Жаңалықтар

Қаңтарда қаңтарылған қалам

Қайран, Сәттібай!..

Биыл «қыс болмайды» дегені қайда? Тәнімді емес, жанымды мұздатып, бойымды емес, ойымды қалтыратқан қаңтарды қайда қоясың?! Қаңтар айы қазаққа қасірет шектірген қарғыс атқыр ай болғаны ма?

Қаңтар қасіреті…

Қаңтар қырғыны…

Ән дүлдүлінің (Мейірхан Адамбеков) жаназасына осы қаңтарда жиналғанбыз. Ақын бауырдың (Сәттібай Жүнісов) табытын арқалап, Жаңаарқаға қаралы көш құлаған. Осы қаңтарда…

Сурет: С.Жүнісовтің жеке мұрағатынан

Сәттібай бауыр қаңтарда туған қапталды ұл еді. Қаңтарда қаламын қаңтарып, қадірін білмеген ортадан қабірін артық көрді ме, аттанып кете барды. Қарағанды қамығып тұрып Жаңаарқаны жұбатты. Ескенесі егіліп, Байдалы би ауылы «Бауырым!» деп аңыраған… Ақтоғайдан азалы үн естіледі. Олар да Айнашты жұбата алмапты. «Тап-тазам-ау! Сұңғыла, сұңқарым-ау! Пірім едің ғой… Жырым едің ғой… Бір көйлекті екі кимеген кірпиязым-ау! Бауыр­ларыңды ағалатып, ағаларыңды аңыратып қайда кеттің? Қайда асықтың, арысым-ай?!» деген асыл жарының жоқтауы тоқтауға көнер емес… Басу айта алмадық. Өзіміз егіліп, елі еңіреп тұрғанда, кімді жұбатқандаймыз?!

Қорым жақтан «Құлыным!» деген мейірімді үн талып жетті. Анасының үні еді. Құлынын құшағына алды. Өзі темірден, жүрегі тастан жаратылған жоқ қой, Темірғали аға теңселіп тұрған…

Ауыл маңында ері ауып, шылбыры сүйретілген арабы көк арғымақ шұрқырайды. Кісінегені – кісінің жылағанындай. Ол да Сәттібайды жоқтап, кетпен тұяғымен көк мұзды тарпып, құлқыны тоймас қара жерді тепкілеп-тепкілеп, кісінейді.

Содан бері «атқан оқтай, шапқан аттай» қырық күн өте шығыпты-ау… Көз алдымнан да, көңілден де жымиып қана «Аға!» деп келіп, құшағыма еніп кететін Сәтжанның иманы иіген нұрлы бейнесі кетпейді. Осыдан төрт жыл бұрын дүниеден өткен анасын сағынған екен. Анасына асығып кетті…

Ана, Сізді сағындым, жан ауырды.
Еске түсіп кездерім бала күнгі.
Ақ жүзіңді сағындым күндей күлген,
Мейірім толы сағындым ­жанарыңды, – деп тебіреніп еді жанарына мөлдір шық тұнып. Анасына жетті. Анасы құлынын бауырына басты. Сәттібайдың пырақ-жыры қоңыр үйден қырдағы қорымға қоныс аударды. Шабыты табыттан сусып, қараңғы қабірге еніп кетті. Енді сәруар жыр сәулесін бізге емес, сол әлемге себеді.

Қайран, бауыр! Қайран, Сәттібай!

Сәтжанның бәріміз сүйіп, қолқалап оқытатын «Пырақ» деген өлеңі бар-ды. Сюжетті өлең, сүйекті өлең. Сол өлеңді қазір оқысақ, оқиғалы өлеңнің желісі Сәттібайдың өз тағдыры екен. Жабағысында тақымын қыздырып, «бабасы тартқан жебедей» аға жөнелетін «жал-құйрығы – күміс­тен, түктері – алтын» пырағын сиыр сүзіп өлтіреді. Сәттібайдың сондағы жан күйзелісін жүрегің шымырламай, санаң селт етпей қабылдау мүмкін емес.

Тұман басқан буалдыр бар алапты,
Көз алдымда бейкүнә бала жатты.
Өзегімде алапат өрт өріліп,
Төңкеріліп дүние бара жатты.

Сәтжанды да сүзеген тағдыр майып қылды. «Өзегімізде – алапат өрт», демімізден жалын бүркіп, біз қалдық. «Көз алдымда бейкүнә бала жатты». Біздің де көз алдымызда тап-таза болмыс жатты.

Қаралы қауым ақынның қара табытын әрең көтеріп бара жатыр. Иә, ол – зілмауыр табыт. Өйткені, олар пенденің мүрдесін емес, ақынның әлемін арқалап бара жатқан. Табытта жазылмаған өлең, айтылмаған сыр, аяулы арман, сартап сағыныш жатыр еді…

Ол жылқыны жанындай жақсы көрді, даланы сүйді. Жырында жылқы кісінеп, кеудесіне дала сыйып кететін. Марқұм анасының қымызын аңсап, өзімен бірге оқырманын да тамсандыратын еді.

Жаңаарқа – туған өлкем аңыз-ғажап!
Халқының пейілі кең, жаны ­ізгі, азат.
Сімірші Жаңаарқаның қымызынан,
Бауырым, болғың келсе нағыз қазақ!

Бірер күнде көктем көрпесін жаяды. Екі айдан соң Жаңаарқа желісін тартып, күбісін майлайды. Жазира дала саумалдың жұпары аңқып, бар қазақ күбіден қотарылған бал қымызға бас қояды. Сол күні төрдегі бір орын мен төмендегі бір кесе бос қалады. Ол орын да, бос қалған кесе де Сәттібайдікі екенін сезіну қандай ауыр?!

Сүйікті ақын бауырының беймезгіл қазасы қабырғасын қайыстырған Серағаң (Серік Ақсұңқарұлы) әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған азанамада: «Жасай алмай дәуірін, Арманда кеткен бауырым…» деп егілді. Сәттібайдың «Мен – ақынмын» деп кеуде кермегенін, «Мүшәйраға қатысайын, көмектесіңіз» деп, бірде-бір рет алдына келмегенін қамыға жазған Серік аға ақын бауырының тап-таза болмысына тамсанады.

Иә, Сәттібай сондай еді. Көлгірсіп, көрсеқызарлық танытқанын көрмеппіз. Маған да «Өлеңдерімді «Орталыққа» жария­лаңызшы» деп бұйымтай айтып келмеді. Керісінше, мен сұраған едім… Серағаңа айтқанын маған да айтты: «Мен ақынмын ба?» деді.

…Биыл қыс қатты болып, Жаңаарқада жылқы жұтап жатыр. Тұлпардың қадірін танып, бабын білетін Сәттібайы жоқ дүниені қайран жылқы да тәрк етті ме?!

Жаңаарқада сал күрең шұрқырап жүр. Иесін іздеп… Ал, мен Сәтжан бауырымның өзі оқымайтын шертолғау жазып отырмын.

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button