Ақпан «жылы қабақ» танытады
Биыл ауа райы құбылып тұр. Қар да былтырғыдан кеш түсті. Ақпан айында қалай болмақ? Үңіліп көрелік.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда қыс мезгілі жылы әрі тұрақсыз сипат алып келеді. Қардың кеш түсуі, аяз бен жылымықтың жиі алмасуы климаттың жылынуы мен атмосфералық процестердің құбылмалылығын көрсетеді.
Биылғы қыс былтырғы қысқа қарағанда, жалпы алғанда, жылырақ әрі тұрақсыз сипатта өтуде. Қазгидрометтің көпжылдық бақылаулары соңғы жылдары қыстың орташа температурасы жоғары болып, қар жамылғысының кеш түсуі мен қысқа мерзімге ғана сақталуы жиілегенін көрсетеді. 2023-2024 жылғы қыста еліміздің көптеген өңірінде қар климаттық нормадан 10-20 күнге кеш қалыптасып, кей аймақтарда тұрақты қар жамылғысы мүлде болмады. Ал, биылғы қыс та осы үрдісті қайталап, маусым басында ауа температурасы нормадан жоғары болып, аяз бен жылымықтың жиі алмасуымен ерекшеленеді. Мамандар мұны Қазақстандағы климаттың жылынуы және атмосфералық процестердің құбылмалылығының артуымен байланыстырады.
Былтырғы көктем ерте келгені белгілі. Ал, биыл да көктемнің келуі ерте әрі біршама тұрақсыз сипатта байқалуда. Қыс мезгіліндегі ауа температурасының жиі жылынуы, аяз бен жылымықтың алмасуы көктем белгілерінің қалыпты мерзімнен бұрын көрінуіне әсер ететін түрі бар. Кей өңірлерде қардың ерте еруі мен күннің жылынуы көктемнің мерзімінен ертерек басталғанын аңғартады. Мамандар мұны соңғы жылдары байқалып отырған климаттың жылыну үрдісімен байланыстырады.
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша метеорологиялық болжау бөлімінің басшысы Айжан Қосыбаевадан еліміз бойынша 2026 жылдың ақпан-наурыз айларына ауа райы болжамын сұрадық.
Оның айтуынша, Қазгидрометтің алдын ала болжамына сәйкес, қыс мезгілі республиканың басым бөлігінде қоңыржай жылы өтеді деп күтіледі. Ал, жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан аспайды. Дегенмен, кей кезеңдерде бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ, тұман және мол жауын-шашын болуы ықтимал. Ауа температурасының ауытқуы жиі байқалып, жылы күндер мен суық аязды толқындар кезектесіп келеді.
– Ақпан-наурыз айларында ауа райы жылы болады деп болжанып, жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде сақталады, тек наурызда оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында нормадан көп болуы мүмкін. Болжамға сәйкес, қар жамылғысы мен топырақта мұз қабыршығының пайда болуы, сондай-ақ қардың еріп, су тасқыны қаупін арттыруы ықтимал, – дейді Айжан Жұмағазықызы.
Яғни, алдағы уақытта қатты аяз болмайды. Көктемнің ерте келуі күтілуде. Дегенмен, «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, ауа райын қадағалап жүруді ұмытпаған жөн.
Жанерке ЖАҚЫПОВА,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті



