Ақбидайдың Отаны бейқам емес
Қараша айының үшінші жексенбісі – ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесі. Бұл күн облыс аудандары үшін айрықша маңызға ие. Жалпы, агрокешенде мал шаруашылығының үлесі басым. Бұл – қырда құрық ұстап, аса таяғын асынған ағайынның еңбегі. Ақтоғай ауданы аграрлары да аймақ экономикасын еселеуде қалыс қалған емес. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрланбек Жаңабергеновтің айтуынша, өңірдегі ауыл шаруашылығының бүгінгі даму қарқыны мен атқарылып жатқан жұмыстары көңіл көншітерлік.
– Мемлекет басшысы аграрлық салаға баса назар аударғанын білесіздер. Оның себебі – азықтүлік бағасын тұрақтандыру. Бұл бағытта бірнеше ауданда 2022-2024 жылдарға арналған «Ауыл шаруашылығын дамытудың жол картасы» жасалды. Мақсаты – агроөнеркәсіп кешенін, ауыл шаруашылығы секторын дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және ауыл шаруашылығы саласындағы қызметтермен өзін-өзі қамтамасыз ету. Бірінші бағыт – мал шаруашылығын дамыту бойынша негізінен мал басын асылдандыру, ет және сүт бағытындағы ірі қара малын өсіру, мал бордақылау алаңдарын салу және мал өнімдерін өңдеу цехтарын ашу. Екінші бағыт – егін шаруашылығын дамыту бойынша аудандарда егіс көлемін арттырып, өзімізге қажетті азықтүлік өнімдерімен және мал азығы дақылдарымен қамтамасыз ету. Үшінші бағыт – балық шаруашылығын дамыту бойынша жобалар қолға алынған. Ақтоғай ауданы осы үш бағыт аясында жұмыс жасауға әзір, бұл бағытта жұмыстар атқарылып та жатыр, – деді Нұрланбек Жаңабергенов. Жалпы, ауданда өндірілетін өнімінің негізгі бөлігін 68%-ы – мал шаруашылығы, 32%-ы – өсімдік шаруашылығы. Сонымен қатар, 1051 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тіркелген. Осы ауыл шаруашылығы құрылымдарының өнімі 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айында ауыл шаруашылығында жалпы мал шаруашылығы өнімі көлемі 26 312,6 миллион теңгені құраған.
2024 жылдың 9 айында «мал мен құс» басына шығарылған статистикалық есеп бойынша ірі қара – 69 390 өткен жылмен салыстырғанда 112,2 пайызға, қой – ешкі 132 823, 105,3 пайызға, жылқы – 51 388, 120,3 пайызға және құс – 13 169 бас 131,2 пайызға артқан.
– Тағы да бір айта кетер жайт бүгінде мал шаруашылығымен айналысып отырған 283 қыстақтың 86-да ғана электр жүйесі тартылған. 2014-2020 жылдар аралығында күн сәулесімен энергия алатын қондырғылар 151 шаруа қожалығына орнатылды. Малға қажетті 460 құдық бар. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары негізінде, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне төленетін субсидия алу жұмысы жүргізіліп отыр. Осы жылдың 9 айында мал шаруашылығы бойынша барлығы 82 шаруа қожалығы 141,6 миллион теңге субсидия алды, – деді бөлім басшысы.
Сонымен бірге, мал басының сапасын арттыру мақсатында тұқым түрлендіруде тиісті жұмыстар атқарылғанын атау ләзім. Асыл тұқымды ірі қара өсірумен 15 шаруашылық айналысуда.
Қой өсіріп отырған 46 шаруашылық бар. Сонымен қатар, қойдың асыл тұқымды үлес салмағын арттыруда тұрақты түрде ет-жүн бағытындағы «дегерес» және «қазақы қылшық жүнді құйрықты» қой тұқымдарын өсіруге «Сәрсенбек» шаруа қожалығы, «Жамшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Науан» шаруа қожалығы ден қойған.
Ақтоғай тек төрт түлігін өргізіп қана отырған аудан емес. Атақты Ақбидайдың Отаны бұл өңірде дәнді дақылға баса мән берген шаруашылықтар бар. Биылғы жылы көктемгі дала жұмыстары жоспар бойынша 5 шаруа қожалығы 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 705 гектар жерге дәнді-дақыл септі. Оның 410 гектары бидай, 295 гектары арпа егілді. Сонымен қатар, шаруа қожалықтары есебінен 30,2 гектар картоп, 14,3 гектар көкөніс егілген. Бүгінгі есеп бойынша орылған 410 гектар бидайдың әр гектарынан 7,0 центнерден барлығы 525 тонна, 295 гектар арпаның әр гектарынан 9 центнер 295 тонна, барлығы 811 тонна әр гектарынан 11,5 центнер өнім алынды. Осы орайда айта кету керек, егін егудің барлық агротеникалық шараларын қатаң сақтап, сапалы тұқым еккен.
– Қызыларай ауылдық округіне қарасты «Ерасыл» шаруа қожалығы кейінгі жылдардағы орташа өнім алу көрсеткішін жаңартып, әр гектардан 25 центнерден өнім алып отыр. Сонымен қатар, шаруашылықтар есебінен егілген 30,2 гектар картоптан 766,3 тонна, 14,3 гектар көкөністен 371,3 тонна өнім алынды, – деді бөлім басшысы.
Қаржы институттары арқылы ауыл шаруашылық саласын микрокредиттеу мемлекеттік бағдарламаларының орындалысы көңіл қуантарлықтай екен. Осы жылдың 8 айында «КазАгро» ҰХ АҚ арқылы ауыл шаруашылығы саласын микрокредиттеу мемлекеттік бағдарламалары арқылы барлығы 41 жоба мақұлданып, 1 257,9 миллион теңге несие қаражаты алынған.
– «Ауыл Аманаты» ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасы бойынша жүргізілген скринингтік зерттеуге сәйкес биыл 140 тұлға аталған бағдарлама арқылы 1 миллиард 732,4 миллион теңге 700 мың теңге несие алуға ниет білдіруде. Ауданда осы жылы барлығы 10 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру жоспарға қойылған. Бүгінгі күнге 11 кооператив 274,0 миллион теңгеге несие қаражатын алуға сұраныс жасап отыр.
2024-2026 жылға барлығы 3 955,0 миллиард теңгеге 10 жобаны іске асыру көзделген. Жалпы ашылатын жұмыс орындар саны 117 адамды жұмыспен қамтиды. Атап айтқанда, қайта өңдеу саласы бойынша 1 жоба 35,0 млн.теңге, ашылатын жұмыс орны 2 адамға лайықталған. Тәулігіне 5 тонна ет өнімін өңдеуден өткізетін кәсіпорын құрылады. Мал шаруашылығы саласы асыл тұқымды мал өсіру бағытында 8 жоба, 3 890,0 миллиард теңге қаржы қарастырылмақшы. Бұл жұмыстар жүзеге асырылатын болса, 113 адам жұмыспен қамтылады. Ауылшаруашылығы саласы ауданымыздың дамуының негізгі бағыты болып жұмысын жалғастыра береді, – деді Нұрланбек Жаңабергенов.
Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz