Жаңалықтар

Ағатайым (Бар ғұмырын дос жинауға арнаған адам)

Сурет Өмір Кәріпұлының жеке мұрағатынан

Кісінің танымалдығы – өзінің бойындағы тамаша қасиеттердің сыртқа көрінуі ғана. Жазушы Өмір Кәріпті бір көрген адам оның танымалдығы мен беделін бай­қамай қалуы мүмкін емес.

Үкілі Ыбырайдың «Аралап талай жердің дәмін таттым, құс салып айдын көлде дабыл қақтым» дегеніндей, осы ағам жас кезінде қандай болды екен деп ойлап қоямын. Бұл сауалыма жауапты «ау­ылдың Шолоховы» атанып жүрген Өмекеңнің шығармашылығымен таныс­қанда тапқандай болдым.

Әр сөйлемі шиыршық атып тұрмаса да, әр сөзінің ауқымы буырқанған теңіздей шексіз, түпсіз шыңыраудай терең, қорғасындай ауыр, аққудың қауырсынындай жеп-жеңіл!

Жазарын сюжетке жекпей-ақ, кейіпкерінің ойын іс-қимылымен айғақтайды. Жағымдысын да, жағымсызын да сол сәтте бағдарлай қоясың. Өзің білетін әлдекімдердің портретін көлкілдетіп көз алдыңа тосып отырады. Өмекеңнің хикаяттарының айғақтығына шүбә келтіре алмайсың. Ағатайдың санасымен қорытылған дүниені ағатайдың көзқарасымен бағдарлаймыз.

Соған қарап, ағаның соны идеялары бозарып атқан таң шапағатымен шомылып, күнмен бірге туады ғой деймін.

…Бірде ат басын арнайы келіп Ақадыр­дағы Өмір ағаның үйіне тірегенбіз. Оншақты жігітпіз. Өзімізше өңкей ығаймыз. Ішімізде ақылы кемтар ер-азамат жоқ. Ақын да, жазушы да, ғалым да, жорналшы да бәрі қасымызда.

Жып-жылы көңіл мен ыстық ықылас жайғасқан жерде тек жақсы әңгіме айтылады. Тез-ақ жайылған дастарқан басында талай оқиғаның тиегі бапталды. Асықпай сөйлеп, өзі туралы көп айта бермейтін Өмір аға, сонда соңғы кітабының шығу тарихын баян еткен. Бұл – жазушы ағайын кім көрінгенге айта бермейтін жағдаят. Демек, ағамыздың сәлем салуға келген мейман жігіттерді өзімсінгені, бауыр тартқаны.

Өмекеңді қашан көрсеңіз, сол сәтте шапан жамыласыз. Әдемі, бойыңызға құйып қойғандай оптимистің жібек шапанын. Онысын орнықты ойымен, ойнақы әзілімен шашбаулатып қоятыны тағы бар.

Физиологтардың айтуынша, адам өмірі үш бөліктен тұрады екен. Сәбилік, жасөспірімдік, ержеткендік пен қария­лық. Пәлсапашылардың пайымына сенсек, өмірде екі-ақ кезең болады. Ол – сананың пісуі мен жетілуі ғана.

Физиологтарша есептесек, 85-ті төртке бөліңіз. Сонда ағатайым әлі жігіттің кемелденген жиырма бесіне де жеткен жоқ! Пәлсапаласақ, қылшылдаған қырықтың жалынан ұстап тұрған кезі.

Аман болыңыз, ағатай!
Соңыңыздан ерген, сізден тарап жатқан жарық пен жылуға құмартып, жетіле түсуге қол созып жүрген інілеріңіз өзіңізді іздейді.

Бар болыңыз!
Жар болыңыз!

Нұрхан МЫҢБАЙ,
Халықаралық Журналистер академиясының академигі
АСТАНА

Басқа материалдар

Back to top button