"Білгенге маржан"Бас тақырып

Ақшатаудың асыл тасы Вашингтонда қайдан жүр?

Кридит. Дүние жүзіндегі ең жоғары демесек те, сорпаңа шейін сорып, сорыңды қайнататын біздің екінші деңгейдегі өсімқор банктер беретін, пайызы төбе шашыңды тік тұрғызатын кредит  (қарыз) туралы емес. Кридит (Ca3 Al2 SO4 (ОН)2 F8 2H2 O) деп аталатын әлемде өте сирек ұшырасатын минерал туралы әңгіме болмақ.

Бұл минералды американдық зерттеушілер Е.Ларсен мен Р.Уэлсь Колорадо штатындағы Крид-Квадрангл мекенінен 1916 жылы табады. Кридит атауын алуы содан. Өндіріске  қолданылмағанымен, әсем пішіндегі, түсі түрленіп тұратын өте бағалы коллекциялық минерал саналады. Түсті металдар өндірілетін кеніштерде кездеседі. «Тас кірпі» деп те атайды. Ақшылтым, қызғылтым, көгілжім тартқан түсі жарыққа түскенде түрленіп кетеді. Әлемде АҚШ-та, Мексикада, Боливияда, Ресейдің Байкал өңірінде, ең бастысы, Қазақстанымыздың өз облысымыздағы Ақшатауында кездеседі. Бұл кеніште вольфрам, молибден өндірілген.

Сол Ақшатаудан алынған кридит Вашингтондағы әйгілі Смитсон институтының 19 музейінің бірінде көрмеде тұр. Яғни, бұндай кридитті тауып, әлемдік нарықта жақсылап пұлдауға да болады. ТМД аумағында сатылымда болмағанмен, Батыс Еуропада, жалпы шетелде 1 караты 91-260 доллар тұрады. Шетелде геологиялық туризм осындай кеніштерді де қамтиды  екен.

Ақшатаудың кридитін В.Степанов пен Л.Булгаг 1989 жылы тауып, Мәскеуге әкеткен болуы керек.

***

Минералдың 2,5х0,7 см, көгілжім түсті, үшкір инелері 1 см, Ақадыр теміржол станциясынан оңтүстік-шығыстағы Ақшатау кенішінен алынғанын жазып қойыпты. Бұл – Ресей музейіндегі кридит. Ал, Вашингтондағы Смитсон музейіне қалай барғаны беймәлім.

Қазыналы қазақ жерінің асты да, үсті де бай екенінің бір ғана дәлелі бұл. Қызығын халқымыз көрсе игі. 

Маржан терген Мағауия СЕМБАЙ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button