Ақбөкен адасқан қыс
Сарыарқадан сағымдай сейілген киіктің қарасы қайта көбейді. Табиғат көркіне айналған ақбөкеннің бүгінгі популяциясы 1 млн. 318 мыңға артқанын айтады мамандар. Желтоқсанның соңы қаңтардың басындағы қарлы борандағы (Текенің бұрқылы) ұзын-сонар киік көші де бұған дәлел. Ұлытау облысы Жезқазған, Қаражал, Жәйрем, Жеңіс елді мекендерінің тас жолында табыны топтасқан киіктер көрінісі бүгінде әлеуметтік желіде жиі қаралуда. Бұл Арқада ақбөкен жылдың төрт мезгілі мекендейді дегені ме табиғаттың?…
Биыл киік көші жылдағыдан ұзақтау болды. Жолаушылар тас жолға топтасқан киік табындарын телефонға түсіріп желіге жүктеді. Иә, дала көркіне айналған ақбөкенге тамсанбау мүмкін емес. Дегенмен, сол бөкенді көрген көп ішінде қызыл көз браконьерлер де бар екені есте ме?
«Охотзоопром» Өндірістік Бірлестігінің» Орталық өңірлік филиалының басшысы Шындос Омаровтың айтуынша, бұл көрініс киіктердің жылы жаққа кешігіп көшкенінен болуы ықтимал.
– XXI ғасыр дамыған техника заманы. Не көп, пойыз көп, көлік көп. Осы пойыздың теміржолы мен қалааралық күре жолдар киіктің көшуіне көп кедергі. Ол жолдарға арнайы көпір қойылуы керек еді. Көпір жоқ емес, бірақ, қылтасынан қырынан өтсе де, сыймайтын қыл көпір барлығы. Ол көпірден айғайлап, ысқырғанда айдаған малыңыз әзер өтеді. Киікте не кінә? Ол – жабайы аң. Шұбатылған шойынжолды көргенде жер тарпып, бір пысқырып, үркіп, кері бұрылады еріксіз. Содан ол барар жеріне өте алмай, шеңбердің ішінде қалып қояды. Айнала дөңгеленген көлік жолы мен теміржолдан өте алмаған киік бір жерді ғана мекендеп жүреді. Айдалада менмұндалаған киіктің қарасы мал қараған жұрттың көз құртына айналады. Бір емес, екі емес, үш рет көрген соң жан-жаққа әңгіме тарайды. «Киік ауылды басып кетті» деген, – деп елді мекендерден көрініс берген киіктің сырын атады Шындос Елдосұлы.
Расында, Жәйрем кентінің үстінен 1000-ға жуық киік қар боратып, жер қайыстырып өткені әлі әлеуметтік желіде жарнама болып жүр. Одан қалды Түйемойнақтан әлсіреген текелерді де талай жолаушының көзі шалған. Тіпті, Ұлытау облысында біраз браконьерді жергілікті заң орындары құрықтап, киік мүйіздерін тәркілегені жасырын емес. Биыл 24 қаңтарда Қаражал қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері 43 жастағы азамат тізгіндеген көлікті тоқтатқан. Көлік жүк салғышын тексеру барысында бес киіктің еті мен 16 калибрлі ИЖ-18ЕМ тегіс ұңғылы мылтығы табылған.
Бүгінде, ҚР ҚК-нің 339-бабы «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұл да сол киіктің барар жеріне жете алмауынан деп топшылайды мамандар. Осыған орай Ұлытау облысы әкімдігі мен басқа да тиісті ұйым өкілдері жануарларға аса қауіпті аймақ саналатын теміржол бойында орналасқан темір торларды ашып, киіктердің тосқауылсыз өтуіне жағдай жасаған. Алайда, табыны саябырсығанымен топ-топқа бөлінген текелер күйегі бұған да тоқтамады.
– Киіктер текенің бұрқылында көшкенде тек бір ғана жолмен жүреді. Бұл сонау атам заманғы өздерінің ескі жолы. Ол мына Үстірт, Павлодар, Қарағанды, оның ішінде, Жаңаарқа, Жеңіс, Түйемойнақ мекендерімен әрі Бетпаққа жетеді. Сол жолмен киік көші енді аяқталды дегенде үйірден жекешеленген текелер жас қорықбастарды, шібіштерді (былтырғы лақ) іздеп кейін қайтады. Олар көш кезінде табыннан тыс қалып қойған қорықбастарды жинап үйірге қайта қосады. Міне, осы шақта текелер көп көзге түседі, – дейді Шындос Елдосұлы.
Киікті аулаушылардың да іздегені осы мүйізі көз тартқан марғасқа текелер ғой. Мамандардың айтуынша, текелер дәл осы науқанда әлсірейді екен. Жұптасудың машақаты арам өлімге дейін апаратыны айғақ көрінеді. Әр ешкіні қашырып бойындағы күш-қайратын сарп еткен текелерді қазақ «сасай» деп те атайды. Мұны талай естідік. Үлкендердің сөзінше, ол текелердің еті мен терісінің арасы ақ көбіктеніп, арықтайды екен. Қауқиған басы мен делдиген танауы ғана қалып итқұсқа дес беріп қояды екен қашқанда. Сондықтан, жаны қысылып, елді мекенді паналауының да сыры осы секілді.
– Қыста текенің 40 пайызына дейін өледі. Бұл – қалыпты жағдай. Күйек кезінде текелер бір-бірімен сүзіседі, жарақат алады. Қала берді әлсірейді. Сөйтіп, қатты аязда суық қыс ауасын көтере алмай біразы өледі. Табиғи заңдылық, – деп атап өтті «Охотзоопром» ӨБ» жануарлар дүниесін қорғау қызметкерлігінің басшысы Болат Тұрсынбеков.
Сонымен қатар, маманның сөзінше, 2022 жылдың басындағы санақ бойынша Орал популяциясында 800 мың киік бар екені анықталған. Мұның шамамен 200 мыңы аталық. Сонда көктемде 600 мың ақбөкен лақтаған. Оның 400 мыңы егізден, 200 мыңы бірінші лақтайтын болғандықтан бір лақтан туды дейік. Сонда былтыр 1 млн. лақ дүниеге келді. Төлі мен ересегін қосқанда барлығы 1 млн. 800 мың бас болды.
– Былтыр туған 1 млн. лақтың жартысы еркек, жартысы ұрғашы десек, былтырғы 600 мың аналыққа биыл кемінде 400 мың қосылады. Ендеше, дәл қазір Батыс Қазақстанның өзінде 1 млн. аналық киік төлдеуге дайын жүр. Ертең мамырдың 8-інен 18-іне дейін төлдейді. Екі есе көбейеді. Мамырдың 20-сы күні біздің алдымызда 3,5 млн. киік жүреді. Менің айтып отырғаным – ресми статистика бойынша мәліметтер ғана. Ал жергілікті халық ол жерде шын мәнінде 800 мың емес, 1,5 млн. киік жүргенін біледі ғой. Бұл – лақтағанға дейінгі көрсеткіш. Сонда мамырдың соңына қарай бұл жерде ресми статистика бойынша 3,5 млн., халықтың есебі бойынша 5 млн. ақбөкен болады. Ал, жалпы есеппен 1 млн. 318 мыңға артқанын талдар болсақ, оның 800 мыңы – Орал киігі, 28 мыңы – Үстірт, қалған 489 мыңға жуығы осы Арқа төсіне тараған Бетпақдала бөкені, – деп жіктеді Болат Тұрсынбеков.
Маманның меңзеп отырғаны жылдың 12 айы бойына Арқаны ақбөкен қайта мекендейді дегенге саяды. Бүгінде қору мен қорғалудың арқасында саны артқан дала сәнінің жолында талай жан шейіт те кетті емес пе?! Оған 2019 жылғы 17 қаңтарда қандықол браконьердің қолынан қаза тапқан инспектор Ерлан Нұрғалиевтің өлімін қосыңыз. Киіктің көбеюі де кісі шығынымен жүзеге асқанын естен шығармаған абзал.
Сонымен жоғарыда айтылған мамандар тұжырымы – осы себептің алдын алу мақсатында жергілікті жерлердегі көпірлер кеңейтіліп, біршама табиғи етіліп, құр темірден дәнекерленген қара көпір емес, тас шөппен көмкерілген, құрылысында табиғи нышаны бар көпір болып қайта салынуға ұсынылды. Бұл ұсыныс бүгінде құзырлы орындар дәлізінде кезекте шешімін күтіп тұр.
Расында, статистикаға сүйенсек, жер бетінде киіктің 95 пайызы тек Қазақстанда көрінеді. Қалған 5 пайызы Моңғолия жерін мекендейді. Көршілес Ресей елінде тек 3 пайызы бар . Бұл дегеніңіз, біз ел болып, Африкадағыдай «Ұлттық «киік паркін» ашсақ та киіктің саны жетеді деген сөз. Ендеше, ұлт маңдайына біткен дала көркін көп көрмейік.
Жан АМАНТАЙ.