Жаңалықтар

Ақсораңның ақиығы

«Тау баласы тауға қарап өседі». Бұл халық нақылы Қызыл­арайдай қазыналы өлкеде дүниеге келіп, Ақсораңдай асқақ тауға қарап бой түзеген Балқаш қаласының Құрметті азаматы Серік Төлегенұлы Қасымбековке арналып айтылғандай. Ол туған жерінің табиғатынан жігер, халқының пейілінен парасат алған. Ірі жобаларымен ел есінде, іскерлігімен көпке үлгі болған азаматты ел ішінде құрметтеп «құрылыс саласының серкесі» деп те атайды. Шын мәнінде, оның еңбек жолы – бүгінгі жастарға үлгі, ұрпаққа ұлағат.

Суреттерді түсірген автор

Отбасы – тәрбие бастауы

Серік аға – үлкен әулеттен шыққан. Әкесі Төлеген ақсақал мен анасы Қамария апа сегіз бала тәрбиелеп, бәрін жоғары білім алуға, елге қызмет етуге баулыған. Бұл – отбасындағы береке мен тәрбиенің айғағы. Серік аға да сол тәрбиені бойына сіңіріп, ата-ананың үмітін ақтады. Ол 1965 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Қызыларай ауылында дүниеге келген. 1983 жылы ауыл мектебін бітіріп, сол жылы Жезқазған педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетіне оқуға түседі. Жас маман алғашқы еңбек жолын Шашубай ауылындағы мектепте ұстаз болып бастап, балалардың бойына өнердің нәрін дарытты. Кейін Отан алдындағы борышын өтеп, әскери өмірдің тәртібін көрді. Өнер мен тәртіпті тоғыстырған өмір жолы оны кәсіпкерлікке алып келді. Еңбек жолының әр сатысында ізденуден танбаған ол 1990 жылдары танымал суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Өміркелді Әбеуовпен бірлесіп қаланы көркемдеуге атсалысты. Сөйтіп, бизнестің алғашқы баспалдақтарын бағындырып, 1995 жылы жол бойындағы алғашқы «Жібек жолы» кешенін ашты. Уақыт өте келе «Ақжарық» сауда үйін іске қосып, елге қызмет етуді мақсат тұтты. Ал 2005 жылы құрылыс саласының өзекті екенін сезініп, «Балқаш Жібек Жолы» ЖШС құрылыс компаниясының негізін қалады. Бұл – аймақ үшін маңызы зор оқиға еді.

Құрылыс саласындағы қолтаңба

Бүгінде Серік Қасымбеков жетекшілік ететін құрылыс фирмасы Қарағанды облысындағы ірі нысандардың құрылысын жүргізіп келеді. Әлеуметтік маңызы бар мекемелерден бастап, көпқабатты тұрғын үйлерге дейін салып, қаншама отбасыға қуаныш сыйлап жүр. Құрылыс саласындағы тәжірибесін жүйелеу үшін Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде құрылысшы мамандығын меңгеріп, кейін қосымша заңгер дипломын да алған. Бұл тек кәсіпкер ғана емес, көп қырлы тұлға екенін көрсетеді. Құрылыс саласы – көзге көрінгенімен, көңілге оңай ұғына қонбайтын күрделі кәсіп. Әрбір сызбаның астарында тер төгілген еңбек, әр кірпіштің түбінде маңдай тердің табы жатады. Қарапайым жұрт құрылыс нысанының сұлбасын көргенімен, сол сұлбаның шынайы бейнесін қалыптастыратын жандардың жанкешті ісіне үңіле бермейді. Қағаз бетіндегі сансыз шимайдың арасынан дұрыс жол тауып, нысанның нақты кескінін көру – нағыз шебердің ғана еншісі. Сол шеберліктің шыңына қол созған, құрылыс саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып, қажырлы еңбекпен кемелдікке жеткен азамат компанияны құрылыс саласында өңірлік көшбасшылардың қатарына қосты. Тұрғындарға заманауи үлгідегі, сапасы жоғары ғимараттар салу ісінде ерекшеленіп, кәсіби биіктікпен көзге түсті. Мемлекеттік бағдарламалар аясында және коммерциялық бағытта атқарылған ауқымды істер жетерлік. Айталық, «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Балқаш қаласындағы алты қабатты аурухана күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, Сарышаған мен Ақжал кенттерінде, Қарқаралы ауданының Бүркітті ауылында, Шет ауданындағы Өспен ауылында заманауи шағын ауруханалар бой көтерді.

Соңғы он сегіз жылдың ішінде компания бірнеше көпқабатты тұрғын үй салып, қаншама отбасыға қоныс тойын тойлатты. 2017 жылы салынған «Ақерке» тойханасы мен 2018 жылы Балқаштың 80 жылдық мерейтойына орай қайта жаңғыртылған бассейн ғимараты да – компания қолтаңбасын айқын танытқан жобалар. Бүгінде бұл кешен – «Ақтеңіз» спорт орталығы ретінде спортсүйер қауымның игілігіне айналып отыр. 2019 жылы бой көтерген «Ақсораң» ғимараты мен 2021 жылы қирап қалған ескі «Құрылысшылар сарайының» орнына салынған 270 орындық «Ақнұр» жекеменшік балабақшасы да – ел игілігіне бағытталған игі іс. Бұл балабақша қалалық балабақша кезегін қысқартып, көптеген ата-ананың үмітін ақтады.

Серіктестік отандық өнімді қолдауға ерекше көңіл бөледі. Құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарды сырттан тасымалдамай, арнайы темір жол тұйығын салып, ірі блок, түрлі көлемдегі кірпіштер мен плиталар шығаратын зауыт салып, ішкі өндірісті жолға қойды. Бұл – құрылыс қарқынын арттырып, өңірдің экономикалық дамуына серпін берген бірегей қадам. Әрі құрылыс нысанының өзіндік құнын едәуір төмендетуге септескен маңызды жоба.

Ел еңсесін көтерер ертеңгі істер

Серік Төлегенұлының айтуынша, алдағы уақытта бұрынғы нан зауытының орнында жаңа сауда-ойын-сауық кешенінің құрылысы басталады. Жобада заманауи кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы мен тамақтану орындары қамтылады. Сонымен қатар, қала тұрғындарының сұранысына сай «Ақтеңіз» кешені кеңейтіліп, мұнда теннис орталығы мен балаларға арналған бассейн ашу көзделіп отыр. Қала халқы үшін аса маңызды рухани нысан – 1 500 адамдық мешіттің құрылысы да күн тәртібінде. Жалпы аумағы 5 000 шаршы метрді құрайтын алып мешітке 500 миллион теңге көлемінде жеке қаражат құйылмақ. Құрылысы келер жылдың көктемінде басталып, 1 жыл 6 айда аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Балқаш қаласында жаңа білім ордасы – №12 жалпы білім беретін мектеп есігін айқара ашты. Жалпы аумағы 14 545 шаршы метр болатын мектеп 900 оқушыға арналған. Қазіргі уақытта жаңа мектепте толықтай білім беру процесі жүріп жатыр. Балқаш көлінің жағалауын абаттандыру жұмыстары да аяқталып, тұрғындардың демалысы мен серуеніне қолайлы жағдай жасалды. Биылғы жылы бірнеше көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен бірге Ағыбай батыр көшесіндегі 90 пәтерлі үйдің құрылысы желтоқсан айының соңына дейін тәмамдалмақ. Ал, Қарағанды қаласында ұлттық жоба аясында 300 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы басталды.

Туған жерге тірек болған тұлға

Туған жеріне туын тіккен ел азаматы Қызыларай ауылын да ұмытқан емес. Биыл ауылда жалпы аумағы 416 шаршы метр болатын спорт кешенін салып берді. Заманауи кешенде волейбол, шағын футбол, күрес пен бокс залдары орналасқан. Аталған нысанның ашылу салтанаты 27 қыркүйекте өтті. Осы күні Қызыларайда интернационалист-жауынгер, Қызыл Жұлдыз орденінің иегері Серікбай Оразалиннің құрметіне арналған дәстүрлі волейболдан облыстық турнирдің мерейлі 20 жылдығы атап өтілді. Сондай-ақ, «Ақсораң жұлдыздары» атты дәстүрлі ән байқауы да 10-рет ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, ауылдағы бұрынғы спорт залына 6 миллион теңгеге жөндеу жұмыстарына қаражат бөлген. Серік Төлегенұлы Балқаш пен Ақтоғай ауданында өтетін түрлі спорттық жарыстардың өтуіне де демеушілік жасап, қолдау көрсетіп келеді. Қайырымдылық жайында жар салмай-ақ, жанға жылу сыйлап жүрген жанды шапағатын көрген жұрт жақсы біледі. Жомарттығы мен жанашырлығы ел аузында аңызға айналған. Індет ел ішін кезген ауыр кезеңде де жанашыр азамат шет қалмады. Қиын-қыстау сәтте жүзден астам мұқтаж отбасына азықтүлік таратты. Емханаларға қажет медициналық құрылғыларды да өзі сатып алып, қажетті жерге жеткізді. Мұның бәрі – үн-түнсіз, дабырасыз жасалған іс. Жалғыз бұл емес. Биылдың өзінде Серік Төлегенұлы 600 мың теңгеден астам қаржы бөліп, «Мектепке жол» акциясы аясында талай оқушыны қуанышқа бөледі. Қалам-қағаз, сөмке, киім-кешекке қолы жетпей жүрген балалар бүгінде мектепке алаңсыз барып жүр. Кәсіптің қай түріне болсын, тек табыс көзі ретінде қарамай, ел игілігіне жұмсай білетін іскер азамат бүгінде 300-ден аса адамға тұрақты жұмыс беріп отыр. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында арнайы «Қасымбеков» қоғамдық қорын құрған. Қор арқылы көмекке мұқтаж қызметкерлерге баспана алып беріп, оны өсімсіз, тиімді жүйемен өтеуге мүмкіндік жасаған. Мұның өзі – үлкен жанашырлықтың, адамгершіліктің көрінісі. Оның қолдауын тек еңбек адамдары ғана емес, талай жарысқа қатысқан спортшылар мен ел намысын қорғап жүрген өнерпаздар да сезініп келеді. Ел ағасы тек іскер кәсіпкер ғана емес, ел мүддесін биік қойған, көптің аманатын арқалаған халық қалаулысы ретінде де өз міндетін абыроймен атқарды. Депутаттық қызметті жеке мүдде емес, жұрт жүгін арқалау деп білген азамат қай кезде де ел ішіндегі мәселелерге бейжай қараған емес.

Ерен еңбек – ел құрметі

Қай кезде де игі бастамалардан шет қалмай, өнеге көрсетіп жүрген кәсіпкердің еселі еңбегі мен ерен істері елеусіз қалған жоқ.

Тынымсыз тірлігі мен туған елге деген адалдығы үшін Серік Төлегенұлына Қазақстан Республикасының Президентінен бастап, Қарағанды облысы, Балқаш қаласы мен Ақтоғай ауданы әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталған. Балқаш қаласының Құрметті азаматы атанды. Сонымен қатар, ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің Құрмет грамотасына, Балқаш қаласы әкімінің «Үздік меценат» номинациясына ие болды. «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен марапатталды.

Қай істе де сапа мен жауапкершілікті басты орынға қойған Серік аға туған жерінде құрылыс саласының өркендеуіне өзіндік өрнегін қалдырған. Оның жобалары – елдің ертеңіне үлес, келешекке мұра. Жаратылысынан жомарт, болмысы биік бұл азаматтың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі – кейінгі ұрпаққа өнеге. Біз де өз кезегімізде ел игілігіне өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген азаматтың ісіне береке, бастамаларына сәттілік тілейміз!

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button