Ағаш ек те, аманат ет
Адам баласы табиғатқа етене жақындап, оны аялауға көңіл бөлген сайын жұмысы жүріп, ісі алға басары анық. Өйткені, Табиғат-Ана өзіне мейірім көзімен қарағанға құшағын жайып, шапағатын төге түседі. Еккен ағашыңның көлеңкесін саялап немесе жемісін жеп, ел алғыс айтса, сауабы арғы дүниеге дейін жетіп тұрады екен. Табиғаттың төл перзенті екенін ұмытпай, аялауға белсене кіріскен Абай ауданының белсенді азаматтары мұны баяғыда-ақ ұққан.
Жуырда ауданды жасыл желекке бөлеп, ауасын тазартып, өмірдің бір сәтін өнегелі іске арнаған абайлықтар сенбілік ұйымдастырып, көгалдандыру жұмысын жандандырды. Алдымен шаһардың көркін бұзған қоқыстың көзін құртып, түрлі ағаш көшеттерін отырғызды. Экологиялық бастамаға аудан тұрғындары белсене атсалысты.
Атап айтсақ, ағаш отырғызу шарасы алдымен Абай қаласы орталығында ұйымдастырылып, ең көп шыбық Орталық саябаққа отырғызылды. Абай аудандық мәслихатының депутаты Юрий Родин және басқа да халық қалаулылары бірлесіп, жас көшеттерді екті.
– Бүгін біздің депутаттық корпус жеміс-жидек көшеттерін отырғызуды жөн санады. Атап айтсақ, алма, алмұрт, шие талдарын ектік. Бұл игі шара алдағы Ұлы Жеңіс күніне арналды. Алдағы уақытта жалғасын табады, – деді Юрий Иванович.
Сонымен қатар, көгалдандыру акциясына аудандағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері де белсене қатысты. Олар қала көшелеріне 40 қайың отырғызды.
– Ағаш отырғызу – жақсы үрдіс. Бүгінгі күні отырғызылған барлық көшет біздің балаларымызбен, қаламен, ауданмен бірге өсіп, жыл сайын әдемі, жасыл желекке айналады. Акцияның барлық қатысушысына үлкен алғыс айтамын. Бұл естелік әрі тарих болып есептеледі. Балаларымыз мұны ертеңгі күні мақтанышпен айтары анық, – дейді шешен-ингуш бірлестігінің өкілі Джанболат Джавтаев.
Іс-шараға жергілікті билік өкілдері мен ерікті жастар да өз азаматтық үлесін қосты. Олар қалалық әкімдіктің маңына қарағай көшеттерін екті. Тазалық акциясына аурухана қызметкерлері мен №14 орта мектеп ұжымы да бейжай қарамады. Олар өз кезегінде жұмыс орындарының аумағы мен тұрғын үй аумағының қоқыстарын жинады.
Жалпы, аумақты жинау және көгалдандыру бойынша облыстық акция аясында Абай ауданында 133 гектар жиналып, 650 ағаш көшеті мен 340 жеміс ағашы отырғызылды. Оның ішінде, Абай қаласында жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері аудандық жастар еріктілер қозғалысы жанашыр тұрғындармен бірлесе отырып, 300-ге жуық қарағай, 50 қайың, 150 терек көшеттерін отырғызды.
Сондай-ақ, аталған акция ауданның барлық ауылдық округі мен ауылдарында өткізілді. Оған 179 ұжымнан 3371 адам қатысты.
Осылайша, абайлық аға буын өкілдері аудан көлемінде ізгі ісімен жастарға үлгі көрсетіп, тал егіп, оны жастарға аманат етті. Жас буын өкілдері өз кезегінде жас көшеттерді баптап, күтетіндерін жеткізді.
Жәлел ШАЛҚАР.
АБАЙ ауданы.