Бас тақырыпМедицина

Ақпан – қан тапсыру айы деп жарияланды

Қазақстанда ақпан айы өтеусіз қан донорлығы айы болып жарияланды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың бастамасы ерікті донорлық мәдениетін дамытуға, қоғамдағы өзара көмек, жауапкершілік пен гуманизм құндылықтарын нығайтуға бағытталған.

Сурет Freepik

– Бұл жыл бүкіл әлемде Халықаралық волонтерлер жылы аясында өтуде. Өздеріңізге белгілі, бұл бастаманы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-сессиясында көтерген болатынмын. Біздің ұсынысымыз жаһандық қолдауға ие болды. Қазақстан озық мемлекет ретінде бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарды ілгерілетіп, оларды болашақ ұрпаққа жеткізуде, – деп Мемлекет басшысы жуырда Еріктілер форумындағы сөзінде атап өтті.

Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында ел аумағында жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Бұл жұмыстың мән-маңызы өте зор, себебі ол жұртты ресурстарға үнемшіл әрі ақпейіл болуға, даңғазалықтан арылуға, үнемі ізденіп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкершілікті ұмытпауға, елге жанашырлық танытып, қайырымдылық жасауға үндейді, – деді Президент сұхбатында.

Қан донорлығы – бұл жай ғана бір реттік акция емес, өмірді құтқаруға, денсаулық сақтау жүйесін қолдауға бағытталған, сондай-ақ ерікті түрде қатысу, жанашырлық пен жауапкершілік сияқты асыл құндылықтарға негізделген тұрақты қоғамдық қозғалыс болып табылады.

– «Таза Қазақстан» акциясы – бұл тек қоршаған ортаның тазалығы ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматтың жүрек тазалығы, жауапкершілік сезімі мен қоғам игілігі үшін қосқан үлесі. Ерікті қан донорлығы осы құндылықтармен толық үндеседі, – деп атап өтті министр.

Ақпан  айында еліміздің барлық өңірлерінде ақпараттық-түсіндіру шаралары, тақырыптық акциялар, донорлармен және серіктестермен кездесулер ұйымдастырылып, қан орталықтарында арнайы бағдарламалар өткізу жоспарлануда. Бұл іс-шараларда жастарды тартуға ерекше көңіл бөлінбек.

Осы акция аясында кез келген азамат жақсылық жасауға ниет білдіріп, өз өңіріндегі қан орталығына барып, ерікті түрде қан тапсыра алады.

Бүгін Денсаулық сақтау министрі елордалық қан орталығында донор болып, донорлық қозғалыстың маңыздылығын жеке үлгісі арқылы көрсетті.

Қазақстанда жыл сайын 180  мыңнан астам азамат донор атанып, олар жалпы алғанда қан мен оның компоненттерін 250 мыңнан астам рет тапсырады.

Жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке қан компоненттері құйылады, ал жалпы трансфузиялар саны жылына шамамен 400 мыңға жетеді.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button