Ақсу-Аюлыда жаңартылған өрт сөндіру бөлімі ашылды
Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында қайта жаңғыртудан өткен №14 өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Заманауи техникамен және жаңа жабдықтармен қамтылған бөлім шалғай елді мекендердегі төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.




– Өрт сөндірушілер әрдайым алғашқы болып көмекке келеді. Олардың дайындық деңгейі мен жабдықталуы – қауіпсіздіктің кепілі. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен еуропалық өндірістегі 59 жиынтық жауынгерлік киім, бес жиынтық гидравликалық апаттық-құтқару құралдары, радиостанциялар, спутниктік телефондар, бейнетіркегіштер, ұшқышсыз ұшу аппараттары, өрт сөндіру жеңдері және тағы басқа құрал-жабдықтар сатып алынды. Басты мақсатымыз – әрбір тұрғынға сенімді қорғаныс сезімін беру, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

№14 өрт сөндіру бөлімі материалдық-техникалық базасын толық жаңартты. Көктемде нысанға іргелес аумақты абаттандыру жоспарланған.

Бөлімнің әмбебаптығына ерекше мән берілген: өрт сөндірушілер тек өртті сөндірумен ғана емес, апаттық-құтқару, іздестіру және алдын алу шараларын да жүргізеді.

– Шет ауданындағы барлық тұрғындарды жаңа бөлімнің ашылуымен құттықтаймын. Бұл жобаны облыс әкімдігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және ТЖД қызметкерлері бірлесіп жүзеге асырды. Жаңартылған формат тиімді әрі алдағы уақытта өзге аудандарда да қолданылады. Барлық жұмыстар қызмет сапасын арттыруға бағытталған, – деді Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов.

Салтанатты ашылу кезінде бөлімге алты Toyota Hilux жедел-қызметтік автокөлігі, екі «ТРЭКОЛ» жол талғамайтын-батпақты техникасы және бір реанимобиль табысталды.

— Өрт сөндіру бөлімі — ауданның қауіпсіздік жүйесін жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық нысан. Аумағы кең, жол жағдайы қиын жерлерде жаңа техника төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, — деді ТЖД бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы.

2014 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан бөлім командирі Нұрсұлтан Советов жаңартылған жабдық жұмысты айтарлықтай жеңілдеткенін атап өтті:

— Бұрын техника мен арнайы киім жеткіліксіз әрі қолайсыз болатын. Қазір жабдық заманауи, киім-кешек ыңғайлы. Қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған. Мемлекеттің қолдауына ризамыз. Біз өз тарапымыздан сенімді ақтап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз.

Шет ауданының тұрғыны Бөгенбай Тоқбергенов жаңа бөлімнің ашылуын аудан үшін маңызды оқиға деп бағалады:
– Ғимарат кең әрі жарық, техника жаңа. Мұндай жаңарту қауіпсіздік деңгейін арттырады. Оның үстіне мұнда менің ұлым қызмет етеді – бұл біздің отбасымыз үшін ерекше мақтаныш, – деді ақсақал.

Аймақтағы құтқару қызметін қайта жарақтандыру жұмыстары барлық бөлімшелер заманауи стандарттарға сәйкес толық жабдықталғанға дейін жалғасады. Биыл сондай-ақ АЛ-55 үлгісіндегі екі автосаты жеткізілуі жоспарланып отыр, бұл өрт сөндіру бөлімдерінің техникалық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



