Ақиқат пікірталаста анықталады
Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде Астана, Алматы, Шымкент және еліміздің басқа өңірлерінен келген 40 команданың қатысуымен ADAL Cup республикалық пікірсайыс турнирі өтті.
Турнирде жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру көзделген. Пікірсайыс Британдық парламенттік форматта өтіп, қазақ және орыс тіліндегі лигаларды қамтыды. Қазақ лигасында «Тараз» командасы басымдық көрсетті. «Қарағанды» командасы екінші орынға ие болды.
– Әр түрлі көзқарастарды естідік. Маған жасанды интеллект кейсінің талқыланғаны ұнады. Оны «Сот жүйесіне қосу керек пе?» деген сұрақ та болды. Бұл тақырыпқа қатысты ұзақ ойландым. Мен төрт жылдан бері пікірсайыспен айналысып келемін. Ол дамуға мүмкіндік береді, – деді «Қарағанды» командасының мүшесі Мадияр Қадыл.
Пікірсайыста Нұргелді Серікбосынов пен Семей қаласынан келген Асылжан Рымқұловтың «Тұмар» командасы қола жүлдеге ие болды.
Орыс тіліндегі лигада үш жүлделі орын Астанадан келген командаларға бұйырды. Соның ішінде «Күздеубаев Нұртас» командасы үздік атанды. Екінші орынды Nomad Da иеленді. Үшінші орынды «Мияулаған мысық» командасы місе тұтты. Нұркелді Серікбосынов (қазақ лигасы) және Әйгерім Айбасова (орыс лигасы) «Үздік спикер» аталымында марапатталды.
Сондай-ақ, жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, ақшалай сертификаттарға ие болды. Үздік командаға кубок берілді.
Шараның басты хедлайнері – Stand up комик Руслан Тай. Дебат көңілді концерттік бағдарламамен аяқталды. Жастар биылғы турнирді ерекше ұйымдастырған Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаға алғыс білдірді.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»