Жаңалықтар

Ақпарат саласының аруларына құрмет

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Кездесуде аймақ басшысы журналист аруларға гүл шоқтары мен сертификат табыс етіп, көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.

– Әуелі барша нәзік жанды келе жатқан көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер – билік пен бұқара арасындағы алтын көпірсіздер. Қай-қайсыңыз да кәсіби мамансыздар. Еңбектеріңіз зор. Қарағанды журналистикасының мектебі қашаннан мықты. Қоғамға сіңіріп жатқан үлестеріңіз ауыз толтырып айтарлықтай. Отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге береке тілеймін, – деп құттықтауын жеткізген Ермағанбет Қабдулаұлы журналистерді емен-жарқын әңгімелесуге шақырды.

Телеарна, басылым, сайт, радиода қызмет істейтін журналистер аймақ басшысына өңірдегі өзекті мәселелер турасында сауалдарын жолдады. Шет ауданындағы жарық мәселесі бойынша жақын күндері кешенді шешім қабылданатынын жеткізді. Мұнымен қоса, бұралқы иттерден келетін қауіп, оған қатысты қабылданатын тиісті шаралар жөнінде де мәлімдеді.

Сондай-ақ, журналистер Қарағанды қаласының даму жоспарын сұрады. Өңір басшысы тек қана қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінің ғана емес, Майқұдықтың да инфрақұрылымын дамытуды көздеп отырғанын айтты.

– Жоспар көп. Бастысы, біз Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс арасында спорттық кластер салу үшін 72 гектар жер бөлдік. Қарағандыға жаңа стадион қажет екендігі туралы көптен бері айтылып келеді. Маған тұрғындар тарапынан үнемі осындай сұрақтар түседі. Сондықтан, біз жабық стадион, хоккей, конькимен сырғанау, мәнерлеп сырғанау және басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған көпфункционалды мұз айдыны кешенін саламыз, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қоса, әкім Қарағандының брендіне айналған «Қарағанды кәмпиттері» қайта өндірілетінін жеткізді. Жақында кондитер өнімін шығаратын кәсіпорын жұмысы жанданады.

БАҚ өкілдері редакцияларына тұрғындардан түскен қоңырау, хат иелерінің түрлі өтініш-сауалдарын жеткізді. Өз кезегінде аймақ басшысы бұл мәселелерді назарға алып, алдағы уақытта бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Кездесу соңында Қазақстан Журналистер одағының Қарағандыдағы филиалының төрағасы Жәнібек Садықанов облыс әкіміне еркін форматта кездесу өткізгені үшін журналистердің атынан алғыс білдірді. Филиал басшысы бірқатар әріптестерімізді одақтың Құрмет грамотасымен марапаттады.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button