Поэзия

Аңсап күткем жыл құсын

    Жыл басы – Наурыз күні туған алғашқы төлді қазақ дүбіраяқ атаған. Күркіреп тұрған көктемнің дүркіреп туған тұңғыш төліне қылған құрметі. Біз де ұлыстың ұлы күні қарсаңында жаңа жыл келісімен келесі күні дүниеге келген Жанат ЖАУБАСОВТЫҢ өлеңдерін ұсынғанды жөн көрдік. Жерлесіміз 1950 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлыда 23 наурызда шыр етіпті. Бүгінде Алатауда жүрсе де, бір бүйрегі Арқаға бұрып тұратын ақынның «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Гуманитарлық Академиясының академигі, Алматы облысы, Талғар ауданының Құрметті азаматы һәм Қазақ күресінен спорт шебері, Орта Азия әскерилері арасында чемпион екенін газетіміздің тұрақты оқырмандары білсе керек.

Наурызда

Ауылыма көшет тұрғыздым,

Ық болсын деп боранда.

Қасында тұрса жұлдызың

Айда уайым болар ма?

Жаныма келіп немерем,

Бір ағаш екті тағы да.

Қарсы алар ертең жыл құсын,

Айналып алма бағына.

Аңсап күткен жыл құсын,

Қуанышым жетілді.

Наурызбен менің немерем,

Бірге туған секілді.

Құдіретті, киелі жаздың өлең

(Серік Ақсұңқарұлына)

Бір жылдың төліміз, Серік бауыр,

Дәуір сырын ақтарған сөзің тәуір.

Кешегі Қасым аға салған жолмен,

Келесің тартып жырдың жүгін ауыр.

Құдіретті, киелі жаздың өлең,

Өзгелерден көш бойы озды кемең.

Қаздауысты Қазыбек би қолдағандай,

Мәди жебеп, тапқандай сөзді терең.

Дана саңлақ, дүбірлі тарлан дүрсін,

Жәй емес, сөзің асыл, дауыл жырсың.

Шапқан сайын қыза түс, самға, өрле,

Өзге емес, сен өзімнің бауырымсың.

Киелім

(Бибіғайша Шонанқызына)

Ақ жаңбырға жапырағын тосқан теректей,

Еркелеттің ғашығыңды бөбектей.

Сен бірліктің пірі болдың өмірде,

Сынған кесе сыңғырында елетпей.

Баспанамыз болмай біздің тұрақты,

Тағдыр, шіркін, тосты талай сынақты.

Арман қуып келіп едік Арқадан,

Алматыда туды күндер шуақты.

Алатаудан, бақыт таптық, киелім,

Тар кезеңде болдың берік тірегім.

Бибіғайша ажарыңды мақтамай,

Пәк мінезге мың-мың алғыс үйемін.

Жазы өтіп, келді өмірдің күзі де,

Немерелер сапта тұр ғой тізіле.

Әлі талай асулардан өтерміз,

Қарай-қарай мәңгі ғашық жүзіңе.

Алатауым

Күн сүйген Алатаудың мұнар басын,

Көргенде өзіңе өзің сын артасың.

Сыртымнан жазғанымды тексергендей,

Жамбыл мен Мұқағали, тұрар Қасым.

Шыңдарға соларға ұқсас қызығамын,

Күнде күліп тұрады жүзі жалын.

Бау-бақша Алатаудың етегінде Ай

Тыңдатқан – Алатаудың қызық әнін.

Кең шатқал, қандай ғажап алаңдары,

Оятар шабыт құсын самал нәрі.

Дегендей шырқа, шалқы, самға биік,

Қарап тұр ақ бас шыңдар маған бәрі.

Арман төрін

Алаштың анықтадың

Әлихан, Ахмет, Мыржақып – үш арысым,

Үш көсемім, қазақтың ұранысың.

Екіталай айқаста жан аямай,

Көрсеттіңдер заманның тың ағысын.

Арман төрін Алаштың анықтадың,

Ойладыңдар тек қана халық қамын.

Қазақ болып туғаным қандай жақсы,

Аттарыңа жыр арнап шарықтадым.

Отаншылдық рухым артты бүгін,

Бодандықтың лақтырдық ауыр жүгін.

Арман еткен даналар Тәуелсіздік,

Көрдік бүгін дербестік азат күнін.

Ширек ғасыр болыпты ту тіккелі,

Қалды артта қиындықтың бар өткелі.

Беу, ағайын, ақталды халқымыздың,

Бірігіп жан аямай тер төккені.

Бағбан

(Профессор К.Аяповқа)

Тербейтін сөзі санамды, сезім дария тарамды,

Ұмытпастан еске алам сол бір бағбан ағамды.

Айыра білді ол бағбан – жақсы менен жаманды,

Көлдей еді көңілі, таудай еді жүрегі.

Өзі өсірген бауменен бірге жайнап түледі.

Толы жеміс құшағы, әр ағаштың бұтағы,

Өзгелерді береке, байлығыменен ұтады.

Сол бір бағбан нарықтың бар бергенін тұтады

Бақ жайнамас бағбансыз, бәріміз бір талданбыз.

Деуші еді бағбан, балаға, ұстаз болған армансыз.

Азатпын

(Тәуелсіздіктің 25 жылдығына)

Ата-баба аруағын сыйлар құлымын,

Айбыным зор, Мағжанға тартқан ұлымын.

Ата-анаммен бөлісіп өстім таң нұрын,

Арнадым саған, туған ел, бүгін жан сырын.

Кеше ғана көз жасын жасырып төккенде,

Жүргендей болдым үнемі қырсық өткелде.

Тәуелсіздік келген соң, дертті тазарттым.

Мен нарықтың сардары, Еріктімін азатпын.

Елге төнген түнектің ашсақ түндігін,

Планстада, білмейді бізді кім бүгін.

Сәулет пен дәулет жолын бастаған,

Санатқа тұрды ел мерейі – Астанам.

Толғанып айтар жетістігім менің сай,

Жиырма бес жылда, қарқынды дарқан елім бай.

Отаныма орнасын мәңгі азат күн,

Тәуелсіз елмін,

Мен тәуелсіз қазақпын!

Сен емдедің Ақселеудің інісін!

Дәрігерім, Орынбаса! Жарадың,

Ауыра қалсам бір өзіңді табамын.

Берген емің шипа болды бойыма,

Ел табысы – сенің құтты қадамың.

Сен мықтысың, мықтысың да ірісің,

Құлагердей ағындасын жүрісің.

Сен емдедің Сарыарқаның саңлағын,

Сен емдедің Ақселеудің інісін.

Қинап кетсе ауыр кесел ақ жалын,

Өмірімді қинамастай жалғадың,

Саған рахмет айтады бар әулетім,

Әсіресе, ерке сұлу жан жарым.

Ұстазыма

(Профессор Х.Арыстанбековке)

Даңғылынан өтсем кейде Абайдың,

Мақтанышпен ғимаратқа қараймын.

Студенттік сол жылдарым есімде,

Рухы биік лекциясы ағайдың.

Өсіп-өндім, қанат жайдым, мақтанам,

Тағлымыңды өсиетіңді жаттағам.

Рахмет айтып, бас иемін, жан аға,

Үлгі болып болашаққа, баптаған.

Жастайыңнан алғыр болдың білімге,

Шеше білдің жұмбақ жолдың жігінде.

«Оқу-білім – қорек» деген өмірлік,

Дәрісінде іске асырдым бүгінде.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button