Жаңалықтар

Қаһармандарға ескерткіш ашылды

Адамзат тарихында дүниені дүр сілкіндірген апатты жағдайлар дүркін-дүркін ұшырасып тұрады. Сондай, жаһанды жалт қаратқан қайғылы да қатерлі оқиға Кеңестер Одағының Чернобыль қаласында орын алып, атом станциясы жарылған болатын. Чернобыль апатының зардабы мен залалын қалпына келтіруге жергілікті халық қана емес, одақтас республикалардан мыңдаған адам, ат салысқан. Нәтижесінде қаншама адам сол атомның зиянды сәулесінен денсаулығынан айырылып, жапа шекті.

Күні кеше Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылының орталық саябағында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстан Республикасының Конститутциясы күніне орай радияциялық апаттың зардабын жоюға қатысқан азаматтарға арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті. Ескерткіш ашылуына арналған жиынға Қарағанды облысы «Чернобыльдің аса қауіпті аймақта болған мүгедектер ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы – Мейрамбек Кәрімұлы Баекенов сөз сөйлеп, Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін аудан басшыларына алғыс айтты. Сондай-ақ, іс-шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Кәрсембаев және ескерткіш тақтаның архитекторы И.Баграмов ескерткіштің маңызы туралы және Отан алдындағы борышын адал атқарған ардагерлерге ыстық ықылас лебіздерін білдірді. Жиналған жұрт апат құрбандарына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Осы іс-шараға келген құрметті қонақтар қатарында Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан ардагерлеріміз Ермек Ізбасарұлы Жұмабай, Танас Сағынайұлы Қанабековтер қатысты. Еске сала кетейік, Чернобыль атом электростанциясындағы ядролық апаттың орын алғанына биыл 35 жыл. Осылайша, адамзат тарихында техногендік жарылыс – Чернобыль атом-электр станциясының төртінші блогі жарылып, әлемдегі ең ірі апат ретінде тарих бетінде қара дақ болып қалды.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button