Аңқау – алаяқтың «жемі»
Президент тапсырмасы бойынша аймақта облыстың полиция департаменті тарапынан азаматтардың құқығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде белсенді жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Департамент ұсынған дерекке сүйенсек, биыл Қарағандыда барлығы 579 алаяқтық тіркелсе, оның 348-і – интернет алаяқтық. Оның ішінде, 79-ы – аса ауыр интернет алаяқтық, ал, 269-ы – орташа интернет алаяқтық.

Мамандар интернет алаяқтықты алдын алуға бағытталған шаралардың жалғасып жатқанын және барлық басқармалардың ерекше бақылауында екенін айтады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде азаматтарға алаяқтардың қандай жағдайда қауіп төндіретіндігі және олардан қалай сақтану керектігі жөніндегі жазбалар, бейнежазбалар және бейнехабарламалар тұрақты түрде жарияланады.
Шынында, қазір елді оңай тақырға отырғызудың сан түрін меңгерген әккі интернет алаяқтар көп. Түрлі сылтаумен күнде болмаса да, күнара әрқайсымызға алаяқтардан қоңырау түседі. Онысы әшкере болса да, қымсынбайды. Демек, олар бізге қарсы жорығын баяғыда жариялап, ұстанымын аңғартты. Енді, олармен жаппай қоғам болып күрескен жөн. Тіпті, қазір телефонға алаяқтың қоңырау шалғанын бірден белгі беретін қосымшаларды жүктеп қоюға да болады. Бұл – сала мамандарының атқарып жатқан жұмысының жемісі.
– Қарағанды қаласында 600 мыңға жуық адам тұрса, жеті полиция бөлімі жұмыс істейді. Қарағанды қаласының полиция басқармасында 18 ақпаннан бері киберқылмысқа қарсы күреске бағытталған жылдық жоспарды жүзеге асыруға 15 арнайы маман жұмылдырылған. Заң бұзушылықтардың басым бөлігі интернет алаяқтық болып отыр. Күніне 7-15-ке дейін интернет алаяқтық тіркеледі. Былтыр жергілікті атқарушы органмен және прокуратурамен бірлесіп, осы бағыттағы қылмыстың алдын алу шаралары белсенді жүргізілді. Ішкі істер министрі «2025 жылды қылмыстың алдын алу жылы» деп жариялады. Осыған орай, әр полиция қызметкері заң бұзушылықтың алдын алу және сақтық туралы тұрғындарға түсіндіруде. Дегенмен, тұрғындар интернет алаяқтардың құрығына әлі де түсіп қалуда. Қазір интернет алаяқтықтың кең тараған түрі – инвестиция салу. Яғни, халық өздері байқамай алаяқтардың арбауына түсіп қалып, қаржысын белгісіз шоттарға аударып жіберуде. Қалалық әкімдік және қалалық мәслихатпен бірігіп, заң бұзушылықтың алдын алуға күш салып жатырмыз. Тұрғындарды өте сақ болуға шақырамыз, – деп атап өткен еді Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Шахназар Салин.
Оның мәлімдеуінше, тұрақты негізде Қарағанды қаласының барлық кинотеатрларында әрбір киносеанс алдында, сондай-ақ, қаланың LED-экрандарында (тәулік бойы) тұрғындарды интернет алаяқтықтың әдістері мен құралдары туралы ескерту мақсатында профилактикалық бейнероликтер көрсетіледі.
Сонымен қатар, Қарағанды қалалық ІІБ тарапынан ай сайын 2 апта бойына профилактикалық бейнероликтер, қалалық №3 автобаза автобустарында көрсетіледі екен. Қалада интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша ақпараттық баннерлермен жабылған үш тұрақты автобус жолға шыққан.
Қарағанды полиция басқармасы интернет алаяқтықпен күресу бойынша профилактикалық жұмыс аясында қаладағы сауда үйлері мен банкоматтарға интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша ақпараты бар полиция қызметкерінің 42 нақты фигурасын орнатыпты.
– Бұл арада жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың оң нәтиже беретінін атап өту керек. Нақтырақ айтсақ, 7 профилактикалық билборд орнатылып, білім беру және жеке ұйымдарда 22 профилактикалық жиналыс өткізілді. 12 ескерту бейнесі әзірленіп, адамдар көп жиналатын жерлерде 6 дыбыстық хабарлама жарияланып, 2250 профилактикалық парақша таратылды. Киберполицияның жедел қызметі интернет алаяқтардың 65 млн-нан аса қоңырауына тосқауыл қойылған. Егер азаматтар уақытылы жақын маңдағы бөлімге келіп, арыз түсірсе, қаржыларын қайтаруға мүмкіндік бар, – дейді Қарағанды қаласы полиция басқармасының Жаңа Майқұдық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ерлан Мұсабеков.
Жалпы, ашық дереккөз мәліметтері елімізде 2025 жылдың бірінші тоқсанында онлайн алаяқтықтың артқанын айтып отыр. Оның басым бөлігі Астана қаласында тіркелген.
Қазір алаяқтықтың кең тараған түрі телефон нөмірдің пайдалану уақытын ұзарту туралы хабарласады. Яғни, алаяқтар қоңырау шалып, SIM картаның жарамдылық мерзімі аяқталуға жақын екенін айтып, SMS арқылы келген 4 таңбалы кодты айтуыңызды сұрайды. Осы арқылы олар сіздің жеке деректеріңізге қол жеткізіп, атыңызға несие рәсімдейді.
Кейде өздерін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, алаяқтықтың алдын алу үшін деп қайта хабарласады.
Алайда, мемлекеттік органдардың қызметкерлері мұндай мәселелерді телефон арқылы шешпейді. Ондайда жылдам жақын маңдағы бөлімшеге бару керек.
Сонымен қатар, интернет алаяқтар банк қызметкері болып қоңырау шалуы да мүмкін.
«Банктің қауіпсіздік қызметі» атынан қоңырау шалып, шотыңызда күмәнді операциялар жүргізіліп жатқанын айтады. Ақшаңызды «қорғау» үшін оларды резерв шотқа аударуды ұсынады және карта деректерін талап етеді. Бірақ, ешқашан SMS кодтар мен банк картасының мәліметтерін айтпау керек. Бұдан бөлек, интернеттегі жалған хабарландыруларға алданып қалудан сақтанған жөн.
Алаяқтар танымал платформаларда (Колёса, OLX, Instagram) төмен бағамен жалған тауар жарнамаларын жариялап, сізден алдын ала төлем жасауды сұрайды. Осы арқылы ақшаңызды оңай олжалайды.
Кейінгі кезде алаяқтар WhatsApp аккаунттарын бұзу арқылы ойлағанын жүзеге асыруда. Яғни, танысыңыздың WhatsApp аккаунтын бұзып, олардың атынан ақша сұрайды. Адамдар досы немесе туысы деп ойлап, алаяқтарға ақша аударады. Мұндай жағдайда әрқашан хабарласқан адамға жеке қоңырау шалып, ақпаратты нақтылап алу – міндет.
Сондықтан да, жеке деректер мен банк карталарының суреттерін бөгде адамдарға бермеу, онлайн саудада алдын ала төлем жасауға келіспеу, белгісіз шоттарға немесе әмияндарға ақша аудармау, тіпті, танысыңыз сұраса да, күмәнді шоттарға ақша жібермес бұрын жеке байланысқа шығу, алаяқтық белгілері байқалған сәтте бірден 102 нөміріне хабарласу – аса маңызды.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»