Әдебиет

Ақсұңқарұлы – ақын

«Адам дәрігері адам кеселін емдейді. Бір кісіні, екі кісіні, көп кісіні… Ал, ақын, егер ол ақын болса, ол шын ақын болса, бүкіл адамзатты емдейді. Сондай нағыз ақындардың бірі – қасиетті Қызыларай тауында туған Серік Ақсұңқарұлы.

Киелі әулие бабамыз Лұқпан Хәкім айтқан: «Емшінің үш амалы бар» деп. «Біріншісі – дәрісі, екіншісі – қандауыры, үшіншісі – сөзі», деп. Біздің қазіргі қарағайдай дипломды дәрігерлеріміз ауруды алғашқы екі амалмен емдейді. Үшіншісі – жоқ. Өйткені, оларға үшінші амалды университетте де оқытпайды. Университет Лұқпан Хәкім өсиетін үйретпейді. Сондықтан болашақ дәрігер тәліптер жылы­жылы сөз өнерінен, оның емдік құдіретінен құралақан. Дәрігерлердің бұл орасан олқылығын толтыруды Құдай ақындарға бұйыртқан. Әрине, нағыз хас ақынға.

Кеңес өкіметінің заманы еді. Қазақстан Жазушылар одағының кезекті съезі өтіп жатты. Басқарманың мүшелерін сайлау кезінде баяндама, жарыссөз, айқай­-шу тоқтап, аздап тыныс орнаған кезде мен:

– Қарқаралының Қызыларайынан келген, Ақсұңқарұлы, қайдасың: «Көк бөріні» оқы! – деп айқай салдым. «Көк бөрі» съезд күмбезін күмбірлетті. Айтыстан шаршағандар Көк бөріден қуат алғандай сілкініп қалды. Әне, содан беріде заман өзгеріп, заң өзгеріп, талай жылдар өтіп кетіпті. Сондағы «Көк бөріні» оқыған «бөлтірік» қазір өзі Көкбөріге айналып, ердің жасы – елуге толыпты. Соңғы жаңа кітабы – «Адам Ата­-Һауа Ана» жинағы қолыма түсті. Сүйсіндім.

Ақсұңқарұлы баяғы­баяғы бабасы Күлтегінді іздейді. Таба алмай шарқ ұрады. Түрік әлемінің абыройын асқақ татқан Күлтегін заманын аңсап, Иисус Христостың оралуын зарыға күткен христиандар сияқты, ақын да ұлы рух пайғамбарларының қайта келуін аңсармен армандайды. Күлтегіннің өзі армансыз деп кім айтты? Оның да сатқын уәзірлері болған. Бәлеқор, жалақор, парақорлар сол заманда да сүмелеңдеп жүрген. Алып бәйтеректің өзегіне құрт түссе – бәрінен де сол жаман. Қысық көз, қисық тістілердің әккілігіне, парасына қызығып, елін, Отанын сатқан сұмырайлар ақыры айбынды түрік дүниесінің іргесін ірітті.

Ақсұңқарұлы өткір өлеңмен осы көң тарихты тірілтті. Дәл осы кезде, тәуелсіздік таразысының екі басы алма­кезек қалтыңдап, теңесе алмай тұрған шақта бұл поэма – қаһарлы, қатаң ескерту. «Маңдайымның соры неге бес елі?!» – дейді Ақсұңқарұлы. Қайғылы да қаһарлы сұрақ. Сол сордан маңдай қашан ашылады? Көзі ашық, көкірегі ояу Көкбөрінің шаялаған тұқымдары осыны күндіз-түні ойлағаны жөн.

Меніңше, бұл жинақ Қазақстан Жазушылар одағы басшыларының, Мемлекеттік сыйлық комиссиясы мүшелерінің назарынан тыс қалмаса, әділеттілік болар еді деп ойлаймын. Маңдайың жарқырап, жақсы жырдан от лаулатып, жаурағандардың жанын жылыта бер, Ақсұңқарұлы!»

«Егемен Қазақстан»,

29.03.2000 ж.

Басқа материалдар

Back to top button