Бас тақырып

Ақтүтек боранның әлегі

Үш күн болды, Арқаның ақтүтек бораны әбігерге салды. Полиция департаменті мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күндіз-түні күшейтілген режимде жұмыс істеді. Ат құлағы көрінбейтін боранда алыс жолға шығып кеткен жолаушылар да болды. «112» жолдаған ескертпені елемеген ел жолда қалды.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Ақ түтек боранның апты­ғы басылмаған соң облыс ау­мағындағы барлық бағытта­ғы автокөлік жолдары жабыл­ды. 20 қаңтардан бастап, республикалық маңызы бар «Қарағанды-Астана» және «Қарағанды-Балқаш» автожолдарында қозғалыс шектелді. Жол қозғалысы қа­уіп­­сіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция ба­тальоны мен аумақтық бөлімшелердің жеке құрамы күшейтілген қызмет көрсету режиміне ауысты. 21 қаңтар күні облыс жолдарында мыңнан астам көлік тұрып қалды. Оның ішінде, 527-ісі – жеңіл, 500-і – жүк және 9 қоғамдық көлік бар.

– Жол жабылған күні Теміртау терминалы маңында «Қарағанды-Астана» бағытында ша­мамен 300 көлік тұрып қал­ды. Бұған дейін бұл жерде көлік саны бұдан да көп болған еді, көп жүргізушілер жолдың жабық болуына байланысты кері қайтып, қалаға оралды. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жолдарды тексеріп, жү­ріп өткен еді. Қар үйіндісі мен құрсауы көп екен. Жол жағдайы туралы барлық ақпарат пен бейнематериалдар «ҚазАвтоЖол» мекемесіне жіберілді. Жол қыз­меті тәулік бойы жолды қардан тазартты. Ұйытқып соққан боран қайта қарға көмді. Кеше күндіз полиция қызметкерлерінің жол бастауымен Ас­танаға шықты. Басқа бағыттағы жолдарда да осы жағдай, – дейді облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.

Жолда қалған жолаушыларға жан-жақты көмек көрсетілді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 10 жылыту пунктіне 281 адамды, жол бойындағы 3 кэмпингке 75 адамды орналастырған. Екі күн бойы барлық жолаушыға ыстық тамақ берілді. Еріктілер мен елдімекендегі жұртшылық көмектерін аямады.

Боран қаладағы қозғалысты да қиындатты. Жол қызметіндегілер де күні-түні қызмет атқарды. Әлі де жолды, аулалар мен жаяу жүргіншілер жолын қардан тазалап жатыр.
Синоптиктер қарлы боранның соңы аязға ұласады деп болжап отыр.

– Қарағанды мен облыстың бас­қа қалаларында қарлы боранның соңы аязға ұласады. Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында қалың қар жауып, бұр­қасын күтіледі. Облыстың ба­тысында, солтүстігінде және оң­түстігінде солтүстік-батыстан со­ғатын желдің екпіні секундына 23-28 метрге жетеді. Сонымен қатар, ауа температурасы күрт төмендейді, – дейді мамандар.

Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ауа райы қолайсыз кезде тұрғындарды алыс жолға шықпауға шақырады. Әсіресе түк көрінбейтін ақтүтек боран кездерінде жолда қалып қою қаупі жоғары. Құтқару қызметі тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бірақ, тұрғындар да өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ескерту шараларын қабылдауы тиіс. Ауа райының өзгеруі және автожолдардың жағдайы туралы ақпаратты «112»-ден келетін хат пен ТЖД ресми сайтынан білуге болады.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button