АймақШет

Ақсу-Аюлы ауылының фермері туған жерге деген сүйіспеншілігімен танылды

Шежірелі Шеттің сәмиян төсінде бір ғана саналы тұлғаның қажырының арқасында мұндағы тіршілік тіні қайта түрленіп келеді. Ақсу-Аюлы ауылының фермері, табиғат жанашыры Тілеуқабыл Есенбекұлы үшін бір сүйем жердің өзі нәпақа көзі емес, есіл ғұмырының мәні мен мұраты.

Суреттерді түсірген Ирис Мамбур, Мадина Какимжанова

Ол үшін әр бұлақ – тіршіліктің тамыры, әр дән – елдің болашағы. Бүгін бұл есім Шет өңіріне ғана емес, берісі облыс, әрісі респуб­ликаға үлгі қалыбында танылған. Осыдан тура 35 жыл бұрын ол Шет ауданы фермерлер ассоциациясын құрып, өңірдің шаруашылық әле­уетін жаңғыртуды мақсат еткен еді.

– Жерді қорғау – ұлтты қорғау. Егер әркім өзіне тиесілі бір бұлақты күтіп сақтаса, дала мәңгі жасайды, – дейді ол келте қайырып, сабырмен.

Осы бір селкеусіз сенімнің күшімен Тілеуқабыл аға биыл да БҰҰ Даму бағдарламасы мен Ғаламдық экологиялық қордың арнаулы грантына қол жеткізіп, ірі экожоба бастаған. Түп нәтижесінде сайын даланың 40-тан астам табиғи бастауы қайта жанданды. Әр су бастауы қамқорлық әрекетімен бетон мен таспен қоршалып, суы арнайы құбырлар арқылы ағып тұр. Тың тәсіл жыл сайын шамамен 9460 тонна суды үнемдеуге мүлтіксіз мүмкіндік береді. Дәлірегі 170 бас малды қамтамасыз етуге еркін жетеді. Бұлақтар арнасын сақтап, аялау арқылы ол жердің құрғақшылық пен шөлденуге қарсы күрестің нақты да айшықты үлгісін паш етті.

Кейінгі екі жылдық қатал құрғақшылықтан кейін Тілеуқабыл Есенбекұлының бастамасымен фермерлер 30 гектар люцерна мен 200 гектар көпжылдық шөп (пырей, суданка) егіп шыққан-тын. Су – өздері қалпына келтірген бұлақтардан және Саққалбай өзенінің еріген қар суларынан алынған. Қыста қар тоқтату әдісін қолданып, ылғал қорын арттыруға әрі келер көктемде егістікті ырыс­ты етуге септеспек.

Ал, биылғы жаңалығы – құрғақшылыққа тап берер «Төзімді» люцернасы. Австралия­лық ғалымдармен бірлесіп әзірленген мұндай сұрып суарылмаса да жылына 3-4 рет өнім береді. Топырақтың құнарын арттырып, мал азығын молайтады. Демек, облыс­тың су тапшылығына таптырмас шешім шыққаны. Тілеуқабыл Есембекұлы – ел мен жердің жанашыры. Оның есіл еңбегі – туған далаға деген сүйіспеншіліктің айғағы, ұрпаққа ұлағат.

– Біздің бабалар қыранымен аң алып та, сол табиғатты аялай да білген. Сондай рух бізге де жұғыс­ты. Жерге мейіріммен қарасаңыз, тіршілік тіні де сізді асырайды, – дейді ол.

Бүгінде Ақсу-Аюлы атырабында бұлақ біткен қайта сылдырап, жас шөптің иісі аңқиды. Бір адамның қарекетінен басталған үзілмес үміт талайды таңырқатты. Осындай мәнді мысалдар ауылдың да, елдің де еңсесін көтеріп, жастарға «өз еліңе адал еңбек етсең, жер арқасы да, бәріне төреші уақыт та сені қолдайды» деген берік сенім ұялатады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button