Жаңалықтар

АҚШ-тан жеткен аппарат

Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейінде ерекше құнды жәдігер – әйгілі инженер-геолог Михаил Русаковтың жеке фотоаппараты сақтаулы тұр. Бұл фотоаппаратты ол ХХ ғасырдың ортасында Америка Құрама Штаттарына сапары кезінде сатып алған. Құнды жәдігерді 1980 жылы Балқаш музейіне геологтың жары Мария Русакова өз қолымен тапсырған.

Сурет автордан

Мамандардың мәлімдеуінше, музейде сақталған фотоаппараттың тарихы да ерекше. 1920 жылдары ағылшын ұшқышы, өнертапқыш әрі кәсіпкер Ноэл Пембертон-Биллинг заманауи фотоаппараттың шағын түрін жасауға бел буған. Ол темекі қорабына сыятын, сол дәуірдегі барлық қажетті функциялармен жабдықталған фотоаппарат жасауға күш салған. Инженер-геологтың қолына түскен фотоаппарат темекі қорабы көлемінде жасап шығаруға ұмтылған өнертапқыштың алғашқы жасаған нұсқасы көрінеді. Бірақ, ол кезде фотоаппараттың көлемін кішірейту мүмкін болмаған. Идея уақыт өте келе, нақты жобаға айналып, ерекше шағын фотоаппарат құрастырылған. Бұл жәдігер тек техника жетістігіне баланған. Сонымен бірге, геолог фотоаппаратты қазақ жеріндегі геологиялық барлау жұмыстарын жасағанда пайдаланған. Бүгінде бұл фотоаппарат Балқаш музейінің ең құнды экспонаттарының бірі саналады.

Айта кетейік, Михаил Русаков – Қазақстанның тау-кен саласы мен геология ғылымының дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым. Ол Балқаш көлінің маңынан Қоңырат мыс-порфир кен орнын алғаш болып ашқан ленинградтық инженер-геолог ретінде ел тарихында қалды. Қоңырат кеніші кейіннен бүкілодақтық маңызы бар ірі өндіріс ошақтарының біріне айналды.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button