Ақиқатты іздеген ақын һақында
Қарағанды облысының мемлекеттік архивінде, Алаш арысы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті.
Шараға шақырылған қонақтар қатарында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, академик Жандос Смағұлов, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар Жақан, осы жолдардың авторы, Облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Алмас Тәжіғұлов, Қарағанды облысының мемлекеттік архиві көмір саласының жеке құрам бойынша филиалының басшысы Бейбіт Қуанышев, Мағжан Жұмабаев атындағы №39 гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Мөлдір Альжанова бар. Олар осы гимназия оқушылары мен № 21 негізгі орта мектептің жас сарбаздарына Қарағанды облысының мемлекеттік архивінің қызметкерлеріне ақынның көркем шығармашылығы мен ұлтқа арналған ғибрат пен тауқыметке толы тағдыр-талайы турасында көптеген мәліметтер айтты.
Республикалық Мағжан оқуларының қатысушылары, М.Жұмабаев атындағы №39 мектеп оқушылары Бекнияз Қайрат бен Арсанат Тұрсынбай ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыса, № 21 мектеп оқушылары мың бұралған биімен көрерменін тәнті етті. Сөз соңында мекеме басшысы Алмас Тәжіғұлов дөңгелек үстелге қатысушылар мен қонақтарға ақжарма алғысын білдіріп, Мағжан «Сенген жастарға» ақжол тіледі.
Шара аясында туған жеріне, халқына қызмет етудің үлгісіне айналған Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ақиқатты іздеген ақын» атты тарихи-құжаттық көрме ұйымдастырылды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz