың ұстамсыз және бақылаусыз әрекеті;

Жасөспірімнің құқық бұзушылыққа қатысуы.

Ал осы әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін құқық бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұлдың көлемі 15 АЕК-ке (2025 жылда – 58 980 теңгеге) дейін өседі. Баланың ата-анасы немесе заңды өкілі 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынуы да мүмкін. Ондай жаза бала мүлдем бақылаусыз және полицияның ескертуі еленбей жүрген жағдайда қолданылады.

Бала есірткімен ұсталса, не болады?

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте балаға қатысты ауыр құқық бұзузылықтар да көрсетілген. Олар:

Кәмелетке толмаған адамның алкогольдік ішімдіктерді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуы;

Қаңғыбастықпен немесе қайыршылықпен айналысуы;

Қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасауы.

Осы әрекеттер үшін 20 АЕК (2025 жылда – 78 640 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Бірақ сот баланың ата-анасын немесе заңды өкілін 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға шешім шығара алады.

Жалған хабарлама үшін қандай жаза қарастырылған

Қазақстанда жарылғыш зат туралы жалған хабарлама беру фактілер жылда тіркеледі. Ал ондай хабарлама беретіндердің арасында кәмелет жасқа толмаған балалар аз емес. Мәселен, сәуір айында 8-сынып оқушысы ойын-сауық орталығында жарылғыш зат бар деп жалған хабарлама берген. Жасөспірім өз кінәсін мойындап, бұған дейін де осындай жалған хабарлама жасағанын растады. Атап айтқанда, 26 ақпанда ол Садчиков мектебінде бомба бардеп хабарлаған.

Ондайда полиция Қылмыстық кодекстің 273-бабы (терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша қылмыстық іс қозғайды. Сонымен қатар ата-анасының үстінен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 127-бабы бойынша ата-аналардың бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік материал жинақталады.

  • Террористік актілер туралы жалған хабарлама таратқаны үшін 14,5 млн теңгеге дейін айыппұл салынады немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 14 жасқа толған балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, ал 14 жасқа толмаған жағдайда балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – дейді полицейлер.

Мобильді аударымдар қатаң бақылауға алынады

2026 жылдан бастап банктер қазақстандықтардың ақша аударымдары туралы мәліметті салық органдарына беріп отырады. Бұл мемлекетке кімнің табыс тауып жүргенін, бірақ кәсіпкер ретінде тіркелмегенін анықтау үшін қажет.

Енді тексеріс мынадай жағдайда болады:

– егер адамның шотына 3 ай ішінде әртүрлі адамдардан 100-ден астам аударым жасалса;

– әрі сол 3 айда түскен ақша 1 миллион теңгеден (1 020 000 теңге) асып кетсе.

Осы екі шарт бірге орындалса, салық органдары ол адамды тексере алады.

Сонымен қатар, банктер азаматтардың банк шоттары, ондағы ақша қалдығы және ақша қозғалысы туралы ақпаратты да салық органдарына бередіы.

Қысқасы, жеке адамдар арасындағы күнделікті аударымдар тексеріске ілінбейді, ал тұрақты әрі ірі көлемде ақша түсіп отырса, оны табыс деп есептеп, мемлекет бақылауға алады.

Медициналық сақтандыру пакеті кеңейеді

Осы айдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға өзгерістер күшіне енеді. Енді сақтандырылған азаматтар медициналық қызметтердің көп түрін жоспарлы түрде, тегін ала алады. Яғни, медициналық сақтандыру пакеті едәуір кеңейеді.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, міндетті сақтандыруға мынадай созылмалы аурулар енгізіледі: қант диабеті, балалар церебралды сал ауруы (ДЦП), ревматизм, дәнекер тіндердің жүйелі аурулары. Сондай-ақ, жоғары қан қысымы (артериялық гипертензия) бар науқастарға да қажетті медициналық көмек толықтай сақтандыру есебінен көрсетіледі.

Созылмалы бүйрек ауруымен ауыратын пациенттер үшін де үлкен өзгеріс бар. 2026 жылдан бастап дәрігерлік бақылау, диагностика, дәрі-дәрмек, гемодиализ, тіпті бүйрек ауыстыру (трансплантация) да медициналық сақтандыру арқылы тегін болады.

Сонымен қатар, 1 млн-нан астам адамның жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Елімізде 3,3 млн адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Оның ішінде 2,4 млн азаматтың өмір сүру деңгейі орташа және қанағаттанарлық болса, 1 млн азаматтың табысы төмен. Осы санат үшін жарналарды төлеу міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де МӘМС жарнасын әкімдіктер төлейді. Бұдан бөлек, қаңтардан бастап бастап МӘМС жүйесіне кемі бес жыл бойы тұрақты жарна төлеген азаматтардың мәртебесі төлем уақытша тоқтаған жағдайда да алты ай бойы сақтандырылады.

Жеке куәлік пен төлқұжат қымбаттайды

2026 жылы айлық есептік көрсеткіштің 4 325 теңгеге дейін өсуіне байланысты құжаттарды рәсімдеу қымбаттайды. Атап айтқанда:  

*                  36 беттік төлқұжат – 34 600 теңге (8 АЕК);

*                  48 беттік төлқұжат – 51 900 теңге (12 АЕК);

*                  балалар паспорты – 17 300 теңге (4 АЕК);

*                  жүргізуші куәлігін рәсімдеу – 5 406 теңге (1,25 АЕК).

Туу туралы куәлік тегін, бірақ оны жоғалтып алсаңыз, қайта алу үшін 2 163 теңге (0,5 АЕК) төлеу керек.

Сондай-ақ жаңа жылдан бастап қазақстандықтар бірінші жеке куәлігін тегін алады. Мерзімі өтіп кеткен жеке куәлік үшін де ақша төлеудің қажеті болмайды.

Ал егер жеке куәлікті бір рет жоғалтып алсаңыз, 865 теңгеге (0,2 АЕК), екі рет жоғалтсаңыз 4 325 теңгеге (1 АЕК) қайта жасатасыз.

Мектеп пен балабақшаларда күтпеген тексеріс болады

Қазақстанда 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап балаларға арналған ұйымдарды (мектеп, балабақша, мектеп-интернат, лагерь) мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Құзырлы органдар  мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарды кез келген уақытта тексере алады.

Мұндағы мақсат – балаларға көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау. Заң бұзу туралы сигнал түскен жағдайда уәкілетті орган сол ұйымға жоспардан тыс тексеріс жүргізе алады.

Зейнетақы жарналары

Келер жылы жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері 3,5 пайызға өседі. Бұл төлемдер 1975 жылы және одан кейін туған азаматтар үшін ғана аударылады.

Айта кетері, қазір жұмыс берушілер өз есебінен қызметкерлерінің пайдасына зейнетақы жарналарын аударады. Алайда жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары жұмысшының жеке шотына емес, шартты шоттарға түседі және қызметкердің меншігі саналмайды әрі мұраға қалмайды. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері 2028 жылға қарай 5 пайызға жетеді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button