Жаңалықтар

Ақсүйек

    Міне, бір жылда зырлап өте шықты. Кеше ғана арамызда жүрген ардақты азамат Сарқан Зейнешұлының өмірден озғанына бір жыл толып отыр. Көзден кетсе де көңілден кетпейтін жақсы аға, қамқор әке, адал жар бола білген Сәкеңнің жарқын бейнесі көптің жүрегінде қалғаны анық. Бүгін біз осы Сарқан марқұмды тағы бір рет еске алып, ол туралы білгенімізді жазып, туған-туыс, дос-жаран, құрдастарының бірге өткізген күндері туралы естеліктерін жариялап отырмыз.

Мақаланың атауын «Ақсүйек» деп қойдық. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Сарқан марқұмның шыққан тегіне қатысты еді. Арғы атасы кешегі Қаракесек ішіндегі Қарқаралы хан Бертіс болатын. Қарадан шығып хан атанған сол Бертіс бір замандарда Қатаған, Шанышқылы, екі баулы Қаңлы руларының басын қосып, Ташкентті билеген Жәлім сұлтанның ұлы Тұрсынханның Нұрбике аты қызынан туған еді. Өз әкесі Шаншар абыз Тұрсынханның Айбике, Нұрбике, Қызданбике атты үш қызын бірдей алғаны тарихтан белгілі. Сол Нұрбике ханымнан туған Бертіс төре тұқымының, яғни, ақсүйектің  жиені болатын. Ал, Айбике ханымнан Келдібек бидің, одан Қаздауысты Қазыбек би туғанына тағы жақсы білесіздер. Олай болса осындай атағы жер жарған әйгілі аталар мен аналардың жалғасы Сарқан Зейнешұлын ақсүйектің тұқымы десек әбестік емес. Екіншіден, ақсүйектік оның қанында болса, өзі де соған лайық еді. Күнделікті жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, қимылы, сөз сөйлеуі оның ақсүйек екенін айқын аңғартып тұратын. Сәкең 79 жасында қайтыс болғанша бір еңкейген емес, сол тіп-тік  қалпы өмірден өтті. Қашан көрсең қаққан қазықтай болып тұратын. Ыңқыл-сыңқылды білмейтін. Қазақта «Жаман қой бестісінде айналма болады» деген нақыл сөз бар. Біреулер алпыс жасында бүкірейіп қалады ғой. Біздің Сарқан аға 80-ге келгенше бір күн жұмысынан қалған жоқ, машинасының рулін ешкімге берген емес. Тектіден текті туады деген сол. Кенеттен Алланың әмірі келіп қалмағанда әлі талай жасайтын қауқары бар-ды.

Жалпы, Сарқан марқұмның жинақылығы, қаршығадай шымырлығы, ұсақ сөз термейтін мәрттігі, бос сөз сөйлемейтін паңдығы, әзіл-қалжыңға сұңғылалығы, кісілігі оның ақсүйек тұқымынан екендігін аңғартатын еді. Сонымен қоса, ағаның осындай пысық болып өсуіне өмірдің өзі итермелеген тәрізді. Әкесі Зейнеш 1942 жылы соғысқа аттанғанда ол бар-жоғы 5 жаста екен. Әкесінің бейнесі еміс-еміс қана есінде қалыпты. Анасы Гүлжамила 4 баламен елде қала берген. Үлкені Орынтай, Сарқан, Мақсат, Тілеубекті сүйрелеп жүріп жалғыз өзі жеткізген. Сұм соғыс кімді жесір, кімді жетім етпеді дейсіз. Зейнеш сол соғысқа аттанғаннан хабарсыз кетті. Ер-азаматтың бәрі майданда, ауылдағы колхоздың барлық қол жұмысы әйел мен бала, кәрі-құртаңның мойнына артылды. Қазіргідей техника жоқ. Шиқылдаған арба, жауыр ат пен қу мүйіз өгіз ғана бар. Көбіне соқаға сауын сиыр жегілетін. Үйдегі ұлдың үлкені болғандықтан, Сарқан 10 жасынан бастап колхоздың жұмысына араласты. Таңнан тұрып, анасымен бірге қара жұмыс істеді. Өгіздің басына мініп, егін екті, шөп шапты. Бала болып доп қуып, асық ойнауға уақыт болмады. Бұл соғыстан кейінгі көптеген жетімдердің басынан өткен жай еді. Бала болса да колхоздың жұмысын істеп, еңбек күн тапты, анасына қолқанат болып, інілерін асырауға көмектесті. Осылайша еңбекке ерте араласқан бала Сарқан оқуға да зерек болды. ҚазақССР-інің 30 жылдығы атындағы колхоздың бастауыш мектебін бітірген соң 5-6 класты Егіндібұлақ селосындағы орта мектепте жалғастырды. Бұдан соң Едірей ауылында 7 жылдық мектеп ашылып, Мыржықтың балаларын сонда жіберді. Интернатта жатып оқыды. Едірей мен Мыржық таулары жапсарлас, бір-бірінен онша алыс емес. Бірақ таулы жер, жол жоқ. Каникул кезінде ауылға жаяулап, жалпылап баратын. Осы қиындыққа шыдамаған кей балалар оқымай қалды. Бірақ алған бетінен қайтпайтын Сарқан 7 жылдық орталау мектепті үздік бітірді. Содан 1953 жылы Қарқаралы қаласындағы зоовет техникумға келіп оқуға түседі. Ағайын-туысы жоқ, танымайтын жерде жүріп, талабының арқасында оны да үздік бітіріп, мал дәрігері деген мамандық алып шықты.

1957 жылы Қарқаралы  мал дәрігерлік  техникумын бітіріп, өз колхозында  кіші  зоотехник  болып қызметке  кіріседі. Қоғам  малын індеттен сақтау,  сол үшін жаппай егу тәрізді  бітіп болмайтын жұмысқа белсене еніп кетеді.  Нағыз шаршамайтын кезі. Сол екі-үш жылда  тиянақты  қызметімен көзге  түскен бозбала  Сарқан 1960 жылы «Комсомол» совхозына  бас  зоотехник  болып та­ғай­ын­далады.  Еңбек  ете  жүріп  Ал­матыдағы  зооветеринарлық институтты  сырттай  оқып,  жоғары  білім алады. Табан аудармай осы  шаруашылықта  9 жыл бас  зоотехник  болып қызмет атқарды. Одан кейін Егіндібұлақ аудандық партия  комитетінің  ұсынысымен 1969 жылы  «Қоянды» совхозы  партия  ұйымының хатшысы  болып сайланады.  Сонда   4 жыл  табысты  ең­бек  етті.  Совхоз директоры  Хасен Тоқбаев,  кәсіподақ комитетінің төрағасы  Хамит Кәріпбаевпен және  тағы  басқадай  азаматтармен тізе  қоса еңбек  етті. Шаруашылықтың  экономикасы  артып, әлеуметтік  сала  дамыды.  Жаңадан мәдениет үйі,  мектеп, балабақша  салынып,  халықтың тұрмысына  көңіл бөлінді.  Сол  себепті  жергілікті  тұрғын­дар­дың жұмысқа  деген ынтасы да зор болды.

1973 жылы  Қарағанды  облыс­тық партия  комитетінің аппаратына  алыс  ауданнан шақырылған алғашқы  мамандардың  бірі  болып  нұсқаушы  қызметіне  ауысты.  Сол жылдары  облыстық партия  комитетінің екінші  хатшысы  болған  Әбдуәлі Спанов деген білікті  маман  ауыл шаруашылық саласына   жетекшілік  еткен болатын.  Ол жан-жақты  білімді  әрі  ауылға  жаны  ашитын адам  еді.  Қазіргі  іс  басында  жүрген көп  азаматтар сол кісіден үйреніп,  үлкен өмірге  жолдама  алды.  Сол жылдары Егіндібұлақ аудандық партия  комитетінің бірінші  хатшысы  болған Нарманбет Садықов көптеген жас  мамандарды  тәрбиелеп,  өсіріп шығарған болатын.  Сол Егіндібұлақтан шыққан бір топ  азамат облыс  орталығына,  басқа  аудандарға  шақырыла  бас­тады.  Олар кейіннен басшы  қыз­меттерде  болды.  Солардың  бір легінде Дәурен Қарасартов,  Амантай  Рахымов, Темірболат Мә­житов, Мұрат Нұрақышев, Абдолла Төребеков, Серік  Әлімов тағы  басқа  інілері ел ықыласына  бөленгеніне Сәкең  іштей  риза  болып отырады.  Балқантаудан түлеп  ұшқан  осындай ел ағаларының ішінде  өзінің туған інісі  Тілеубек  Зейнешев те  бар. Ол да   аналарының  еңбегін ақтап,  өрелі  азамат болып  өсті, бірнеше  ауданды  басқарды.  Ана еңбегінің ақталғанына Зейнеш әулеті тәубе  деп  отырады.

Сарқан ағаның тағы  бір еңбек  белесі – 1977 жылы құрылған Талды ауданымен байланысты.  Жаңа  ашылған өңірге  – ауыл шаруа­шылығы  басқармасының бастығы  және халық депутаттары  аудандық кеңесі  төрағасының орынбасары  қызметіне  келді.  Жаңа  ауданды  Бақыт Рақышев деген өресі кең,  білгір азамат басқарды. Ол кісі  әрбір бастаманы  қолдап,  оған өз ойын қосып, тезірек  іске асы­руға  асығатын алғыр басшы еді.  Осы  уақытқа  дейін жинақтаған тә­жірибесі  нағыз іске асатын кез туды.  Солай болды  да.  Ол уақытта  аудандағы  іргелі  шаруашылықтарға  Қ.Бурабаев, С.Смақов, Р.Әлин, М.Рапықов сынды  іскер азаматтар басшылық жасайтын.  Солармен бірлесе  еңбек  етудің  нәтижесінде Талды ауданында  мал басы  өсіп,  егін шаруашылығы  берекелі  болды.  Осындай  табыстың  арқасында  1979 жылы облыстың партия  комитетінің бірінші  хатшысы Александр Коркин өз қолымен «Құрмет белгісі» орденін оның омырауына  тақты. Сол уақытта  Қазақстан Компартиясы  орталық комитетінің бірінші  хатшысы Д.Қонаевтың  ауданға іссапармен келуі де  үлкен оқиға болған еді.

Сарқан аға  1980 жылдан 1994 жылға  дейін облыстық ауыл шаруашылық басқармасында  бөлім  меңгерушісі,  облыстық санитарлық мал дәрігерлік  мекемесінің  бастығы  қызметтерін атқарды.  Бұдан кейін  Бұқар жырау  ауданының «Көк­тал» совхозына  директор бо­лып келді. Бұл одақтың тарап,  шар­уашылықтың ыдырай  бастаған тұсы еді.  Соған қарамастан  Көктал ауылында  жаңа  мектеп  салуды қолға  алды. Себебі, мұнда  халық көп  тұратын жер болғанына  қарамастан балалар ескі баракта  оқитын еді.

– «Көктал» совхозы  қаланың түбінде  орналасқанына  қарамастан дамымай  қалған шаруашылықтың бірі екен. Тіпті, МТМ тәрізді  қажетті  қосалқы  ғимараттар да  жоқ. Ал, сонау  алыста  жатқан Егіндібұлақ, Қарқаралы, Талды  аудандарында  800 қыстақ болды. Солардың бәріне электр энергиясы жеткізілген еді. Бәрінде машина – трактор шеберханалары  болды. Бұл тұрғыдан келгенде  ол уақытта  алыс  ауыл­дарға  шефтік және  басқадай  көмектер жасалып тұратын.  Олар­мен салыстырғанда  қала  маңын­дағы  шаруашылықтар  кенжелеп қалған еді, – деп  еске алған-ды сол күндерді Сарқан аға.

Сәкең 1997 жылдан бері  жеке  шаруа қожалығын ашып, соған басшылық жасады.  Бұл заман талабы еді.  Бұл арада да ол тағы  заманына  қарай  бейімделіп, шаруашылықтың жеке меншік  түрін игерді. Әйтеуір ауылдан,  жерден қол үзген жоқ. Осындай  көп жылғы еңбегі  үшін Қазақстанның «Құрмет» орденімен 1999 жылы  марапатталды. Президенттің Алғыс хаты және  төрт медалі  еңбегінің бағалануы  деп  санайды.

Сарқан марқұм 5 бала, 12 немере-шөбере сүйген бақытты әке, атаның бірі. Жұбайы Сәлима Нұрмағанбетовамен 35 жыл отасып, бала-шаға өсірді. Өмірбойы қызметте болған Сәлима апай сол күндер туралы былай дейді: «Сарқан отбасында өте жайлы адам еді. Сырттай бір көрген адам тәкәппар деп ойлайтын. Шын мәнінде ондай емес еді. Кісілігі зор болатын. Ол кісінің қасында отырғанда бір қорғанның қасында отырғандай боласыз. Қызметте қалай болғанын білмеймін, үйде өте қарапайым, кішіпейіл болды. Әрине, осындай сенімді, қамқор отағасынан айырылған бізге оңай болған жоқ. Алланың бұйырғына амал бар ма?».

Сарқан марқұмның толық бейнесін оның туыстары, достары, құрдастары, қызметтестері төмендегі сұхбаттармен толықтырып отыр.

Тілеубек Зейнешев: – Сарқан ағаммен 5 жас айырмашылығымыз болғанмен егіз қозыдай бірге өстік. Ағайынды төртеуден екеу қалған едік. Енді, міне, бір жылдан бері жалғысырап қалдым. Ол кісі менен үлкен болса да көп адамдар «Сарқан сіздің ініңіз бе?» дейтін еді. Бет әлпетіне, қимылының ширақтығына қарап айтатын болса керек.

Еркін Қасымжанов, еңбек ардагері: – Мен Сарқанмен 1953-1957 жылдары Қарқаралы зовет техникумында бірге оқыдым. Екеуміз танысқалы 63 жыл уақыт өтіпті. Содан бері екеуміздің достығымыз алыстаған емес, қайда жүрсекте байланысымыз үзілген жоқ. Біздер тағдырдың жазуымен достасқан едік. Екеуміздің тағдырымыз де ұқсас еді. Алыс ауылда өстік, әкелеріміз соғысқа кетіп жетім болдық. Көп қинындық көрдік. Әйтеуір, аналарымыздың. Үкіметтің, партияның арқасында ел қатарына қосылдық, жоғары білім алдық. Біздер аналарымыздың қиналғанын, жылағанын, қорланғанын көріп өстік. Қамшының сабындай ғұмыр өте шықты, Сарқан досым мені тастап кете барды. Амал қанша. Соңында қалғандарға, Ермұратына ұзақ ғұмыр тілеймін. Басқа не айтамын. Досымды сағына-сағына менде бір күні өтермін.

Нығымет қажы Ғабдуллин, еңбек ардагері: – Сарқан екеуміз түйдей құрдас едік, арамыз 6-ақ күн. Біз туған 37-ші жыл ауыр жыл болыпты. Сол жылы қазақтың игі жақсыларына жала жабылып, халық жауы атаныпты. Менің әкем де сондай қуғынға түсіпті. Анам әкеме жолығамын деп кеткенде емшектегі мені Сарқанның шешесіне беріп кеткен екен. Сөйтіп, мен оның қорегіне жармасып, бір ананың төсін еміп жүріппіз. Содан соғыс басталып, Сарқанның әкесі майданға алынып, хабарсыз кетті. Содан кілең жетім жоқшылықты көрдік. 6-7 жасымыздан өгіздің басына міндік. Бастауыш мектепке бірге бардық. Ақыры 7-ші класты Едірейден бітіріп, Қарқаралыға зоовет техникумға бірге түстік. Онда 4 жыл оқып, өз колхозымызға зоовтехник болып келдік. Осылайша жастық шағымыз бірге өтті.

Мұрат Нұрақышев, еңбек ардагері: – Сарқан ағаның жақсылығы көп еді ғой. Ақырын жүріп, анық басатын нағыз сырбаз, тектінің тектісі болатын. Ол кісінің біреумен сөзге келіпті дегенін естіген емеспін. Басшымен де, қошымен де тіл табыса білетін. Артынан сөз еткен емес. Сөздің өзі теріс мінезден, теріс әдеттен туады ғой. Ал ондай оғаш мінез Сарқан марқұмда болған емес.

Серік Әбішев, Бұқар жырау аудандық мемлекеттік кіріс басқармасының басшысы: – Мен Сарқан ағамен 2001 жылдан бастап етене танысып, жақсы араластым. Бұрында сырттай білетін едім. Ол кісі шаруа қожалығының жайымен салық комитетіне жиі келіп жүріп, араласып кеттік. Ауданға келгенде маған соқпай кетпейтін. Өте еңбекқор адам болды, бәрін өз қолымен істеген жан. Көп елдің басын қосып жүретін еді. Қайтыс болғанша жұмыстан қолын үзген жоқ. «Мен жоқтықтан жұмыс істеп жүрген жоқпын, еңбексіз бос отыра алмаймын» – дейтін. Сәкең оқыған-тоқығаны көп, ұстаз адам еді. Менің өзіме көп нәрсені үйретті. Талай адаммен аралас-құралас болдым. Дәл Сарқан ағадай сырбоз, ақсүйек адамды көрген емеспін.

Серік СЕКСЕНҰЛЫ.

Ел-жұртыңа

ардақты асылым-ай!

Сен туған жыл 37 ел ерекше дүрлікті

Ағайын-жұрт ажырасып сақтай алмай бірлікті.

Іле жетті қанды қырғын,зор майдан

Азаматтар оқ астында сақтай алмай тірлікті.

Өмір кештің жалғауменен жоқшылықтың жөрмегін

Бала болып асық атып, доп қуалап көрмедің.

Тірек болып жалғыз басты анаңа

Еңбек еттің жан тынымын көрмедің.

Тарта жүріп сұм соғыстың зардабын

Білім іздеп қатарыңнан қалмадың.

Ел басқардың қаншама жыл жемісті

Жұртқа мәлім си-сиапат алғаның.

Бауырым көпке әйгілі парасатың

Жатсынбай жас-кәрімен силасатын.

Құйма құлақ аталы сөз зергері

Затыңа Сарқан атың жарасатын.

Ел-жұртыңа ардақты асылым-ай!

Сен едің терең дария ағысындай.

Тірегімдей көруші ем жан бауырым,

Қалайша төзім жетер сағым сынбай.

Ойлаушы ем мен өмірден кетсем қайтып,

Басымда сен тұрар деп жоқтау айтып.

Алланың жазмышына шара кәні,

Сен кеттің мені қалдырды аңыратып.

Ажалға араша жоқ жігерім құм,

Майрылдым бірі едім жігерлінің.

Бір уыс салған салқын топырақпен,

Жылуы жетсін саған жүрегімнің.

Қатігез тағдыр қатал сенім бар ма?

Тәтті үміт жетелейтін өмірді алға.

Шырағың шайқатылмай тұрар биік,

Соңыңда жарың барда, ұрпақ барда.

Тәңірім жатқан жерің жарық болғай!

Топырағын мекеніңнің мамық қылғай!

Иманыңды иә Алла жолдас ет деп,

Қош болғын жан бауырым, қимасым-ай!

Рамазан Құсайынұлы.

Р.S. Сарқан марқұмның бір жылдық асы 30 қыркүйекте 14.00 сағатта «Олимпия» мейрамханасында беріледі.

Басқа материалдар

Back to top button