Ақпандағы ай (Рымбала Кенжебалақызына)

Құсни хат секілді ғұмырнамаң,
Жақсы апам, жайдақтарға бұрылмаған.
Сендірер сертіне адал қасиетін –
Мен білер Рымбала – ырымды адам.
Ақ едің… ақ болған соң ардан едің,
Арқада ақпанда Ай боп толған едің.
…қызы боп жаратылып орманшының
Арманын айтып кеттің орман елдің.
Еліңе емен-жарқын қадірің көп,
Жыл ауса бәйшешектей тағы бүрлеп…
… Апатай,
Сізге риза – Қарағанды
Келесіз рухының шамын үрлеп.
Лаулаған ордалы үйдің ошағындай,
Көзінен көкжиекті таса қылмай.
…Қаздауыс Қазыбектей бабамыздың
Бедерлі белбеуінің шашағындай.
Жаны оның жақсылықтың жаршысындай,
Намыстың нарлар ұстар қамшысындай.
Кешегі Қарқабаттай анамыздың –
Мөлт еткен жанарының тамшысындай.
О бастан тектілердің…
тамырласы,
туған жердің қанатты қарлығашы.
… Жарық күннің жамалын жаныңа ора –
Мәди,
Сәкен,
Қасымның қарындасы!
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.