Жаңалықтар

АҚПАРАТТЫҚ ДИЕТА: уақытты босқа өлтірмеңіз

Көлді – жел, ойды – сөз қозғайды емес пе? Бірақ, әлеуметтік желілер өмірімізге енгелі қарапайым адами әңгіме ысырылып, екінші орынға көшті. Көз тартатын фантиктерге оралған тәттілердей көздің жауын алатын керекті-керексіз ақпараттар легінің көптігінен бас айналады. Бірқатар жағдайларда жеке адам тұрмақ, жалпы қоғамдағы құбылыс жайлы өзіндік ой қорытып, жеке пікір қалыптастыру жай қалып, сол ақпараттарға ғана сүйенген көзқарас пайда болды. Артық ақпарат тамақты мөлшерден тыс пайдалану тәрізді. Кейінгісі денсаулыққа зиян болса, алғашқысының ой-санамызға кері әсері бар. «Ақпараттық диета» түсінігінің пайда болуы да осыдан…

«Теледидар не туралы ойлану керектігін айтып қана қоймай, оны миыңызға сынадай қағып береді. Бұл жерде айтылғанның бәрі – дұрыс». Бұл сөздер америкалық жазушы Рэй Брэдберидің «451 градус по Фаренгейту» атты дистопиялық ғылыми романының алғысөзінде жазылған. Кітапта теледидардың кітапқұмарлықты қалай жоятыны туралы айтылады.

Шынында, 1950 жылдардың басында америкалықтар, америкалықтар ғана емес, жалпы адамзат теледидардың не екенінен мүлдем хабарсыз еді. Бірақ, Брэдбери саясатқа деген дұрыс көзқарасты ұлғайтуға ғана бағытталған, кітапқа тыйым салуға әкелетін аста-төк дүние мен ойын-сауықтың, тұтынушылық тұрғыдан әрі аса алмайтын еркіндіктің жаңа дәуірінің туатынын дөп басып, болжады. Бұл жерде, автор жалпы теледидар ғана емес, адамдардың қарапайым қарым-қатынасының өзін жоққа шығаратын әлеуметтік желілердің пайда болып, уақытымыздың көп бөлігін көзге көрсетпей ұрлайтынын да дөп басып айтқандай.

Шынтуайтына келгенде, қарапайым әңгіменің пайдасының өзін дұрыс бағалай алмаймыз, әлеуметтік желі оның орнын қайтсе де толтыра алмасы анық.

Психолог мамандардың өзі неғұрлым көп сөйлесіп, өзімізді мазалаған дүниелерді болмаса, не қуантатынын жиі айтатын болсақ, соғұрлым өмір жасымыз да ұзара түсетінін айтады.

Мейрамгүл ТҮСІПОВА, химия-биология бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» педагог-психологі:

– Қазір шынын айту керек, ата-аналарының балаларына уақыты жоқ. Әрине, барлығына бірдей топырақ шаша алмаймыз. Дегенмен, көпшілігі балаларын смартфон, болмаса, әлеуметтік желі арқылы қадағалап, тұтынушылық қажеттіліктерін толығымен өтеп берсек болды деген көзқараста. Өмірімізде болып жатқан жақсы-жаманды нәрсенің барлығы сезімдер түрінде санамызда сақталып қалады. Ал, әсіресе бала үшін сол сезімдерін ең жақын адамдарымен бөлісіп, бойындағы қорқыныштан арылар болса, әлем тек алдындағы компьютер, әлеуметтік желілерден ғана тұрмайтынын түсінер болса, келеңсіз жағдайлар да орын алмас еді. Сондықтан, мектеп психологы ретінде біз ата-аналарға балаларымен жиі әңгімелесіп, ойларымен бөлісіп, қолдау көрсетіп отыруға жиі кеңес береміз.

Жалпы, жағымды, болмаса жағымсыз эмоция демекші, санаға мықтап кіріп алған проблеманы айтып, шығарып тастамау оның ұлғайып, іштен жегідей жейтін алып «құбыжыққа» айналатынын айтады мамандар.

Ал, сөйлесу немесе ойыңдағыңды біреумен бөлісу адамға болған жайтты сезінуге, ол санамызға қалай әсер еткенін бағамдауға және оның салдарын көре білу мүмкіндігін ұсынады емес пе?!

Былай қарасаңыз, ой бөлісу үшін ешкімнің қажеті жоқ, қолдағы смартфонда Instagram, ВКонтакте, кейіннен қосылып, Facebook-тің өзін басып озған TikTok әлеуметтік желілері жетіп жатыр. Қалағаныңа тіркеліп алып, ойыңды жайып сала бер, ешкімнің қарсылығы жоқ, ешкім сөкпейді. Керек ақпарат та осы жерде. Керек емесі де. Біреуі – жөн сөзі айтса, бірі – ақыл айтудан шаршамайды. Ойланудың, бас ауыртудың қажеті жоқ. Проблеманы шешу үшін әлеуметтік желіге кірсеңіз болды, мазалаған дүниені жіліктей шағып, алдыңызға әп-әдемі етіп ұсына қояды. Білмегеніңізді де сынадай қағып, миыңызға қондырып береді. Талдау жасап, дұрысы мен бұрысын анықтауға уақыт та қалмайды. Өмірімізді жеңілдеткенімен, ақпараттардың көптігінен бәрінен бас тартқың да келгенімен, айналадағы маңызды дүниелерден оқшау қалып, жапан түзде жалғыз қалғандай сезінесің.

Дәл осы кезде психикалық денсаулық пен өміріміздегі маңызды нәрселерге көңіл бөлу мақсатында «ақпараттық диета» термині ойлап табылды. Бұл ақпараттық демесеңіз, кәдімгі диетадан еш айырмашылығы жоқ. Тек, артық салмақ емес, артық ақпараттан арылу.

Ал, біз күнделікті бойымыздан өткеретін ақпарат көлемі биологиялық мүмкіндігімізден әлдеқайда жоғары. Жаңалықтар мен өсек, фактілер мен болжамдар, пікірлер, саяси насихат, коммерциялық жарнама, сенсациялар, тіпті, біреудің қияли ойы… Адамдардың субъективті және объективті көзқарасы…

Жалпы, ақпарат – мидың қорегі. Егер ол шамадан тыс көп, оның үстіне, сапасыз болса, ерте ме, кеш пе, адам шаршайды.

Ресейлік психиатр, психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты Михаил Литвак «Асқазан миға қарағанда ақылды: ол өзіне қажетсіз артық асты лоқсып, шығарып тастайды, ал, ми бәрін қатарынан жей береді» дейді. Басқаша айтқанда, табиғат психикалық шамадан тыс жүктемелерге қарсы қорғаныс тетіктерін қарастырмаған.

Ақпараттар легінен құтылмасымыз анық, сайып келгенде жол біреу, ол – ақпараттық диета. Қажеттілігіміз бен мүддемізге сәйкес келмейтін ақпарат көздерін толығымен пайдаланудан бас тарту, оны өңдеуге уақыт жұмсамау өзгеге емес, өзіңіз үшін пайдалы. Ал, уақыт алтыннан да қымбат.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button