Қарағандыда орналасқан өңірлік медиакеңістіктің белді өкілі «Новое Телевидение» – радио мен теледидардың бірігуінен туған конвергентті журналистиканың жарқын үлгісі. Ақпараты күн сайын жаңаратын елдегі жетекші өңірлік телестанция облыс аумағында кең танымал. Көрермендер сеніміне ие болған өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының бірі өз жұмысын 2004 жылы бастаған. Бүгінде аймақтың қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени өмірін жан-жақты қамтып, көрермендерге шынайы әрі сапалы ақпарат ұсынуда.

«Новое Телевидение» – бүгінде өңір елтаңбасындай танылған кәсіби арна. Оның қуатты жобаларының алдыңғы қатарлы болуы, сапалы цифрлық форматқа өтуі мен ұлттық деңгейге шығуы – Қазақстандағы өңірлік медианың үлгілі мысалына айналды. Қазіргі таңда арна 4K сапасымен, ерекше әлеуметтік бағдарламалармен және заманауи контент саясатымен танылып отыр.
Арнаның директоры, облыстағы беделді медиаменеджер Руслан Никоновичтің басшылығындағы ұжым телеарнаның жұмысын жандандыруда. Телеарнаны тарату негізінен өз өндірісінің ақпараттық-ойын-сауықтық мазмұнына негізделген. Эфирде күнделікті 9 сағатты құрайтын реалити-шоу, балалар бағдарламалары, деректі бағдарламалар жазылады.

Реалити – бұл теледидарда тікелей эфирде көрсетілетін бағдарламалар. Телеарнаның редакциялық саясаты теледидар экрандарынан сөйлеуге, кең аудиторияны және бірден бірнеше буын көрермендерін біріктіруге мүмкіндік беріп отыр. Бұл «Новое Телевидениенің» тек жаңалықпен шектелмейтінін білдіреді. Мұнда жас буынға бағытталған танымдық жобалар, ел бірлігін насихаттайтын мазмұнды хабарлар, кәсіпкерлікті, мәдениетті, білім мен денсаулықты қамтитын тақырыптар кеңінен көтеріледі.

«Новое Телевидение» директорының сөзіне сүйенсек, телеарнаның тақырыптық бағыты – елдің қоғамдық өмірін танымдық және ойын-сауық бағдарламаларында жариялау, музыкалық-интерактивті, тақырыптық телерадио жобаларын шығаруға негізделген.
– «Жаңа FM» радиосы адамдар арасындағы байланысты нығайта отырып, сәлемдеме мен құттықтауларды жеткізеді. Журналистер өз ісінің әуесқойларын тікелей эфирге шығарады. Байқағанымыздай радиода бір күнін өткізген кез келген адамның эфирде сөйлеуге қызығушылығы артады. Оған қоса, мұнда 90-шы және 2000-шы жылдардағы «хиттер» ғана емес, қонақтармен бірге эфирді қызықты ететін инфотейнмент форматы жұмыс істейді, – дейді «Жаңа FM» радиосының директоры Рустам Жамильханов.
Жалпы «Новое Телевидение» ұжымы кәсіби журналистерден, операторлар мен техникалық мамандардан жасақталған. Бүгінде олар заманауи телевизиялық технологияларды пайдалана отырып, аймақ жаңалықтарын жедел әрі сапалы форматта ұсынуға ұмтылады. Телеарнаның сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен интернет платформалар арқылы жұмысы белсенді жүріп тұр. Бұл арнаның ақпаратты кең аудиторияға таратуына, әсіресе, жастар арасында танымал болуына жол ашты. Ұжым қызметкерлері әдеттегі және тұрақты тікелей эфирге қоңырау шалудан және мессенджерге хабарламалардан басқа, тыңдаушылардан, туған қаласынан алыстағандардан хаттарды жиі алатынын айтады. Өңірде болып жатқан оқиғалар туралы жылы тілектер жазылған электрондық хаттар келеді.

Арна эфирінен берілетін жаңалықтар топтамасы мен авторлық бағдарламалар – өңірдегі әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси ахуалдың айнасы. Журналистер тобы күн сайын тың жаңалықтарды ұсынуға, қоғамда өзекті мәселелерге назар аударуға тырысады.
Техникалық жарақтандыру жағынан да телеарна дамудан кенде емес. Цифрлық технологиялар мен онлайн форматты меңгеру арқылы ақпарат тарату шекарасын кеңейтіп, әлеуметтік желілерде белсенділігін арттырып отыр.
– «Жаңа радионы» «Жаңа FM» әлемнің кез келген нүктесінен онлайн тыңдауға болады. «Алиса, жаңа FM қосыңыз» деп айтсаңыз немесе сайтта www.zhanafm.kz. деп терсеңіз, 9 сағаттық тікелей эфирді тыңдай аласыз. Радио мен теледидардың бірігуінен құралған станция аумақты кеңінен қамтитын жедел ақпарат көзі болып қала береді. Дәстүрлі БАҚ интернет болмаған кезде де халықты хабардар ете алады, – дейді Руслан Никонович.
«Жаңа радио» бүгінде №216 «OTAU TV» спутниктік сегментінде және Қарағанды және Теміртау эфиріндегі 101,2 FM жиілігінде, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында 106,6 FM жиілігінде, Степногорск қаласында 104.8 FM жиілігінде, Ақкөл қаласында 107.8 FM жиілігінде, Ақкөл қаласында 107.8 FM жиілігінде, Қонаев және Есік жиілігі 103,2 FM, Балқаш қалаларында жиілігі 107,4 FM, Баянауыл жиілігі 104,7 FM және Қарағайлы (Қарқаралы ) жиілігі 101,3 FM тарайды.
Қазіргі таңда Петропавл қаласында 100,8 FM жиілігі және Осакаровка кентінде 107,5 FM жиілігі бойынша хабар тарату жұмыстары жалғасуда.
– Менің қызметім радиостудиямыздағы бірнеше камераның жұмысын қадағалап, телеканал экраны үшін эфирге әдемі картина ұсынуға негізделген. Он бір жылдық қызмет өтілімде қиындықтар болды деп айта алмаймын, керісінше жұмысым өзіме ұнайды. Қазіргі таңда заманауи камералармен жұмыс істейтіндіктен, оларды көзді жұмып басқаруға болады, – дейді режиссер Никита Корнотовский.
Бүгінде телеарнаның басты мақсаты – халық пен билік арасындағы байланысты нығайту, өңірде болып жатқан маңызды оқиғалар мен өзгерістер туралы дер кезінде хабарлау. Арна эфирінде жаңалықтар топтамасы, авторлық бағдарламалар, талдамалық жобалар, сондай-ақ, мәдени-танымдық бағыттағы хабарлар тұрақты түрде көрсетіледі. Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар – «Новости», «Детали», «Темы дня» жаңалықтар мен сараптамалық шолулар арқылы облыста және қалада болып жатқан маңызды оқиғаларды жедел әрі нақты түрде көрерменге жеткізеді.
Сондай-ақ, әлеуметтік бағыттағы жобалар да тұрақты эфирде. Бұл бағдарламалар тұрғындарды толғандырған тұрмыстық, құқықтық және медициналық мәселелерді көтеріп, мамандар пікірін ұсынып, пайдалы кеңестер береді.
Мәдени-танымдық бағыттағы «Лица», «Городская среда», «Наши дети» сынды жобалар жергілікті өнер, мәдениет және білім саласына үлес қосып жүрген тұлғаларды таныстырып, жастарға мотивация береді. Ал, спорттық шолулар мен арнайы репортаждар аймақтағы спорт жетістіктерін, жас спортшылардың жетістігін жариялап отырады. Сонымен қатар, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы жайлы арнайы жобалар да арна эфирінен түспейді.
Ток‑шоулар мен ток‑сериалы бар, сонымен қатар, өңірлік және халықаралық спорт, мәдениет оқиғаларын тікелей эфирден көрсетумен ерекшеленеді. «Три товарища», «Слово и Дело», «Твоё кино», «Зелёная волна» сынды уникалды шоу‑жобалар эфирге шыққан.
– Әлемдегі және еліміздегі атаулы күндер, мерекелерге орай бағдарламаны ерекше форматта ұсынуға тырысамыз. Тақырыпқа орай қонақтарды шақырамыз. Мысалы, бүгін әлемдік мотоцикл жүргізушілерінің күні. Осыған орай, эфирде мотоцикл жүргізушілері өздерінің хоббиінің ерекшеліктерін айтады, – дейді «Три товарища» бағдарламасының жүргізушісі Галина Польских.
Телеарна әлеуметтік желілер мен интернет платформалар арқылы да белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Аймақ тынысын дөп басып, халықпен бірге тыныстайтын «Новое Телевидение» – Қарағанды өңірінің шынайы үніне айналған бірегей ақпараттық алаң. Еліміздегі конвергентті журналистиканың дамуына зор үлес қосып отырған «Новое Телевидение» телеарнасы алдағы уақытта да өз миссиясын жүйелі түрде жалғастырады. Төртінші билік өкілдері көрермен сұранысына сай мазмұн ұсынуда ерекшелікке ұмтылады. Ұжым кәсіби тілшілер мен операторлардан құралғандықтан, өңір тынысын дөп басып, қоғаммен бірге дамуға ұмтылатын медиатоп. Телеарна бағдарламалары YouTube және әлеуметтік желілерінде де қолжетімді болғандықтан, бұл көрерменмен байланысты нығайта түскен.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»