Ресми

Қағазбастылықтан арылудың айқын жолы

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы» Жарлығымен танысып шыққанда, қайта-қайта есеп беру, қағаз жүзінде істеген шаруаңды тізіп жазып, басшылыққа қол қойғызып, бұрыштама соққызу сияқты қолыңды байлайтын талай шарадан құтылатын болғанымызға шын мәнінде қуандым.   

Театр – ұлтқа қалтқысыз қызмет етіп, елдің рухын көтеретін, тарих пен мәдениетті қастерлейтін мазмұнды, қызықты қойылымдарын бүгінгі заманның талғамы жоғары көрерменінің көңіл төрінен орын алатындай тұрғыда шығаруға жұмыс істейтін сымбатты өнер ордасы. Біз өнерге, көрерменге қызмет етудің орнына кейде басшыларға істеген шаруаңды немесе ойға алған жоспар-идеяңды түсіндіріп, дәлелдеумен, оны қағазға түсіріп, көзін жеткіземіз деумен уақыт өлтіреміз.  

Жарлықта басшының дербестігін қамтамасыз ететін басқарушылық жауапкершілікті арттыру жүйесін жетілдіру туралы айтылғанымен, оның нақты жолдары көмескі қалып тұрғандай. Жүйелі және қолданбалы шаралар кешені «…мемлекеттік аппаратта шешімдердің қабылдануын жылдамдатады, мемлекеттік органдардағы бірінші басшылардың дербестігі мен жеке жауапкершілігін арттырады, құжат айналымы мен есеп берушілікті қысқартады» деген жолдардың өзінен-ақ, алдымызда үлкен, оң өзгерістер күтіп тұрғанын аңғарғандаймыз. Тек оның материалдық-техникалық базасы бізде қандай, техникалық жабдықталу, цифрлық құжаттарды рәсімдеудің заманауи әдіс-тәсілдері қалыптасқан ба, болмаса оны қалыптастыруға жергілікті жерлерде бірінші басшылардың мүмкіндіктері жеткілікті ме деген тәрізді ойлар тұр көкейде. Бұл ретте Жарлықтағы өкілеттіктерді орта деңгейдегі басқару буынына беру, қашықтан жұмыс істеу үшін мемлекеттік органдардың басшыларын құралдармен қамтамасыз етіп, жағдай жасау және басқа да мәселелер қарастырылады деген нақты бағыттардың жүзеге асырылуы сөзбұйдаға салынып, созылып кетпесе деп тілейміз.

Жүктелген міндеттерді жылдам жүзеге асыру үшін құқығымыз кеңейген сайын, жауапкершілік жүгі де арта түсетіні айқын. Сол жауапкершілікті бүкіл ой-санамызбен сезіне отырып, мәртебелі көрерменге қалтқысыз қызмет етуге берілген мүмкіндіктерді молынан пайдаланамыз деп ойлаймын.

90 жылдық тарихы бар С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры – елге қызметтің абыройлы міндет екенін жақсы білетін ұлт өнерінің қарашаңырағы қашанда өздеріңізді өрелі өнерімен қуанта бермек.

Құрман ҚАЛЫМОВ,  

С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button